Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Құтты болсын! (әзіл әңгіме)

12.10.2023, 10:20 307

Ұят болды-ау, ауданға әкім келгелі құтты болсын айтып кіріп шықпаған едім. Бүгін уақыт тауып әкімшілікке желпілдеп жетіп бардым.

Ерні дүрдиген хатшы қыз жолымды кесті.

– Ағай, баса-көктеп қайда барасыз?

– Әкімге кіремін, – дедім.

– Қандай әкім?

– Қарындас, бұл не сұрақ? Кәдімгі аудан әкімі Талтаңбай Салпаңбаев осы кабинетте отыра ма?

– Ол кісі басқа қызметке ауысып кетті.

– Осы жақында келмеп пе еді?

– Онда менің шаруам жоқ. Ертең жаңа әкім келеді. Соны күтіп отырмыз, – деді әлгі қыз. Өкініп қалдым.

Бір апта бұрын білім бөлімінің басшысы ауысты деп естіп едім. Ең болмаса соған «құтты болсын» айтып кіріп шығайын деген ниетпен тартып отырдым.

Қап, тағы кешігіп қалыппын. Ол ішкі саясатқа басшылықа кетіпті.

Тоқтай тұр, жақында мәдениет бөліміне досым Жәкетай бастық болғалы жүзін көрмеген едім. Бардым. Қырсық қылғанда Жәкең жұмыс орнын өзгертіп үлгеріпті. Енді ол аудандық полицияның бастығы дейді. Қуанып кеттім. Полиция департаментіне келіп тоқтадым. Досым жоқ. Іле-шала бұл жерден де қызметін ауыстырыпты.

Әзірге қайда отырғаны беймәлім. Қап-ай, қайда кіріп шықсам екен? Талдың көлеңкесіне барып жайғастым. Таныс жігіт кездесті.

– Не істеп отырсыз?

Жағдайымды баяндадым. Маған аудандық сотқа су жаңа төраға тағайындалғанын айтты. Сұрай келгенде сол баяғы әкімшілікте отырған танысым болып шықты. Аудандық сотқа аяңдап келемін. Ішімнен «құдай-ай, ауысып кетпесе екен» деп тілеп келе жатырмын. Тағы жолым болмады. Басшылар көзді ашып-жұмғанша ауысады. «Құтты болсын» деген бір ауыз сөзді айта алмай ақыры үйге қайттым. Үйдегілер естіп қатты күлді. Шешем теледидар қарап отыр еді. Айғайлап жіберді.

– Ауданға жаңа әкім келіпті, – деді.

Жақсы жаңалықты естіп көңілім көтеріліп қалды. Таңертең ерте елден бұрын кіріп шығамын деп шештім.

Таң атты. Бір кесе шайды асығыс ішіп үйден шықтым. Банктен телефон соқты. Несиемнің төлем уақыты өтіп кетіпті. Банкке бардым. Енді қозғала бергенде көлігімнің газы бітіп қалды. Бензин қымбат. Амал жоқ, газдың кезегіне тұрдым. Бес сағат дегенде әрең жеттім. Түс қайта аудан әкімшілігіне келдім. Кешегі хатшы қыз мені көріп күліп жіберді.

– Неге күлдіңіз?

– Құтты болсын айтуға келдіңіз бе?

– Иә.

– Әкім ауысып кетті.

– Ауысқаны қалай, кеше кешкілік тағайындалған жоқ па? – деп ашуландым.

– Түске дейін отырды. Қазір облысқа кетті.

– Тіфу, шаруа түгілі бір ауыз сөз айтуға үлгермейтін болдық қой.

– Ертең басқа басшы келеді, – деді хатшы.

– Иә, қойшы рақмет, – деп, қолымды бір сермеп ғимараттан шықтым.

Жолда келе жатып мектепке соқтым. Директорға орныңыз құтты болсын деп едім. Ішек-сілесі қатып күлді. Сөйтсем, отыз жыл бойы осы орында қозғалмай отыр екен.

Иә, несі бар әйтеуір жаман сөз айтқаным жоқ.

Айтпақшы, басшылыққа жаңадан келгендер болса, қызметтерің құтты болсын!..

Нұрлыбек  ЖҰБАТҚАН,

Ақтөбе  қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: