Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сәті түскен сұхбат

17.01.2024, 23:00 282

HALYQLINE.KZ

САТИРА

Күнделікті күйбің тірлікті жаза-жаза шаршадым. Газетке бір жаңалық әкелгім келді. Жауыр болған тақырыптардан қашып, орысша айтқанда «сенсация» жасадым. Қаладағы беделді адамдарды араға салып, орталық базарда жүрген республикамызға әйгілі ұры, белгілі баукеспе, қалтақағар Шипашбек Барымтаұлынан жалынып жүріп әрең дегенде сұхбат алдым.

– Шипашбек Барымтаұлы, «Сабақты ине сәтімен» дегендей өзіңізбен сұхбат алудың реті келіп отыр. Амансыз ба?…

– Аманмын, кейде жақсы, кейде жаманмын…

– Ақындығыңыз да бар екен…

– Ақынмын, бірақ ұрлыққа бір табан жақынмын.

– Шәке, сіз ұрлық жасауды қай кезіңізден бастадыңыз?

– Бала күнімнен бастадым. Негізі бұл қасиет маған қоғамнан дарыған. «Өз күніңді өзің көр» деген қиын жылдары осы кәсіпті қолға алдым. Өзім қарапайым отбасынан шыққан жанмын. Әкем ертеректе совхозда басқарма бастығы болған кісі. Адамға 1 процент талант береді, калған 99 процент еңбекпен келеді демей ме? Құдайға шүкір, ешкімнен кем емеспіз, жұрт қатарлы ұрлық жасап күн көріп жатырмыз.

– Дұрыс екен, өмірде болған ең қызықты оқиғаңызды еске түсіре аласыз ба?

– Қызық оқиға дейсің бе? Иә, бірде Ақтау қаласына бір жетіге ұрлыққа гострольдік сапармен барғанбыз. Халық деген базарда көп. Аншлаг. Адамдар танып, рақмет айтып суретке түсіп жатыр. Біреулері арнайы үйге келіп ұрлық жасап кет деп ұсыныс жасады. Шақыруда шақыру… Рақмет, қазекең ақ көңіл дарқан халық қой. Содан кешке қарай бір үйді тонауға бардым. Үйдің бәрін тінтіп, екі дорбамды затқа толтырып болып, бір шай ішіп тынығып алайын деп, жан-жағыма қарасам қабырғада ілулі тұрған суретке көзім түсіп кетті. Бір түрлі таныс бейне. Сүйтсем, менің тонап жүргенім Ақтауда тұратын туған ағам мен жеңгемнің үйі екен. Күліп мәз болып жатырмын. Осы оқиға есіме түссе күлкім келеді. Әйтеуір, Ақтау қаласынан құр қайтқанымыз жоқ, олжалы оралдым.

– Шипашбек Барымтаұлы, жалпы жол-қаражатыңызды кімдер көтереді?

– Ааа, менің жеке спонсорым және жеке стилистім бар… Және ұрлықта ұстазым да, стажым да бар. Ұстазыма көп-көп рақмет. Алғаш рет базарға жетектеп әкелген сол кісі. Басымды иемін. Болашақта еңбегін ақтаймын…

– Шәкіртіңіз бар ма?

– Шәкіртім өте көп. Күнбе-күн көбейіп жатыр. Олардың көбі – ауылдан келген жұмыссыз жүрген жастар. Арасынан аяқтары, саусақтары ұзын жігіттерді іріктеп алып қолымнан келгенше үйретіп жатырмын. Тума таланттары да бар.

– Шипашбек мырза, сіз қандай заттарды ұрлағанды ұнатасыз?

– Өзіме ыңғайлы, қалтаға сиятын заттар, мысалы, ұялы телефондар, ақша салатын әмияндар, алтын сақиналар, айта берсем көп-ақ. Жалпы, мен жансыз емес, жанды заттарды ұрлағанды ұнатамын.

– Жанды деп отырғаныңыз қой, сиырлар ма?

– Иә, иә дұрыс айтасыз, шынымды айтар болсам, қазір мал ұрлау біздер үшін қиындап кетті. Бұрын халық малдарын өріске емін-еркін жайып жіберетін еді. Қазір бақташы бағады, Ұрлау өте қиын… Бірақ, соған қарамастан қолымыздан келгенше өз міндетімізді адал атқарып жатырмыз.

