Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мен осы кіммін?

31.07.2024, 9:40 381

HALYQLINE.KZ

Үйде алаңсыз төбеге қарап, мұрнымды шұқып отыр едім.

– Сендей қорқақ адамды көрсем көзім шықсын, – деп әйелім төбеден түскендей қойып қалды. Мұндайы жоқ еді, таң қалдым.

– Басыңды бағанаға соғып алдың ба? Мұның не? – дедім

– Қорқақ екенің өтірік емес, жұрттың байлары қос-қостан банктен несие алып қоңданып, байып жатыр. Сенің отырысың мынау қара жүнді қарға құсап, саған тұрмысқа бекер шықтым, одан да орысқа тигенім жақсы еді, – деп, көктіктен жылап жіберді. Көзінің жасы тырс-тырс етіп еденге тамшылады.

– Жоқ, олай демеңіз. Менің қорқақ екеніме бұл нақты дәлел емес, – деп есікті тарс жауып сыртқа шықтым. Намыстан ішім өртеніп, тамағым кеуіп барады. Тіпті, борбайым терлеп кетті. Аулада шешем тауыққа жем сеуіп жүр екен, содан сұрадым.

– Апа, мен осы кіммін?

– Қорқақсың, – деп, апам бетіме айтып салды. Желкем тоқ ұрғандай зың ете қалды. Бұл сөзді не үшін маған айтады?

– Неге? – дедім, басым кетіп.

– Кеше алақандай жеріңе көршінің аузы салпиған қабаған иті кіріп кеткенде міз бақпай үйде теледидардан футбол қарап отырдың, сол итті қақ маңдайдан таяқпен ұрып қусаң қайтеді?

– Ой, апа-ау, ит деген жеті қазынаның бірі ғой.

– Бүгін аулаңа кірсе, ертең ол ит үйіңе кіріп, төрдегі бала-шағаңды талап тастаса қайтесің?

– Апа, енді футболдың нағыз шешуші кезеңіне келгенде қалай барамын?

– Әй, төбеңе біреу түкіріп кетсе де қозғалмайтын біреусің, – деп апам теріс айналды. Бұларға не болған? Шынымен мен қорқақпын ба? Аула сыртында отырған әкеме бардым.

– Әке, мен қорқақпын ба?

– Әрине, қорқақсың. Сендей айтар ойы жоқ сүмек адамды көрсем көзім шықсын. Өз көлеңкеңнен өзің қорыққан бірдеңесің ғой, әйтеуір…

– Сонда елдің бәрі батыр ма?

– Сен, өзіңе жауап бер. Бір баладан кейін, келін де тумай қалды. Баланы қалай асыраймын деп, қорқасың ба?

– Жоқ.

– Кеше үйдің бұрышына құтырған өгіз сүйкеніп тұрғанда, сен мәз болып қарап тұрсың. Әрең тұрған жаман үйдің шаңырағы ортасына түссе қайтесің?

– Түу, әке, қазір жер көп қой, үйді басқа жерден тұрғызамыз.

– Иә, аларсың атауыңды, су жүрек, – деп әкем, ашуланып қалды. Немене, бұлар бір-бірімен ақылдасып алған ба? Содан жүйкем қозып көшеге шықтым. Жұрттың бәрі маған «әй, қорқақ не істеп жүрсің?» дегендей көрінді.

Ауылдағы жалғыз дүкеннің алдында Мәток деген ақсақал сақалын санап отыр. Таң атқаннан кеш батқанға дейін осы араны күзетеді. Өйткені, ол бұрын совет заманында атақты дүкенші болған еді.

– Ассалаумағалайкүм, ата!

– Молда бол айналайын, амансың ба?

– Шүкір, шүкір, сізден бірдеңе сұрасам бола ма?

– Не сұрайын деп тұрғаныңды білемін, сен қорқақсың, – деп, төбемнен дүрс еткізді.

– Сіздің бұл айтқаныңызға келіспеймін.

– Бар, бар, саған баяғының жау жүрек батыр жігіттері болу қайда? – деді.

Үлкен кісіге не айтасың, үндемей зыттым. Бұларға не жаздым?…

Япыр-ай, шынымен мен қорқақпын ба?

Нұрлыбек  ЖҰБАТҚАН

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: