Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мұхтар Шерім: «Супер сақал»

13.03.2023, 9:40 785

Бүгінгі сатира

Қырық өтірікті оқығансыз ғой? Қырық өтірік… Өтірік айтсам, өліп кетейін, бір күні келінім жақтырмай, үйімнен қуып шықты. Жалғыз ұлымның ұнжырғасы ұнтақ болып, үндемеді. Содан, қайыршылық өмірім басталды. Бірде, қайыршылармен ұйықтап жатқанымда, біреу мені бас салды. Сергей деген қайыршы досым:

– У тебя весна! – дейді. Сынық айнасын берді. Бетіме қарасам… Өтірік айтсам, өліп кетейін, сақалым гүлдей бастапты! Түймедақ гүліне ұқсайды ма деймін? Ертеңіне таңертең біреу сақалымды жұлмалап жатыр! Айнаға қарасам, екі жүз теңгеліктер салбырап тұр! Сақалым жеміс беріпті!

Қуанғаным–ай! Қуанғаным құрысын, қайыршылар сақалыма жармасып, тиындарды жұлып алып жатты. Үзіп алса мейлі ғой, қылымен жұлып алады. Үш күннен кейін сақалым тағы гүлдеді. Төртінші күні тағы да, теңгелер! Қуанып кеттім. Дүкенге кіріп, темекі аламын, нан аламын… Дүкенші таң қалып, сақалымнан тиынды үзіп ала қояды. Сол екен, газет дейсің бе, телеарналар, блогерлер дейсің бе, мені қоршап алып, сұхбат ала бастады. Жәй кете салса мейлі ғой, теңгелерімді жұлып алып кетеді. Біреу жүніңді жұлып жатса, жақсы ма, ауырып кетеді екен. Көшеде келе жатсам, жұрттан қорқып кетемін. Әне, бір әйел ырсылдап жүгіріп келеді. Тұра қаштым. Бір жерге келгенде, бұрышқа тақап алып, тиындарымды жұлып алды. «Балаларым аш еді, нанға ақша таппай отырмын!» – дейді.

«Саған тиіп алсам, бола ма?» – деп сұрап қояды. Сақалым үш күн сайын гүлдейтін болды. Бір күні полиция келді.

– Сіз алаяқсыз ба? Сақалыңызға жалған тиындар жапсырып алғансыз ба? – деп сұрады.

– Жоқ, супер сақал…

– Бөлімшеге жүріңіз! – деді. Сонда апарып, сақалымды жұлмалап жұлып, қызыл иек етті. Оңбағандар! Тағы бір күні сот келді. «Соттаймын» – деп. Ол да сақалымды жұлмалап… Прокурор да… Бәрі ақшаны жақсы көреді екен! Келінім іздеп келді. «Ата, кешіріңіз, үйге жүріңз! Сізге ет асып қойдым» – деп.

Тиындарымды апта бойы жұлып алып отырды. Сұрамайды да. Бір жағы рахат. Автобусқа мінсем, шопыр балаға иегімді тоса қоямын. Ол жұлып ала қояды. Содан, бір миллионер келді.

«Ата, сақалыңыздың көшетін алуға бола ма?» – деп сұрады. Он-ақ мың теңге берді. Бірақ, иегіне желімдеген қылы гүлдемеді. Көктемнің аяғына қарай, сақалым ерекше гүлдеді де, ертеңіне банан өсіп шыға келді. Иегімде төрт-бес банан салбырап жүреді. Жұрттың бәрі күледі. Әсіресе, немерелерім мәз. «Ата, банан жеймін!» – деп қыңқылдайды. Банан келініме ұнамады. Үйімнен қуып шыққаны. Оған ақша керек екен. Қайтадан қайыршы достарыма келдім. Бәріміз банан жеп отырмыз. Сізге де біреуін жұлып берейін, банан жейсіз бе? Е–е, өмір-ай, десеңізші!

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: