Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

НАТО галстугі

03.09.2025, 10:25 171

HALYQLINE.KZ

Қазақстан  сатиригі

(«Ақылды ақымақтар» сатиралық романымнан үзінді)

Үкіметте аударылып, төңкерілу орын алды. 2034 жылы үкіметті уақытша басқарған есалаң Жүндібаевты президент қабылдап, «сіздің арқаңызда біраз есалаңнан тазардық, сіз реформаторсыз. Бірақ «жынды» деген статусыңыз болғандықтан, сізбен жылы қабақпен қоштасамын! — деді.

– Өзімнің де кеткім келіп жүр еді, ауылымды сағындым! — деді Жүндібаев тілін қасып.

– Тіліңізді неге қаси бердіңіз?

– Тілім қышып барады…

– Айта беріңіз.

– Жан-жағыңызда жағымпаздар, пайдакүнемдер, ұлтты ұлықтамайтындар отыр. Солардан сақ болыңыз! — деген жынды Жүндібаев президенттің бетінен бір шымшып қойып, асығыс кетіп қалды.

Президент оның орнына Жансерік Құрақбаевты тағайындады. Кландағы беделді ауыз жыбырлап айтқандай, ол қара қазанға жағымпаздарды, тым ресейшілдерді, жемқорлар мен парақорларды қайната бастағандай… Бірінің басы күйді, бірінің шашы сарғайды, бірінің ауызы қисайып қалды. Ешкімді аямады. Билікке жастар келе бастады. Элиталы шал-шауқандарға арналған саябақ ашылып, олар сонда бидай көже ішіп, шахмат ойнап отыратын еді… Әкімдердің өтірік есептері тыңдалмайтын жағдайға жетті. Тіпті бір министр «енді не істеуге болады?» деп Тибет монархтарына хат жазыпты, «шындықпен өмір сүруді үйретіңіздерші!» депті.

Құрақбаев қалай 2034 жылы премьер-министр креслосына қонжиды, Байназар арада ай өтпей жатып болашақ күйеубаласы тұрып жатқан резиденциясына жетіп келді. Өткен жылы өкпесін айтып, «жұрт сені министрліктен кетеді деп жүр. Қыз ұзату тойы болмайды» деп кесіп айтқан, ұялмастан шалбарын шешіп айтқан. Байназар бұл жолы бәрін беліне қыстырып қойып, қышқырып келді. Келе салып, пакетінен су жаңа туфли шығарды.

– Тағы туфли сыйламақпын, Жаке! Премьер болуыңмен! Ойбай-ау, жұрт айта береді екен, соған сеніп қалсам… Өшіп емес, өсіп кеткенің керемет болды!

– Рахмет, туфли кимеймін, — деді Жансерік.

– Ойбай-ау, неге?

– Қызметке жалаң аяқ барып жүрмін…

– Ой, айтады екенсің. Жақтырмай тұрсың ба мені? Гаухар қызым тұрғанда болашақ қайын атаңнан құтыла алмайсың, — деген ол сүйкімсіз жымиды, – дәл осындай туфлиді Американың бұрынғы президенті Рейган киген екен. Одан Обама сұрап алып, Обамадан Байден жалынып алып, Байденнен кейін 2025 жылы Трамп киіпті. Керек десең Ұлыбритания премьер-министрлері Стэнли Болудиннен Борис Джонсонға өткен екен. Сенің де президент болып кетуің осы туфлиге байланысты болуы мүмкін ғой.

– Президент болу мақсатым емес. Тақталас ойынында жоқпын, — деді Жансерік оған кофе ұсына беріп.

– Мейлі! Туфли аздық етпейді. Сен кимесең, немерем киеді. Ал енді мынау бар ғой, мына галстугты 2022 жылы Украина президенті Зеленский тағып жүр екен. Галстугке ұзынынан «НАТО» деп жазылған. Сол жылы Ресей президенті Путин тартып алып, «НАТО» сөзін түкіріктеп өшіріп, өзі тағып жүрген дейді. Әзербайжан президентінің де галстугіне қызығып жүрген көрінеді… Сол галстугтың көшірмелері бүгінде брендке айналды. Тағып көрші. Саған жарасады.

– Бірдеңе айта алмай отырған секілдісіз.

– А, ия, Жәкетай-ай, болашақ қайынатаң болған соң келемін ғой.

(Жалғасы «Ақылды ақымақтар» сатиралық романымда).

Мұхтар  ШЕРІМ

Фото: anekdot.ru

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: