Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ҚУҒЫНШЫЛАР

15.08.2024, 10:33 309

Бүгінгі сатира

«Әке–шешем үйлен дейді маған, үйленуге қызды қайдан табам?» деп әндетіп, шашымды сәндетіп, көшеде қыздар көрсем, «әл кетіп», бойдақстан елінде жүрген кезім ғой! Анау–мынау емес, денсаулық сақтау министрінің қызымен танысып, махаббат теңізінде бірге ағысып, жаңғақ көрсек, бірге шағысып, бақыттан басымыз айналып жүргенде, Айсұлуым: «Әй, мен білсем әке–шешем мені саған бермейді, құда болып, үйіңе де, келмейді, «жастар бақытты болсын!» деген сөзге ермейді» деді.
Содан, ауылдың қарапайым баласы болсам да, Айсұлуды алып қаштым. Ертеңіне «қуғыншылар келе жатыр! Аспанға қараңдар, аспанға!» деген дабыл түсті. Бәріміз аспанға қарадық. Сөйтсек, Айсұлудың айтысына қарағанда, бір ағасы қорғаныс министрінің орынбасары екен! Истребительмен қуып келіпті! Үйіміздің төбесіне жанай келіп, ақ парақтар шашып кетті. Оқып қарасақ, «қарындасым, өз еркіңмен келдің бе?» деген жазулар екен. Истребитель жақындай ұшып келгенде, екпінінен әкем ұшып кетіп, күйіс қайырып тұрған сиырды құшақтай алды. Қайнап тұрған самауыр құлап кетті, көршінің баласы терекке соғылып, жылап кетті. «Құдай қаласа, қорғаныс министрлігінде қызмет істеймін» деп қоямын ішімнен.
Бір кезде… Бір кезде, үйдің жанына құрастырылмалы жеңіл рельстер құрыла бастады. Жұмысшылар кетісімен, үйдің жанына «Астана–Шымкент» пойызы келіп тоқтады. Айсұлудың айтысына қарағанда, тағы бір ағасы Қазақстан темір жолы бастығы екен. Ағасы вагоннан түсіп, «Айсұлу, бұрынғы жігітіңді лақтырып кеттің бе, не?» деп сұрады. «Ия» деді әйелім. Артынша, әйелі шығып: «Үйретіп қойған ғой? Сай сайға, бай, байға құяды деген!» деп, жеңгесі жер тепкіледі. Терезеден сығалап тұрмын. «Жемқорлықтан былыққа батқан ҚТЖ–дан бір қызмет бұйырып тұр, құдай қаласа!» деймін ішімнен. Бір кезде, министрдің өзі қуып келді! Тік ұшақпен! Парашютпен түсті. Сол екен, халық жинала қалып, «министр мырза, біздің медицина қашан дамиды? Мамандар ауылға неге жіберілмейді? Дәрі–дәрмектер неге сонша қымбат?» деп, сұрақтың астына алды. Негізі, қыздың әкесі қуып келмейді ғой? Соны біліп, министр кешірім сұрап, кетіп қалды. Бір кезде, бір жеңгесі кемемен келді! Ауылда теңіз түгілі, арық жоқ! «Таза су» бағдарламасы тоқтап қалған! Кемеге арнайы доңғалақтар орнатқан екен, «Камазбен» сүйреп әкелді. Сөйтсек, жеңгесі Каспий флотында адмирал екен… Шешем жүр уайымдап, «Құдайым–ау, енді бұларға не жегізіп, не ішкіземіз? Бізді менсіне қоя ма?» дейді.
Бір кезде, бәрі кетіп қалды. Неге дейсіздер ме? Жәй, диванның үстінде шалқамнан түсіп, армандап жатырмын ғой. Немене, армандауға да, болмайды ма?

Мұхтар ШЕРІМ
(«Супер сүмелектер» романымнан үзінді)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: