Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Онлайнның» әлегі

20.11.2020, 10:00 1440

HALYQLINE.KZ

– Әй, тұр! Сабағың басталып кетті!

Қалқанбек анасының дауысынан шошып оянды.

– М-ә-ә-ә-ссаған, сағат тоғыз болыпты ғой, неге оятпайсыңдар!?

– Бір сағат болды оятып жатқанымызға, не деген ұйқы, мә, ал әкеңнің телефонын, апайың қатыспады деп айтпасын деп бағана чатыңды ашып қойғам, мен жұмысқа кеттім.

Анасы асыға сөйлеп, дәлізге беттеді:

– Сабағыңа дұрыстап қатыс, апайларыңнан «жалып» келіп жатпасын тағы! Ана әкең көмектеседі ғой, жұмысы жоқ, не бітіреді?!

Көзін уқалай, орнынан тұрып, қолына телефонды алды. Ватсаптан «Қазақ әдебиеті» пәнінің тобын ашты: «Ал, балалар, тұрыңдар, сабағымызды бастаймыз.» Әдебиет апайдың дауысы. Әдеттегідей жұмсақ дауыс. Мұғалімдердің бәрі осы әдебиет апайындай болса ғой шіркін! «Түгелміз бе? Қане, белгі беріңдерші» «Саламатсыз ба?», «Саламатсыз» деген сөздер экран бетінде қаздай тізіле бастады. Қалқанбек те есінеп тұрып бір «саламатсызды» жібере салды. «Апай Ордабай мен Балықбек ватсапқа кірген жоқ әлі?». Балалар бір-бірін түгендеп жатқанда Қалқанбек беті-қолын шайып, сарымай жаққан бір тілім нанды аузына салып үлгерді. Бүгінгі болатын сабақтың кітаптарын түгендеді, қолы не істесе де, екі көзі телефонда. «Сонымен, балалар, бүгін «Аяз би» ертегісін бастаймыз, ертегіні өз беттеріңше оқығандарың бар ма?»…

Қалқанбектің әкесі – Торғынбек уақытша жұмыссыз. Елге вирус деген бәле келіп, көп жерде карантин жарияланған соң мекемелердегі көп қысқартудың ішінде бұл да кетті. «Кредитке алғызбаған өзің, телефоныңды бер енді балаңа, болса да көбіне үйдесің ғой, бала сабағын оқысын» деп Айсары айтқан соң, амалсыздан көнген. Күн көтерілгенше ауланы тазалап болып, үйге кіріп, теледидар алдына жайғасқаны сол еді, баласы кіріп келді.

– Папа, әдебиетті аяқтадық, математикадан тапсырманы түсінбей жатырмын, көмектесші.

– Ойпырмай, тұра тұршы, жатқанымды көре қаласыңдар-ау осы, кішкене дем алып алайын, сәлден кейін қараймын.

– О-о-ой папа, уақыт бітіп қалады қазір, жіберіп үлгермеймін!

– ТүҺ, енді өстесіңдер ғой, әкелші, қандай есеп өзі, бізде не ми қалды дейсің?

Әкесі де қосыла телефон экранына үңілді.

– Әй, мынаған «тошно» миым жетпейді менің, ұмытып қалдық бұндай есепті, біз білмесек те, сенің білуің керек емес пе, өтіп жатқан тапсырмаңды ұқпайтын қандай оқушысың!?

Торғынбек баласының өзіне дүрсе қоя берді.

Қалқанбек жыламсырап бөлмесіне қарай беттеді. Әкесі ізінде жүр.

– Математика апайыңа «лишкаға» шықсай, «апай мынаны түсінбедім», «мына жері қалай болады?» десең болды, өзі-ақ көмектеседі ғой, мұғалім емес пе.

– Жарайды, папа, иә сұрап жібердім.

– Папа!

– Тағы не болып қалды?

– Интернет ұстамай қалды, қап, тапсырманы жіберуім керек еді.

– Енді қайттік?

– Айтпақшы өткенде әжетхананың жанынан жақсы ұстаған, далаға шығайық, папа, телефонымды ұстап жүресің бе? Мен дәптерімді алып келейін.

Үйдің ауласындағы әжетхананың жанында кәрі талдың отыруға ыңғайлы бұтағы бар-тын. Торғынбек соған отырып алып телефонды жоғары көтерді. Бірер минут өткен соң, Қалқанбек тағатсыздана әкесіне қарап:

– Ұстады ма?- деді.

– Әй жоқ әлі, көтере-көтере қолым талды.

– Өткен жолғыдай үйдің төбесіне шығамыз ба, саты орнында ма еді?

Әкелі-балалы екеуі талдан түсіп енді сатымен төбеге қарай өрмеледі. Бірінің қолында – дәптер мен қалам, бірінің қолында – телефон. Интернет те ұстады-ау әйтеуір. Бүйтіп ұстағаны құрсын чаттың іші түрлі гүрілдеген, ызыңдаған, айғайлаған дыбысқа толып кетіпті. «Ооо, хабарламалар жиналып қалыпты ғой». Әкесі енді қолына тікелей телефонды өзі алды. Алдымен сынып жетекшінің аудиодыбысын ашты. «Қалқанбек, қайдасың, сен қатыспай отыр дейді ғой сабаққа, телефонмен жауап жіберу қиын ба!» Тұла бойы тітіркеніп кетті. Шаңқылдаған дауыс құлаққа түрпідей естіледі екен. Әкесі жазып отыр «Апай, интернет ұстамай қалды, кешіріңіз» Тағы басқа балаларға ұрысқан. Олардың жауаптары: «апай бздеде интрнет слаби»,«Апай бзде свет сунп калды.», «апай кеширнз кешгп калдм», «Барларың қол көтеріңдер қане!.», енді экран бетін қара, сары алақандар басып қалды. «Үнемі өстесіңдер, сылтауларың бітпейді сендердің. Жарты сағаттан соң «зуммен» тәрбие сағатын өткіземін, дайын болыңдар!» Торғынбекке де амалсыздан үйдің шатырында жарты сағатты күтуге тура келді. Сатымен өрмелеп бір түсіп бір мінетін баяғы денсаулық қайда?

Құрғыр жарты сағаты да өтіп болмады. Қарап отырып қалың ойға шомды. «Онлайн оқуы бар болсын бүйткен. Бір жақтан баланың, екінші жақтан шиеттей бала-шағаның тамағын қалай табамын деп онсыз да зар қағып жүрген әке-шешенің миын ашытып. Олар алатын айлықтың біз жартысын да алмаймыз. Сөйтіп алып дайын болыңдар деп қояды тағы. Өздерінде жетіп тұрғасын, біз сияқты қара халықтың жағдайын не қылсын?! Бұларға бәрібір ертең білген бағаларын қояды да өте шығады. Сонымен план бітті. Ал балалардың біреуінде телефон тапшы, енді бірінде интернет жоқ. Ол ойландырсын ба бұларды, ой күйдіргілер-ай!». Іштегі жанайқайымен арпалысып отырғанда Қалқанбекті ұмытып кетті.

– Әй сен не үндемей қалдың, оқуың осымен бітті ме?

Баласының көзі де бір нүктеге қадала қалыпты. Өз жанарымен сол нүктені бағыттай қойды. Жолдың шетінде бір топ бала ұлан-асыр футбол ойнап жатыр екен.

– Е-е-е, не боп қалды десем, ойынға аңсарың ауып кеткен екен ғой, қандай сабағың қалды өзі?

– «Дышы» мен «еңбек» .

– Өй, жетіскен екенсіңдер! Бәрі болып енді «дышы» қалды ма? Басқа сабақтарын оңдырып алсын алдымен. бар футболыңа бара бер қалған өзім тастай қатырам.

Әкесінен мұндайды күтпеген Қалқанбек қуана айғайлап жіберді:

– Рас па, әке!

– Бара ғой енді. Тәрбие сағатыңа өзім қатысамын .

Шатыр үстін салдыр-күлдір етіп бала сатымен төменге жорғалай жөнелді. – Абайла, бір жерің майып болмасын» дегенше бала көзден таса болды. Тәрбие сағатының уақыты да келді. Сынып жетекші жіберген сілтемені тауып алды алдымен. Сілтеменің үстін басып еді, ар жағынан уылжыған жап-жас қыздың бейнесі көрінді. Апыр-ай, мынау сол бағанағы дауыстың иесі ме?

– Қанша бала отырсыңдар, қалғандарың қайда? Әй, Гүлдей! Неге дауысыңды басып тастағансың қоссай звугыңды. Астында тұр ғой «включить» деген. Ордабай, аш видеоңды көрінбей тұрсың!

Экран беті шым-шытырық.

– Апай қатып қалдыңыз, түу ватсаппен чатта өте берейікші, мынау не боп кетті.

– Кішкене шыдаңдар енді мен скриншоттап алайын.

Мұғалима бір сәт экран бетінде үнсіз қалды. Торғынбекті енді таныды.

– А-а-а, Қалқанбектің папасысыз ба, қалай жағдайыңыз? – деп дауысын жұмсарта сөйледі.

– Аманбыз, қарағым.

– Қалқанбектің өзі қайда?

– Еее, Қалқанбек қайда кетсін, қасындамын үнемі. Алдымен өзім «зумда» отырып көрейін дегем ғой. Жағдай осы қарындасым-ау там төбеде отырмыз.

– Ойбуу, түсінемін аға! Кішкене шыдаңыздаршы енді, уақытша бәрі. Бізге де оңай емес, қанша баламен жұмыс істеген, – деп ол да қиыла сөйледі. Торғынбек ойындағысын енді айтайын деп аузын аша бастағаны сол, телефонның қуаты азайып, өшті де қалды. «Қап, Құдай-ай енді қайттім?!» деп орныннан көтеріле бергенде жылтыр табанды тәбішкесі ие бермей аяғы тайып төбеден зырғанап кетті. Қолындағы жалғыз телефон анадай жерге ұшып түсіп, быт-шыты шықты. «Бітті, өлген жерім осы болды!» Көзін тас қылып жұмып алды. Абырой болғанда, үйдің артында жиналып тұрған бір топ пішеннің үстіне құлады. «Ооо, құдіреті күшті Құдай, бар екенсің-ау…» – деді ішінен, көзін ашып жатып.

– Ойбай-ойбай, құрыдық!

Мына жан дәрмен күйін көріп қалып, аптыға жүгіріп келе жатқан сары бәйбішесі екен.

– Қорықпа, кемпір, бір өлімнен аман қалдым…

Айсары түрі қашқан күйі іргеге сүйеніп отыра қалды.

Ертесіне Торғынбек құжатын қалтасына салып, несиеге жаңа телефон алуға «SULPAK» дүкеніне жолға шықты.

Ләззат ЕСМАМБЕТОВА,

Қармақшы ауданы,

Ақай ауылы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: