Бүгінгі сатира
«Тайфун» дауылы тұрды ма, Құдай қос қолдап ұрды ма, шайтан әйелінің шашын жұлды ма, әйтеуір, шай үстінде Жантақгүл ашуына мінді.
– Әй, Тыжбан, неғылдың ба? – деп сұрады күйеуінен.
– Немене, неғылдың ба?
– Неғыламын деп едің ғой?
– Ия, облыс мәслихаты сайлауына неғылдым ғой.
– Сорлы, сайлауға неғылғанша, неғылмайсың ба?
– Құдай қаласа, неғылам ғой, – деді ол.
– Үкімет неғылмай жатқанда, сен неғыламын деп ойлайсың ба?
– Не ғой, өзің кеше неғылдың ба?
– Неменее неғылдың ба? – деп сұрады әйелі.
– Неғылайын баа деп сұрап едің ғой?
– Шешеме неғыламын ба, неғылмаймын ба, жұмысың болмасын. Өзің өткенде неғыламын деп едің, әлі неғылмай жүрсің, сүмелек десе.
– Сүмелек деме, неғылып жіберем қазір!
– Неғыласың, а? Неғылшы, а? Сенің қолыңнан не келеді? Мен ғой сені неғылып жүрген. Баламыздың мектеп бітіргеніне бес жыл, әлі неғылмай жүр. Соны неғылсаң болады ғой?
– Депутат болып кетсем, неғылам ғой. Айтпақшы, неғылдың ба?
– Ойбаай, немене неғылдың ба?
– Не ше, неғыламын деп едің?
– Немене неғыламын деп едім?
– Ой, неғылмайтының бар, неғыламын деп нең бар еді?
– Құрып кетші ары, оны неғыламын? Неғылып жүргенде, неғылып кетсем ше? Сен неғыласың ба? Саған сенуден қалдым. «Ойбай, неғыламын, сөзсіз неғыламын!» – дедің, әлі неғылған жоқсың.
– Өй, неғыла бермеші! Айттым ғой, неғыламын деп. Оны неғыламын?
Осы кезде баласы көрініп еді, шешесі:
– Әй, неғылдың ба? – деп сұрады.
– Немене, неғыламын?
– Кеше неғыламын деп едің ғой? Осылай жүре бересің бе? Неғылмайсың ба?
– Неғыламын?
– Бәле, неғыламын! Әкесіне тартқан сүмелек десе! «Неғыламын» дейді ғой. Неғыл!
– Ой, мам, неғыламын? Түсінбей тұрмын, неғыламын? – деген баласы бұртиып, сыртқа шығып кетті.
Күйеуі де:
– Жарайды, неғыламын…, – деп орнынан тұрды.
Әйелі:
– Ойбуу, бұларды неғыламын, а? Неғыламын.? – деп бетін шымшыды.
Баласы темекі тартып тұр:
– «Неғыламын, а? Неғыламын?».
Мұхтар ШЕРІМ
Карикатура ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!