– Шипашбек Барымтаұлы, ұрлық саласында еңбек еткеніңізге 25 жылдай болыпты. Сізде неге атақ жоқ?

– Мен негізі атаққұмар емеспін, бізге атақты халық береді. «Ұрлық бар жерде, тірлік бар» демекші, шүкірміз әйтеуір…

– Өзіңізді көре алмайтын жауларыңыз бар ма?

– Әрине бар, мысалы Ішкі істер басқармасы, яғни полиция, сот, прокуротура, жалпы заң органдары – ғасырлар бойы келе жатқан қас жауым. Олар менің ептілігімді, шапшаңдығымды көре алмайды. Күндейді. Қызғанады. Жүндейді. Май шам алып соңымызға түседі. Бізде демократия жоқ. Ұрлық жасауға мүмкіндік бермейді. Соңғы жылдары финполиция деген пайда болды. Тұрмысымыз қиындап бара жатыр…

– Түсінікті. Адам ұрлаған кездеріңіз болды ма?

– Жоқ мен негізі адам ұрламаймын, қыздар ұрлаймын. Яғни, қыз ұрлап қашамын. Ауылда барлық кұрдастарымды өзім үйлендірдім.

– Қызық екен?

– Әрине қызық, бірде құрдасыма көшеден қыз алып қаштық. Қызда үн жоқ. Үйге әкеліп орамал салып, бетін ашып жатқанда бір адам қуып келді. Жігіттің қолында құндақта бір бала және бірін-бірі жетектеген екі бала бар. Әуелі біз оны қуғыншы деп ойладық. Сүйтсек, ол біз алып қашқан қыздың күйеуі екен. Күйеуі айтады: «Әйелімді алып қашқанда жақсысыңдар, мына үш баласын неге тастап кеттіңдер?» деді. Біз бәріміз аң-таң болып қызға қарадық. Ол байғұс сөйлемейді. Тілі жоқ сақау екен…

– Шәке, осы кәсібіңе ризасың ба, әлде өкінген кездерің болды ма?

– Неге өкінуім керек? Қоғамда ұрлық жасап жүрген жалғыз мен емес. Жұрттың бәрі жасайды. Қолынан түк ұрлық жасау келмейтіндер де базарға шығып ұрлық жасап жүр. Мемлекеттің қаражатын қымқырып, бюджетті жымқырып жүргендердікі сонда ұрлық емес пе?… Мен бұл салаға келгеніме ешқандай өкінбеймін. Түйені түгімен жұтатын жемқор ағаларымыздың қасында біздікі түк те емес. Біз – шортан емес, майшабақпыз…

– Соңғы сауалым, болашақтағы жұмыс жоспарларыңыз туралы айтсаңыз…

– Болашақта Алматы қаласына кетсем деген ойым бар. Өйткені, Алматы – дамыған қала. Ақша көп. Қаражат тауып Ташкентте бейнеклип түсіремін. Раскрутка жасау керек.

Жақсы продюссерлер табылып жатса, шетелдерге шығу жоспарда бар. Бірақ, оны уақыт көрсетеді. Жалпы айтарым мен болашақта қарапайым халықты емес, халықты тонап жатқандарды қара жерге отырғызып кеткім келеді.

– Жарайды, өзіңізден сұхбат алуға уақыт бөлгеніңізге көп-көп рақмет, хош сау болыңыз.

Шипашбек сұхбатты бергеннен бойда, базардағы көп халықтың ішіне сіңіп жоқ болып кетті. О, тоба мына қызықты қара, баукеспе ұрыдан сұхбат алып нем бар еді. Шипашбек менің қалтамды тазартып кетіпті. Ептілігі сондай төсқалтамда жатқан ұялы телефон мен ақша салған әмияным жоқ. Қырсық қылғанда таңертең жалақы алып едім. «Ит иттігін істейді» деген рас екен-ау. Әй, өз обалым өзіме…

Сұхбат алған

Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН

Мәдениет қайраткері

Сурет  ашық дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: