Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мін – нысана, сын – садақ

06.11.2025, 10:00 117

Қазыбек  ӘШІРБЕКҰЛЫ

Сықақ  –  сынның  атасы

(Бір  сықақшыға)

Халықта мол қазына,

Қанағат көп-азына.

Соның бірі – кәдімгі,

Орынды әзіл-әжуа.

Ұстанам деп ұстынын,

Қолданба тым қышқылын!

Жаралап жанды жүрмесін,

Жазықсыз жанды мысқылың!

Сұйылмай өте сапасы,

Болмасын сынның шатасы!

Орынды пікір айтылса,

Сықақ – сынның атасы.

Мойындамай мінін де,

Жүргендер бар бүгінде.

Жұқпалы дерт әкелер,

Қоғамға олар түбінде.

Мін – нысана,

Сын – садақ,

Тек түзу тарт жебесін!

Нысанаға нық қада,

Далаға кетті демесін.

Сықақ  туралы  шежіре

Белгілі бізге шын жасы,

Сықақ – сонау сын басы.

Әзіл-оспақ, қалжыңдар –

Сенімді оның сырласы.

Дәйекті мысал – ағасы,

Мәйекті мақал – нағашы.

Жиендері – жұмбақтар,

Баршаға аян бағасы.

Биік тұрған өресі,

Бірқақпайлар – бөлесі.

Шымырлатар шекені,

Шымшымалар – енесі.

Киелі сықақ – жол басы,

Жүйелі мысқыл – жолдасы.

Тұрмайды оқшау бәрінің,

Бір-бірінен ордасы.

Сықақтың былай ұстамы –

Шындықтан шықпау тысқары.

Негізсіз өсек-аяңдар –

Сықақтың нағыз дұшпаны.

Сықақта бар көп астар,

Тіпті жалған жоқ астар.

Сықақтың түрлі сипатын,

Түсіне бермес топастар.

Уақыт  жоқ!

(Нарықтық  қоғамдағы  күнкөріс  хақында)

Тұратын алыс-жақында,

Туған-туыс жақынға.

Жанасуға уақыт жоқ!

Менен жақын болар кім?!

Жағдайымен солардың,

Санасуға уақыт жоқ!

Нағашылы-жиенге,

Қыз бен кедей күйеуге,

Қарасуға уақыт жоқ!

Жағдай сұрап әйелден,

Анда-санда әйелмен,

Жарасуға уақыт жоқ!

Қысқасы,

Басқаларда уақыт көп…

Ал, менде еш уақыт жоқ!

Бар жақыным – БИЗНЕС,

Бұдан артық бақыт жоқ!

Көпіріп көп сөйлеуге,

Қыруар тірлік қарап тұр,

Кешіріңіз, уақыт жоқ!

Ақыл  айтсам  айып  па?!

(«Қайықта»  әнімен  астарлас  қайырымдар)

Болсаңыздар жаңа таныс,

Ақыл айтсам айып па?!

Жүзіңдерші сонау алыс,

Шәмші айтқан қайықта.

Ескегіңді берші оған да,

Кезектесіп есіңдер.

Болашақты бұл қоғамда,

Тек бірлесіп шешіңдер.

Талайларды толғандырған,

Ертеңгі күнің ертегі…

Осы кезде ойландырған,

Екі жастың ертеңі…

Жүзіңдерші сонау алыс,

Бірге отырып қайықта.

Болсаңыздар жаңа таныс,

Бұйырмашы айыпқа.

Нарық көркін нұрландырып,

Тұр ғой сенің дидарың.

Қиналсаң да тұрған күліп,

Қылығыңды қимадым.

Жақсылар көп осы елде,

Жар іздесең жаныңа.

Махаббаттың бесігінде,

Тербеліңдер, налыма!

Баурай  тарттым  бәрін  де

(мысал)

Алмас-ау деп мазаны,

Маңыма тарттым масаны.

Жайына жүрмей өзіме,

Қастандығын жасады.

Кеңейтпек боп іргені,

Баурай тарттым бүргені.

Бұл да тығып тұмсығын,

Жайына қарап жүрмеді…

«Дос болам» деп шынында,

Көктемде келді шыбын да.

Күзде әрең құтылдым,

Батырып кетті шығынға,

Болар деп осы ұстамды,

Өзіме тарттым тышқанды.

Бұл да өзімшіл неме екен,

Дос етіппін дұшпанды.

***

Құшағын ала ұшқанды,

Құшпай, болшы ұстамды!

Ажырата білген жөн,

Досың менен дұшпанды!

Әйтпесе…

«Өз  қолыңмен  құйшы!»

— Әй, қатын!

Кешегі арақ,

Қалған ба жары-ақ?

— Иә, алқаш!

Керек пе «толкач»?

— Иә, керек!

Қалған болса жары-ақ,

Басым сынып барад…

Кетер ме екен тарап?!

Закусить ететін,

Үйде бар ма салат?

— Әй, алкоголик!

Бір айлыққа қарап,

Тиын-тебен санап…

Жұмысқа әрең,

Жүргенімде жарап,

Қайдағы салат?

«Төртеуі – маған,

Біреуі – саған»,

Мә, саған арақ!

Құлақ  жайлы  қысқа  әңгіме

— Ең ұзын құлақ неде бар?

— Пілде.

— Пілдің құлағы жалпақ болады.

— Онда итте бар.

— Иттің құлағы салпақ болады.

— Ендеше есекте.

— Жоқ, білмедің!

Есекте емес, өсекте…

Қуыс  кеуде  болмайды

Кісіде бар кеуде,

Біреуді біреу кейде,

Көзінше кемсітіп,

«Қуыс кеуде!» деуде…

Кеудесі қуыс екен деп,

Бірақ оның ішінде,

Не жатқанын білмей «мекендеп»,

Болмайды «бос» деуге!

Кейбіреулер кісілікті жинап,

Имандылық пен кішілікті жинап,

Тәлімге ішін толтырып алған.

Сана-сезімнің сан шырағын,

Сөнбестей етіп шамшырағын,

Кеуденің ішіне қондырып алған.

Ал біреулер атаққа мастанып,

Біреулер мансапты жастанып,

Іші-сыртын мүлде «ісіріп» алған.

Енді біреулер сұмдықты сығып,

Түрлі пасық қулықты тығып,

Кеуденің қадірін түсіріп алған.

Қысқа  қайырымдар

Саған неге алданды қайран басым?!

Бір ит неме екенсің айлаң басым.

Келешекте сенімен қырға шығып,

Белгілі болды менің бәйге алмасым.

***

Айлакерлер алдайды, берері жоқ,

Ешбір пайда олардан келері жоқ.

Көзіңе мәймөңкелеп бұлаңдаған,

Түлкілердің түкке де керегі жоқ!

***

Жассыңдар ғой, білесің бе жауыңды?

Қазір кімдер қақыратар қауымды?

Олар: арақ, есірткі мен темекі,

Сергелдеңге салып қояр сауыңды…

***

Біреулер байқасаңыз тісті боп тұр,

Оларға бейкүнәлар істі боп тұр.

Тіфу десе түкірігі жерге түспей,

Қылығы Құдайдан да күшті боп тұр.

***

Әдептілік әлсіреуде ашығып,

Әдепсіздік барады тым басынып…

Желөкпе мен дүбәралар елпектеп,

Соларға еріп бара жатыр асығып…

Мәні  өзгерген  мәтелдер

Жібекті түте алмаған жүн етеді,

Жұмыскерді жұмсай алмаған құл етеді.

***

Жаман еркек қатынға тоймас,

Жаман басшы кадрға тоймас.

***

Әйелің биік болса,

Билік сонда болғаны.

Бірдей болса –

Онда ісіңнің оңғаны.

Аласа болса –

Барлық билік саған қонғаны.

***

Нарықтың шегі болмайды,

Нәпсінің емі болмайды.

***

Киетін соңғы кебін де,

Түспейді қазір тегінге.

***

Біреуге байлық қайғы,

Біреуге айлық қайғы…

***

Топастың атын теңге шығарар.

***

Бизнесмен бильярд ойнайды,

Мешкей миллиардты ойлайды…

Әркімнің  несібесі  –  әр  жерден

Біреудің несібесі – арыздан,

Біреудің несібесі – қарыздан.

Жемқордың несібесі – елден,

Балықшының несібесі – көлден.

Төренің несібесі – төрден,

Малшының несібесі – төлден.

Шаруаның несібесі – жерден,

Төгілген таза терден…

Біреудің несібесі – жолдан,

Біреудің несібесі – қордан.

Біреудің несібесі – құрылыстан,

Біреудің несібесі – «бұрылыстан».

Біреудікі – судан,

Біреудікі – нудан.

Біреудікі – темірден,

Біреудікі – көмірден.

Осының бәрі алынған,

Ойдан емес, өмірден…

Жалпы жұртты сақтай көр,

Жасаған ием жебірден!!!

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: