(Әзіл әңгіме)
– Ойбай-ай,ойбай-ай, біттім, шаршадым…
Күнделікті таусылмайтын күйбің тірлік туралы деп, ойлап отырсыз ба? Оған әбден үйрендік қой.
– Енді қайтемін, қалай күн көремін?
Жаңа жылдан кейін күшіне енетін айыппұлдарды жыр қылып жатыр екен деп тұрсыз ғой. Қателесесіз, адам үш күннен кейін көрге де үйренеді.
– Масқара, масқара…
Не болды екен деп, білгіңіз кеп бара ма?
– Мына көршім, иә құдайы көршім бұрын байып кетпей тұрғанда тым жақсы еді. Қазір мүлдем өзгеріп кетті. Сіз ойлағандай одан қарыз сұрап, бермей қалған жоқ. Біреудің алдына қол жайып барғым да келмейді. Өткенде әйелі елу жасқа толғанда дүркіретіп той жасады. Мейлі ғой, біреудің қуанышында нем бар? Бұрын тойға ән салдыруға Алматыдан әкесінің құнын сұрайтын әншілерді жалдап алдыратын еді. Қазір, «Құрметті қонағым болыңыз!» деп, жақын танысы болмаса да, атақты әртістерді шақыратын болыпты. Яғни, Пәленбай ше, Түгенбай деген халық әртісімен араласады деп, өз ортасында мақтаныш туғызу. Айтпақшы, әрбір қонақ бір миллион тұрады екен. Одан да қымбат меймандар бар. Тек, дастарқан басында отырып, ішіп-жеп кетсе болды. Шаңыраққа зор мәртебе. Атақты адамдар тойына келіп жатыр деген сыбысты естісе, жергілікті басшылар да сол жерге екі білегін сыбанып жетіп келеді. Бұдан той иесінің мерейі өседі-мыс…
Мұны айтып отырғаным, жақында біздің үйдегі қатын елуге толады. Ол енді кешегі көршінің тойынан асып түсу керек. Бүгін той туралы дастарқан басында шұғыл отырыс болды.
Тізімді көріп, шашым тікірейіп кетті. Басты қонағы болып Ресейдің Халық әртісі, тележүргізуші Леонид Якубович тұр. Әлгі «Поле чудес» бағдарламасын жүргізетін ше?
– Қатын, сенің басың жасай ма?
– Әрине.
– Леонид Якубович сенің не теңің? Бұл кісіні өңің түгілі түсіңде көрген жоқсың ғой.
– Мейлі, онда тұрған ештеңе жоқ. Билетін, жол қаражатын көтеріп, гонарарын берсек, тойда бірге болады. Жұрттың іші күйеді. Қандай мақтаныш. Бәрінен асып түсеміз.
– Леонидті кім деп таныстырасың?
– Сенің жақын досың деймін, – дейді қатын.
– Ол тегін келмейді ғой. Қаражатын қалай төлейміз?
– Кредит аламыз. Көршіден қай жерім кем!
– Ойбай-ау, олардың бизнесі бар, біз құсап үкіметтің айлығына қарап отырған жоқ, – десем де, бәрібір Якубовичті шақыратын болды.
Қасында тағы екі-үш ресейлік әртіс бар. Тағы бес жылға банкке қораға кірдік. Енді сол қонақтарды қалай күтем деп басым шыр айналып отыр.
Ойбай-ай, ойбай-ай…
Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН,
Ақтөбе қаласы
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!