Қалада бір ерекше орталық ашылыпты. Яғни, адамның мінез-құлқын анықтап, жазып береді екен. Қазір кімде оңған мінез бар дейсің? Сөз көтермейді, қаны бетіне шабады. Жұмыр жұдырығын ала жүгіреді.
Жаңалық естісек, кезекке тұра қалатын санаға сіңген әдетіміз ғой.
Орталыққа барсам, адам едәуір жиналып қалыпты. Ауылда тұратын Көлқамыс дейтін жеңгем бар еді, ол да еңгерзедей болып кезек күтіп тұр. Оның мінезін орталыққа келмей-ақ мен айтып бере аламын. Ағамыздың шашын ағартқан – осы кісі. Таңертеңнен үй жағалап шай ішіп, өсек айтқаннан басқа шаруасы жоқ. Үйіне түнеп шығуға ғана келеді.
– Келесі кім? – деді орталықта жасайтын жас қыз.
– Мен, -деп, Көлқамыс жеңгем алдына жетіп барды.
Әлгі қыз бір затты басына кигізді де, тетікті басып қалды. Жеңгем селк ете қалды. Компьютерден қағаз басылып шыға бастады.
– Сіздің мінезіңіз «ешкі мінезді» екен деп теріліп шықты.
Жеңгем қызарып кетті. Ол ойлаған болу керек «батыр мінезді» деп. Қабағы түсіп, ерні салбырап кетті. Қағазды бір бүктеді де, орталықтан тайып тұрды.
Келесі болып ауданның беткеұстар ақыны келді. Бұл енді өлеңді жазғанда қатырады. «Елім, Отаным, Жерім» дейді. Әйтеуір, жазғандары газет бетінен түспейді.
– Аты-жөніңіз кім аға? – деді жаңағы қыз.
– Айтқышбек Жазғышбеков.
– Кәсібіңіз?
– Ақынмын…
– Жарайды, мынаны басыңызға киіңіз де, қозғалмаңыз.
Компьютер көпке дейін үнсіз қалды. Ақындардың мінезін анықтау қиын-ау деймін, озық техника да ұзақ ойланды. Ақыры қағазды басып шығара бастады.
– Сіздің мінезіңіз «қорқақ қоян» деп қойып қалды.
Арқалы ақынымыз шошып кетті.
– Бұл қалай? Дұрыс емес, менің мінезімді батыр, арыстан жүрек деп жазу керек. Мен халқым үшін туған жанмын, – деп, орталықтың ішін у-шу қылды.
– Әй, шырағым, – деді бір қария, – сен неге соншама шатақ шығарып тұрсың?
– Енді, әжей, бұл әділдік емес қой
– Әділдікті техникадан емес, биліктен сұра, – деді.
Орталық үнсіз қалды.
– Менің намысым бар, – деп, Айтқышбек те қояр емес.
– Немене, бізде намыс жоқ деп кім айтты? Сенен бұрын бұл орталыққа бірінші мен келгем, маған «түлкі мінезсің» деп, жазып берді. Бұл – техника. Кімге өкпелейсің?..
Айтқышбек бірдеңе түсінген болу керек, мінез туралы анықтамасын алып, шығып кетті. Бір кезде ербеңдеп аудан әкімі Талтаңбай да келе қалды. Ол кезекке де қараған жоқ.
– Сәлеметсіз бе қарындас, асығыс едім, менің мінезім туралы анықтама бере қойыңызшы, – деп, әкім сызыла қалды.
– Аты-жөніңіз кім болады? – деді әлгі қыз.
Аудан әкімінің беті шымырлап кетті. Қаршадай қыз ел ағасын танымай тұр. Бұдан өткен қорлық бар ма?
– Талтаңбай Салпаңбаев деген аудан әкімі мен боламын, – деп қаттырақ қойып қалды.
– Жақсы, хош келіпсіз, қазір шамалы күтіңіз.
Компьютер көп күттірмеді. Зыр еткізіп анықтаманы шығарып берді
– Сіздің мінезіңіз «комбайн» сияқты депті техника.
Талтаңбай ойланып қалды. Түкке түсінбей қалды. Қағазды көзілдірігімен қайта-қайта қарады.
– Сонда қалай? Комбайн, мен тірі жан емеспін ба, қызық екен, – деді таңырқап. Ол ештеңе деместен артына қарамай зытып кетті. Бір әйел сол арада комбайнның шешуін айтты.
– Комбайн дегені, ауданның бар қаражатын, мал-мүлкін жұта береді, жұта береді дегені ғой, – деді.
Кейбірулер оның сөзін дұрыс десе, кейбіреулер жоққа шығарып жатыр. Кезек маған келді. Бірінші айып болмаса өзім туралы айтайыншы. Мен бір мекемеде директормын. Мекеменің басым бөлігі – жасы келген зейнеткерлер. Оларды жұмыстан шығару керек деп бұйрық шығарамын. Ертеңіне жоғарыдан біреулер қоңырау шалады да, бұйрығым өзгеріп, құйрығым қызарып кетеді. Мекемеге бірдеңе сатып алайын десем, жалтақ-жалтақ етіп әркімнен сұрай беремін. Қызметкерлерімнің еңбекақыларына үстеме ақы қосамын деймін де, кейін орындай алмай қаламын. Өтірік уәдені жиналыс сайын үйіп төгемін. Қазақша білсем де, орысша ойланамын. Үйде бәрі толып тұрса да кедейлене беремін. Ай сайын әр банктен несие алғанды қатты ұнатамын. Ағайын-туыс, жора-жолдастың бәріне қарызбын.
Сонымен не керек, басыма әлгі қорапты кигізді. Компьютер ызыңдап тұр. Менің жүрегім қобалжып кетті. Бір кезде де қағаз да басылып шықты. Қағазға тостағандай етіп, сенің мінезің «Қазақстан сияқты» депті. Мен қуанып кеттім.
– Бұл керемет қой. Мен өз елімді шын сүйемін. Патриотпын, – деп, айғайлап жібердім. Бір ақ сақалды қария басын шайқады.
– Шырағым, сен түк түсінбедің, ойлан, – деді.
Мен сол қағазды ұстап әлі ойланып жүрмін…
Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН,
Ақтөбе қаласы
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!