Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қалалықтың қағытпасы

07.02.2021, 14:00 705

HALYQLINE.KZ

«Өліп  қалмаса»…

Бір досыма бірдеңе сұрағым келіп телефон шалғанмын. Телефон тұтқасын көтерген досым:

– Аманшылық па, не айтасың, мазам болмай тұр? – деді. Дауысы бір түрлі.

– Мазаң неге болмай тұр?

– Ой, ана трактор барысты үш рет басты, ана қасқа бір-ақ рет басын көтерді. Өліп қалмаса болар еді…

– Қай жақтағы трактор, қай жақтағы барыс. Есің дұрыс па?

– Ой, өзің де бір. Теледидарды ашып, «Казспортты» қарасайшы…

Телевизордың қаналын «Казспортқа» қойсам, Челябинскінің «Тракторы» Нұр-Сұлтанның «Барысын» 3:1 есеппен ұтып жатыр екен ғой.

Қоймалжың  болады  десейші…

Түскі астан кейін есіктің алдына шығып көшеде жүріп тамақ басатыным бар. Бүгін сондай шақта кешегі «Барыстың» жанкүйері досымды көрдім. Аллеямен кетіп бара жатыр екен, бұрылып қасыма келді. Әншейінде анадайдан қолын көтеріп, көңілді келе жатса оң қолын төсіне қойып күлімсіреп, басын иіп амандасудың ишарасын жасап кете беретін.

Қасыма келді. Қол алыстық.

– Осы сен теледидар көресің бе?… Жоқ, азаннан кешке дейін фейсбук шұқылап отырасың ба? – деді.

– Көремін ғой. Бірақ құлақ нашар еститін болғасын…, – деп жатыр едім, сөзімді бөліп:

– Мынаны көріп жүрсің ба? – деп қалтасынан ұялы телефонын алып, мына сөздер жазылған бетін көз алдыма тосты. Үлкен әріптермен ТӘЛІМ ТРЕНД, DAЛА ВАТTL, LIRT ҚАРЖЫ, LIVЕ… деген жазуларды көрсетіп, «осыларды байқап жүрсің бе?» – деді

– Көріп жүрмін ғой.Бұнымен не айтқың келіп тұр?

– Жоқ, бұрын қазақшаға бір-жар орысша қоссаң, тілді «қойыртпақ» қылдың дейтін. Қазір орысша былай қалып, арабша қосатын болдық. Иншалла, машаллах. Ағылшыншаң екі бастан.

Ал, теледидардағы мынандай сөздерден көзің сүрінеді. Жартысы қазақша, жартысы ағылшынша ма, латынша ма адам түсінбейді. Либе дегені орысша прямой эфир деген екен, қазақша тікелей көрсетілім десе, ағылшындардың алдында айыпты боламыз ба?

– Либе емес, ағылшынша лаиб деп жүр ғой балалар…

– Келісіп қалыпты, тікелей көрсетілім лайб болса, қазақша керемет, тамаша деудің орнына бұдан былай КАЙФ дейтін шығармыз, қайран қазақ тілім-ай, қойыртпақ былай тұрсын, қоймалжың бірдеңе болады десейші, – деді де, амандық жоқ, саулық жоқ қолын бір сілтеп кете барды.

– Ау, қайда кеттің, жайшылық па еді…

Есітпеді. Есітсе де есіткісі келмеді. Қайырылмады, жылдам басып ұзай берді…

Есекей  Құдайберген,

Қазалы  ауданы

Әйтеке  би  кенті

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: