Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қолшатыр

09.02.2026, 8:55 44

HALYQLINE.KZ

БҮГІНГІ  САТИРА

(«Ақылды ақымақтар» сатиралық романымнан үзінді)

Бүгін клан көсемінің құпия жиналысына «өз адамдары» түгел жиналды. Бетін туфли қорабымен жасырып отырған «ерекше фигура» сөйлеп отыр:

– Премьер-министр Құрақбаев пен досы министр Дарынға компромат жинаңдар.

– Компот дейсіз бе? — деп қалды облыс әкімі Жорғбекұлы жаңсақ естіп.

– Компромат! Олардың беделдерін белге дейін түсіру керек.

– Ақыры белге дейін түсіретін болсақ, өкшелеріне дейін түсіреміз! — деді Жорғабекұлы.

Оның сөзіне «ерекше фигура» сүйсініп қалды. Сосын жанында жатқан қолшатырларды бәріне таратып берді.

– Қолшатырды қайтеміз? — деп сұрады «Ым-жым» кеден бекетінің бастығы Тоймасбек Толғанбаев. Көзінде сұрау белгісі ілініп қалғандай, миында құмырсқа жүргендей.

– Қолшатырларыңды ашыңдар, — деді клан көсемі. Оның «өз адамдары» қолшатырларды ашып, төбелеріне көтерді.

– Қазір маған жаңбыр жауғандай су шашылады. Сол кезде не істейсіңдер? Менде қолшатыр жоқ. Бірақ мен биліктің жоғарғы сатысына көтерілгенде, қарап тұра бересіңдер ме?

– Сізді жаңбырдан қорғаймыз!

– Басыңыздан су өтпесін!

– Жалаңбас жүрсіз бе?

– Қолшатырыңызды жоғалтып алсаңыз, тауып береміз!

Клан көсемі шулағандардың аптығын басты:

– Мен мысалмен сөйлегенді жақсы көремін. Суық жаңбыр – бізге қарсы шенеуніктер. Сондықтан мені жаңбырдан қорғасаңдар, мен сендерге қолшатыр боламын.

– Менің қолшатырым!

– Біздің қолшатырымыз!

– Қолшатырымыз аман болсын!

– Сондықтан, — деді клан көсемі, – жаттығып алайық, көмекші, жаңбыр жаудыра ғой.

Бұрыштан шлангі сүйретіп кірген көмекшісі суды клан көсеміне қарай шашырата бастады. Сол екен, бірінші болып сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің бастығы Болдыбай Мақұлбаев жүгіріп келіп қолшатырын тосты. Оның шатырын жұлып алып, лақтырып жіберген Тоймасбек Толғанбаев өзінің қолшатырын тосты. Қысқасы, бес-алты шенеунік клан көсеміне таласып, өздерінің де үстілері малмаңдай су болды. Тіпті клан көсемі жығылып қалып, оны таптап кете жаздады. Бір кезде «мықты фигура» орындыққа отырды.

– Өте дұрыс, осылай бір-бірімізді қорғап жүрейік. Майлы, жайлы мекемелерді басқаратын болайық. Ал «бөтен адам» қолшатырмен кетіп бара жатса, не істейсіңдер? Мысалы, мен бөтен адам рөліне кірейін бе? — деген «мықты фигура» орнынан тұрып, қолшатыр көтеріп бара жатты. Сол кезде Жорғабекұлы жетіп келіп, оның қолындағы қолшатырды жұлып алды да, құйрығынан сабай жөнелді. Клан көсемінің ашуы келді:

– Не істеп жатырсыз?

– «Бөтен адамды» қорамызға кіргізбейік дегендей…

– Қораң құрысын! Оның қолшатырын байқатпай, жайлап қана алып қою керек. Ол білмей қалсын! Демек, «бөтен адам» қызметінен қалай кеткенін білмей қалады!

Сөйтті де, қайтадан қолшатыр көтеріп келе жатты. Тоймасбек Толғанбаев аяғын мысықша басып келіп:

– Кешіріңіз, бөтен адам, — деді.

– Не?

– Қолшатырыңызды ұстай тұрайын. Жаңбыр жауып тұрған жоқ қой… — деп клан көсемінің қолынан қолшатырын алып, жинады да, кенет ашып қалды. Шатыр сарт етіп клан көсемінің мұрнына тиді. Ол мұрнын сипалап:

– Үндемес Былқетпесұлы «өзміздің адам», оның кандитатурасын премьерлікке ұсынудың жоспарын жасаңдар, — деп сөзін аяқтады.

Ол кабинетінен шығып бара жатқанда «өз адамдары» қолшатырларын оның төбесіне кезек-кезек тосып бара жатты…

Мұхтар  ШЕРІМ

Фото: anepedia.mobi

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: