Бүгінгі сатира
Мұғалима болу арманым еді, табақтай дипломымды құшақтап, үкілі үмітімді «пышақтап», мектепке жұмысқа тұра алмай, беретін парам болмаған соң, мойнымды бұра алмай, жылай-жылай, орнымнан тұра алмай, қабағым – қар, көңілім – күз, тәбетім – тұз, арманым – құз болып жүргенде, әлеуметтік желі арқылы керемет жұмыс таптым!
Жасы отыздарға келген жігіт ағасы он екіде бір гүлі ашылмаған, әлі жастық желігі басылмаған мені жұмысқа алды! Қуанғанымнан құлап қала жаздадым, көңіл шіркін көтеріліп, алау оттай маздадым! Қызметім сол жігіттің үйінде. «Келін» деген – жұмыс. Жұмысқа аларда, менің құрметіме беташар жасады. Артымнан қуғыншылар келгенде, құрметпен күтіп алды. Рақат жұмыс! Мәселен, сіз бір мекемеге жұмысқа тұрсаңыз, артыңыздан қуғыншылар келсе, қуып шығады ғой! Келін болып жұмысқа тұрдым, мойнымды тазалыққа, тамақ істеуге, кір жууға бұрдым. Тегін тамақ, тегін киім. Мәссаған! Жұмысқа тұрған күннен бастап, жұмыс берушіммен бір төсекте жататын болдық! Ұялсам да… Жалғыз жатуға еркек басымен қорқады екен. Бірақ, ішіп келіп, ұратын жаман әдетті шығарды. Қызметкерін ұрғанды осыдан көрдім. Нағыз сыбайлас жемқорлық жайлаған бұл үйді! Шешесін де, әкесін де, інілерін де, қарындастарын да «Отбасы» мекемесіне жұмысқа қабылдай берген. Олар түк жұмыс істемейді де, шеттерінен арамтамақтар! Тағы да мен оларды «апа, ата, қайным» деп атауым керек екен. Көршілерден естіп білдім, менің жұмыс берушім Жарымбай бұған дейін жеті қызды «жұмысқа қабылдап, мінездері жараспағандықтан» жұмыстан статья бойынша шығарып салған. Онымен қоймай, олардың қолына бір-бір баладан жетектетіп жіберіпті. Қыздар, «жұмыстан» шыққым келіп тұр! Не айлығы жоқ, не шайлығы жоқ, не байлығы жоқ… Не істеймін а?
Мұхтар ШЕРІМ
Фото: anekdot.ru
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!