(мысал)
Сасық күзен мен құмырсқа орманда кездесіп қалды.
– Осы сені қанша көрсем де арқаңа бірдеңені іліп алып тасып жүресің, неге? -деп, сұрақты төтесінен құмырсқаға қойды.
– Сәке, ерігіп жүргенім жоқ, болашақтың қамы ғой, қазір баяғы заман емес. Еңбек етпесең, артта қалып қоясың.
– Ойбай, сонда немене, мені осы уақытқа дейін түк бітірмеді деп отырсыз ба? – деп, сасық күзен жағадан ала кетті. Жалқаулықтан денесінің майы бұлтың-бұлтың етеді.
– Ту, сізге мен олай дегенім жоқ, – деді құмырсқа.
– Мен кезінде жүгіріп жүріп ін де қаздым. Бір емес, бес ін. Қырманнан арқалап қап-қап дән де тасыдым. Ауыр-ауыр бөренелердің түбін кемірдім. Құлаттым. Құлаш-құлаш шөпті жинадым. Менің еңбегімді кім бағалап жатыр? – деп бұлқынады.
– Мысалы мен, өзім үшін еңбек еттім. Өткен өміріме өкінбеймін. Жүрісім жай болса да, ісім жылдам, – деп құмырсқа сабырлы күйде жауап берді.
– Сонда мені жайбасар, кербез дегіңіз келіп тұр ма? Мен де тастан-тасқа секірдім. Секіріп жүріп қаншама рет жығылдым. Жүгірдім. Бәрібір ешкім елер емес, – деп өзінен-өзі жынданып, көктіктен айналасын сасытып жіберді.
– Ой, Сәке, «өткен өмір – өшкен көмір» демекші, өтіп кеткен істі ешқашан міндет етпе, еңбек ешқашан ескерусіз қалмайды, – деп құмырсқа мұрнын басты. Сөйтіп жүріп сасық күзен бәрінен құр қалды.
Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН,
Ақтөбе қаласы
Фото: skazka.ru
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!