Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Неге лайк баспайсың?

03.02.2026, 8:25 122

HALYQLINE.KZ

БҮГІНГІ  САТИРА

Халық тойсын, аш болмасын министрі болғаныма бір ай жақындап қалды. Кабинетіме аппаратымды, кеңесшілерімді, комплаенс-бақылау қызметіндегілерді жинап алдым. Кеше фейсбукке фейкпен (лақап атыммен жарияладым, министр екенімді білген жұрт не ойлайды?) «Мен ғой» деген аты-жөніммен бір өлең салдым. Министр болғалы ішім пысып кетті, өйткені өз саламды онша білмеймін. Бүгінде ақын көп қой, солардың бірі, бірегейімін деп ойлаймын өзімді. (Ақындар сіздерге қатысты әңгіме айтқалы отырған жоқпын, тікелей қабылдамаңыздар) Қарамағымдағылардың бірі де лайк баспаған ғой! Есесіне төрт келіншек жалаңаш отырып, қарта ойнаған суретке мыңдаған лайк басылыпты! Демек қарамағымдағылар министр болғанымды жақтырмайды екен!

– Сіздер бір мезгіл әлеуметтік желідегі өлеңімді оқып, неге лайк баспағансыздар? — дедім зілденіп.

Бәрі ине жұтып қойғандай тым-тырыс. «Қандай өлең? Министр депутаттар алдында оқитын есеп жазбай ма? Өлеңі несі?» деп ойланып отырғандарын сездім.

– Сізді фейсбуктан байқамадым, — деді баспасөз хатшысы.

– «Мен ғой» деген мен. Өлеңім «Министр» деп аталады. Жатқа айтайын. «Министр деген атым бар, айтуға менің қақым бар, мен де өлең жазамын, атам десеңдер атыңдар! Министр деген атым бар, алпысқа келген жасым бар, егер лайк баспасаңдар, бәрің арам қатыңдар!».

– Мен осы өлеңге жүрек стикерін жібердім, — деді Мемлекеттік сатып алу бөлімінің қызметкері Әтира Әлпейісқызы, – өлең авторы сіз екенсіз ғой!

– Басқаларың неге жүрек жібермейсіздер? Жүректеріңіз жүн-жұрқа болып кеткен бе? Лайк бассаңыздар лайқа басқандай боласыздар ма? Пікір жазсаңыздар саусақтарыңыз иір-иір болып кете ме?

– Халықты тойындыру мәселесімен қол тимей жатыр, — деді Мониторинг және бағалау бөлімінің басшысы.

Оны сол күні орнынан алып тастадым. «Баспадың маған лайк, осы саған лайық!» деп өлең де шығардым. Сол күні интернетті ашып қалсам, ойхой шіркін, Абай Құнанбаевтан кейінгі ақын екенмін! Бүкіл министрлік (мың адам!) маған лайк басыпты! Лүпілдеген жүректер, бас бармағы шошайған қолдар қаншама! Тіпті бірі: «сізге Нобель сыйлығы лайық!» депті. Әрине лайық! Міне, керемет лайк!

Мұхтар  ШЕРІМ

Фото: anekdot.ru

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: