Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қанаты  қайырылған  құстар

09.02.2026, 9:10 55

HALYQLINE.KZ

(Сатиралық  мысал)

Орманда бірнеше аптадан бері тыным жоқ. Құстар әкімшілігі келесі жылдың азық-түлік жоспарын бекіте алмай, бастары әбден қатты. Біресе жиналыс, біресе комиссия, біресе «кеңейтілген кеңес». Ал, нәтиже – нөл.

Бүгін тағы үлкен жиын басталды.

— Құстарға ең қажеті – дән, онсыз өмір жоқ, — деді Көгершін мінбеге шығып.

— Өте дұрыс, бидай болса, тіпті керемет болар еді, — деп, Торғай қостады.

— Тары да артық етпейді, — деп Шымшық шиқ етті.

— Айтпағымыз азық-түлік бағдарламасын жыл сайын өзгерте бергеннен не ұтамыз? Бізге дәнді дақыл ғана қажет, — деп сөзін түйді Көгершін.

Жиналысты жүргізіп отырған Жапалақтың көзі жыпылық-жыпылық етті. Дауысы салмақты, бірақ ойы ауыр еді.

— Құрметті қауым, біздер құстар тұқымына жатсақ та, бәріміз дәнмен ғана тоқтығымызды баса алмаймыз.

Осы сәтте арт жақтан Қарға қарқ етті.

— Жәке, әдемі айттың! Жерден шұқып қашанғы дән тереміз? Бүгінде заманға сай өмір керек. Қызыл ет қажет! Сондықтан бюджеттен бөлінетін қаражаттың елу пайызы дәнге, елу пайызы етке жұмсалсын!

Залда гуіл басталды.

— Орманда етқоректі құстар санаулы ғана ғой. Екеуіңнен басқа етке құмар ешкім жоқ. Көпшілік дәнмен күнелтіп жүр, — деді Бұлбұл жұмсақ үнімен.

Жапалақ екі көзі бадырайып ойланып қалды.

— Олай болса орманның басқа тұрғындарынан да сауал сұрайық. Бәлкім, ортаға салар салмақты ақылдар бар шығар.

— Бізге өзгенің пікірі неге керек? — деп, Көгершін қоразданып сөйледі.

Ешкім құлақ аспады.

— Олардың заңы басқа, бюджеті бөлек емес пе? — деп шиқылдады Шымшық.

Бірақ, Құстар әкімшілігі оны тыңдамады. Демократиялық дәуірде өмір сүріп жатырмыз дегенді желеу етіп, жан-жақтан сауалнамалар жинай бастады.

Алғашқы болып Қасқыр өз ойын айтты.

— Негізі, құстардың азық-түлік бағдарламасына майлы қызыл етті молырақ қосуын толық қолдаймын. Көрші орманда арыстандар тұрады. Кейде қонаққа келеді. Ұят емес пе, Арыстанға табақпен дән ұсынып отыру? Мынау – ормандағы өзге аң-құстарды сыйламау! — деді ол тісін ырситып.

— Дұрыс айтасың, — деп басын изеді Түлкі. Құйрығын бұлғаңдатып:

— Қарға мен Жапалақты төрт аяғымды көтеріп қолдаймын. Құстар ет жеп үйрену керек. Ертең Арыстан ағамыз ашуланса, бәрімізге оңай тимейді. Қауырсынды ағайындар тыныш өмір сүргісі келсе, дәнді доғарып, етке көшкені абзал. Қазіргі заманның сұранысы да – осы.

Келесі болып Аю сөз алды.

— Менің ойымша, құстар бал жеп үйрену керек. Қашанғы шоқып дән жейді? Қазір заман өзгерді, аңдар түгілі қорадағы малдың өзі дамып жатыр, — деді ол балға малынған тырнағын жалап.

— Ал сәбіз ше? Неге сәбіз жемейді? Онда тұрған не бар? — деп Қоян орнынан секірді.

Жиналыс қыза түсті.

Күні бойы жерді тұмсығымен қопарып жүрген Жабайы қабан да шыдай алмады. Пікірге араласты.

— Жалпы, шындықты айтсам, мына құстардың шиқылдағаны жүйкеме тиеді. Япыр-ау, бұлар қасқыр сияқты ұлып, ит сияқты үріп, мен сияқты қорсылдауды неліктен үйренбейді?

Залда тағы да шу.

Ал, құстар болса бір-біріне қарап, балапандарының болашағын ойлап шырылдай ұшып жүр.

— Бізге дән керек, — дейді бірі.

— Бізге ет керек, — дейді екіншісі.

— Бізге тыныштық керек, — дейді үшіншісі…

Жиналыс әлі жалғасып жатыр.

Әзірге құстар бюджеті бекітілген жоқ. Пікірталас таусылар емес. Үдеп барады.

Қысқасы, құстардың бюджетін жыртқыштар бекітіп жатыр.

Нұрлыбек  ЖҰБАТҚАН,

Ақтөбе  қаласы

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: