Бүгінгі сатира
«Кісі қолынан адам өлсе, «Алланың ісі» деп қоя салатын, ит өлсе, кінәлінің бет терісін сыпырып, «соя» салатын халге жеттік! Бір ауылда сыныптастарының қолынан о дүниелік болған бозбаланың «өзі қылмысты» болып, ісі қаралып жатса, ал сол ауылда ит өліп еді, әкімнен бастап, бәрі састы. Өйткені, иттің иесі «кезінде, ауылды тасқын басқанда, көпшілікпен бірге капшық толы құм тасыған еді» деп байбалам салып, зар еңіреген еді. Сол екен, оны атқан ветеринария станциясының қызметкері тұтқындалып, ауыл, аудан әкімі, аудандық ішкі істер басқармасының бастығы, ауыл полициясы қосылып, иттің қожайыны үйіне келді.
– Итіңізге қатты қайғырып, көңіл айтамыз! – деді ауыл әкімі аудан әкімімен бірге қорсылдап.
– Патриот ит еді, – деп көз жасын сықты аудандық ішкі істер басқармасының бастығы күрсініп, – «иттер қаһарманы» деген медаль бергелі жүр едік…
– «Бойдақ» ит пе еді?
– Ия.
– Үйленбей, қыршын кетіпті ғой, қайран итіңіз! – деп мұрнын бір тартты ауыл полицейі.
– «Байға тимеген» ит болатын.
– А-а, қаншық па еді? Кешіріңіз. Дүниеге қаншама асыл тұқымды күшіктер әкелер еді, жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын! Басына ескерткіш қою үшін, аудан бюджетінен 600 мың теңге бөлінді. Суреті иттердің құрмет тақтасына ілінетін болды, – деді ауыл әкімі.
Содан, олар марқұм иттің тікелей «ата-анасы» болып табылатын иттерді іздеді. Көрші ауылда екен. Сол жерге барып, «патриот» итті дүниеге әкелген «ерлі-зайыпты» иттерге ауыл клубына жиналған көпшілік алдында құрмет көрсетіп, мойындарына қызыл лента ілінді. Аудандық мәслихаттың шешімімен, «Ауылдың құрметті иті» атағы берілді. Мейлі, берілсін, онсыз да, адамның иттеріне босқа беріліп жатыр емес пе? Ертең патриот иттің қырқы. Оған аудан бюджетінен екі жүз мың теңге бөлінбек. Қайран, ит өмір-ай, адамдар ит құрлы өмір сүре алмай келеді, ал…
Мұхтар ШЕРІМ,
Шымкент қаласы
Фото: sun9-37.userapi.com
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!