Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мен не істемедім?

01.04.2025, 7:00 89

HALYQLINE.KZ

1 сәуір – Күлкі күні!

Бүгінгі сатира

Бір күні аяғым талтайып, аузым аңқайып, шалқамнан түсіп, теледидар көріп жатыр едім, жүгіртпе жолдарға көзімнің «сүрініп» кеткені… Оқи бастадым, мәссаған! «Облыс әкімі қызметіне жұмысқа қабылдаймыз. Дипломның қажеті шамалы, маңғаз, кісі болмаса болғаны, халықпен тіл табыса алатын, базардағы бағаларды реттей салатын, босқа базар араламайтындарды шақырамыз!». Шалқамнан түстім! Шалқамнан жатыр едім ғой, орнымнан әдейі тұрып, өзімнен ұят болмасын деген оймен шалқамнан түстім! Содан, телефон нөмірді жазып алғанмын ғой, оңаша отырсам, әйелім «жұмыс таптың ба?» деп күңкілдеп, ал менің жүрегім лүпілдеп, телефон соқтым. Сәлден кейін біреу телефоннан:

– Ия, сізді Қазақстан Республикасының президенті тыңдап тұр, – демесі бар ма? Шалқамнан түстім! Құдайым-ау, президентпен сөйлесіп отырмын ба?

– Хабарландыру бо-бойынша еді, – дедім мен.

– Ия, «Артта қалған» облысында әкімнің орны бос. Бұрынғы әкім менің тапсырмаларымды орындамақ түгілі, ішіп-жеп, қазір түрмеде отыр. Жұмыссыз ба едіңіз? – деп сұрады президент.

– Ия.

– Мақтаншақ емессіз бе?

– Бар болса да, мақтанбаймын!

– Өтірікші емессіз бе?

– Өтірік айтсам, өліп кетейін.

– Онлайн рәсімделіңіз де, қызметіңізге кірісіңіз! Қолыңызды қыстым.

Қуанғанымнан қабырғаларымды қытыр-қытыр қасып қойып, Құдайым-ай, қуаныштан жүрегім тоқтап қалмаса еді… Сөйтіп, мен облыс әкімі болдым! Рақат!

Содан, бір күні үйде шалқамнан түсіп, теледидар көріп жатыр едім, жүгіртпе жолдарға көзім «жабысып» қалды. Қарасам: «Қорғаныс министрі қызметіне шақырамыз! Айлығы 2 миллион теңге!» деген хабарландыруды оқыдым. Орнымнан тұрып, шалқамнан түстім. Астанаға ұшып келдім. Келсем бір адам жоқ, министр болайын, елдегі әскери былықтың көзін құртайын, мұндағы жемқорлықты тұздайын деген. Амал жоқ, министр бола салдым. Жұмыссыз жүрген жылдарым жайына қалды!

Содан, шалқамнан түсіп, кабинетімде теледидар көріп жатыр едім… «Премьер-министр қызметіне адам іздейміз!» деген жүгіртпе жолдарды оқыдым. Айлығы үш миллион теңге екен! Рақат қой! Бір адам үкімет басшысы болайын демейді. Жауапкершіліктен қорқады. Айлығын санауға ерінеді. «Тышпаған төбем қалмады ғой, бұл жерге де…» деп, не керек қызметке кірісіп кеттім. Оңай екен. Әншейін, ұрысып отырасың министрлерге. Боқтамасаң болды. Үкімет басшылары ауысқанымен, халықтың жағдайы бұрынғыша, мәз емес. Осыны түсінсем де, шырт түкіріп, шіреніп жүрмін. Шындықтың шаңын сүртіп жүрсең де, биліктегі кландарға, яғни, ылаңдарға жақпайды екенсің. Қазір менің орным бос, Дубай, Анталияны қайтемін, отандық түрмеде «демалып» жатырмын… Сіздің премьер болғыңыз келмей ме?

Мұхтар  ШЕРІМ,

Шымкент  қаласы

Фото: anekdot.ru

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: