Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Малтон неге мәдениет үйінен қуылды?

19.03.2025, 16:40 54

HALYQLINE.KZ

(әзіл)

Қырық ұлттан құралған «Достық» ауылында қыз-келіншектер мерекесі керемет өтті. Мәдениет үйінің директоры баяғы Малтон әйелдер қауымына бір-бір жылтыраған жібек орамал таратты. Қыздарға гүл шоқтарын ұсынды. Шағын мерекелік концерт ұйымдастырды. Ауыл халқы мәз. Сый-құрметті кім жек көреді? Малтон бұл іс-шара туралы ауданға хабарлады.

Ертеңіне Малтонды шұғыл түрде аудан әкімшілігіне шақыртты.

Әйелі:

– Малтон, саған әкім алғыс хат беретін шығар, – деді.

– Не үшін?

– Сен, кеше әйелдерге тамаша көңіл күй сыйладың. Жұрттың бәрі риза болып жатыр.

– Өзім де солай ойлап тұрмын ғой, – деп, Малтон мақтанып, көлігіне отырып орталыққа қарай зуылдады.

Әкімшілік алдында темекісін бұрқыратып мазасызданып аудан әкімі Талтаңбай Салпаңбаевтың орынбасары Қапон тұр. Жүзі суық. Қабағынан қар емес, бұршақ араласқан жаңбыр жауып тұр. Еріндері күннің көзінде кеуіп қалған тулақ секілді кезеріп кеткен. Бірден ашуға булықты.

– Әй, Малтон не шулатып жатырсың?

– Не болып қалды, басеке?

– Әкімнің алдына неге түсесің?

– Басеке, мен ол кісінің алдын кеспек түгілі көруден аманмын.

– Сен, кеше қыз-келіншектерді әкімнен бұрын неге құттықтайсың? – деді беті жыбырлап.

Малтон шошып кетті.

– Ааа, мен ол жағын ойламаған екенмін. Ондай да заң бар ма еді?

– Көп сөзді доғар. Саған сол үшін сөгіс жариялаймын, – деп, арыстанша ақырды.

Сүйтіп, мәдениет үйінің директоры алғыс алам деп барып, қарғыс арқалап ауылына қайтты.

Бүгін ауыл кезекті Наурыз мейрамына қызу дайындалып жатыр. Мейрамға аудан әкімі келеді. Малтон ауыл тұрғындарына Наурыз мейрамымен ешкім бір-бірін алдын ала құттықтамауды өтінді. Әйтпесе, өткендегідей тағы басы пәлеге қалады.

Әзірге бәрі әкім орынбасары Қапонның сценариімен өтіп жатыр. Әкім халыққа жарты сағат тебіреніп тілек айтты. Көзіне жас алған жандар да бар. Бір кезде қазан басында жүрген Қайрақбай Малтонға жүгіріп келді.

– Малтеке, наурызкөженің дәмін көріңізші, – деді. Қолында бір кесе көже бар. Малтон ойында ештеңе жоқ көжені қағып салды. Мұны әкімшіліктен келген бір бас маман көріп қалды. Дереу басшысына хабар беріп үлгерді. Наурыз тойы біткесін Малтонды тағы ауданға шақырды. Бұл жолы әкімнен бұрын көженің дәмін татып қойғаны үшін жұмыстан қуылатын болды.

Нұрлыбек  ЖҰБАТҚАН,

Ақтөбе  қаласы

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: