Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Макарон  жеп  отырмыз…

04.12.2025, 14:00 46

HALYQLINE.KZ

БҮГІНГІ  САТИРА

Балалар жас, қарын аш, ауылда не айлық жоқ, не байлық жоқ, көшеде келе жатқан едім, бір бұрылыста қара қазан төңкеріліп жатыр екен. Жаңа сияқты, қолыма ұстап көріп, жерге қойдым да, армандап кеттім ғой. «Шіркін, мына қазанға «піс, қазаным, піс!» деп ертегідегідей бұйрық бере қойсам, ішінде қазы-қарта асылып жатса…» деп күбірлегенім сол, мәссаған! Қазанның ішінде ет асылып, буы бұрқырап шыға келгені!

Сасып қалдым. Желкемді қасып қалдым. «Рас па, өтірік пе?» деп еттен шымшып ұстап, бір түйірін аузыма салдым. М-м-м… Ет жемегелі қашан! Дереу қазанды етпетімен көтеріп ала жөнелдім. Үйге жеткенше асықтым. Артыма қарасам, бір есек еріп келеді екен. Аулаға кіргенім сол, есек алдыма түсіп алды. Есекпен есептесіп жататын уақыт қайда, үйге кіргеннен:

– Дариға, дастарқан жай, ет жейміз! — дедім.

Әйелім бір қазан ет көтеріп кіргенімде, көзі шарасынан шығып, еттің сорпасына түсіп кете жаздады. Бала-шағамызбен отырып ет жеп, бетіміз майланып, көңіліміз жайланып қалды. Сыртқа ықылық атып шығып, тісімді шұқып тұрып:

– Құс, есегім, құс! — деп ойнап айта салғанмын ғой. Мәссаған! Қара есек қарап тұрмай, лоқсып-лоқсып қалды да, қыз-келіншектердің небір бренд көйлектерін құса бастады. Бір әйелдер дүкеніне кіріп кетіп, түк қалдырмастан жеп кеткен сияқты… Қуанып кеттік. Әйелім қызыл көйлек киіп, билеп жүр. Тегін болған соң, әйел көйлегі болса да, бірін киіп алдым. «Құс, есегім, құс» десем болды, таң атқанша тек әйелдер көйлегін ғана емес, Францияның әйгілі Луй Виттон сән брендтері: қымбат сөмкелер, шабадандар, аяқкиімдер мен ұялы телефон аксессуарларын құса берді, құса берді.

Үкімет болмаса да, Құдайымыз бізді жарылқап, түнімен ойланып шықтым. Ертеңінге базарға барып, дүкен жалдадым. Көйлек деген көл-көсір. Оны айтасың, қаладан кафе ашып, лезде байып шыға келдім. «Піс, қазаным, піс!» деймін, тек ет асылып, буы бұрқырап тұрады. Есекті құрметтегенім соншалық, төргі бөлмеге кіргізіп, әйелімнің орнына құшақтап жататын болдым. Өсек жата ма, «сиқырлы қазаны бар екен!» деген сөз үкіметке жетті. Премьер-министрдің өзі келіп, ет жеп кетті ғой.

– Қазанды өзіңіз ойлап таптыңыз ба? — деп сұрады кетерінде.

– Өзім, — дедім өтірікті соғып жіберіп.

– Керемет! Газ үнемдеу, мал үнемдеу деген осы! Ауыл шаруашылығы министрі болуға қалай қарайсыз?

– Жоқ, генерал болсам деймін.

– Боласыз.

– Біздің елде бәрі сатылады дейді ғой. Әкім лауазымы, тіпті генерал шені де…

– Бәсе! Сосын ғой олар берген ақшасын «қалай қайтарамын» деп ұрлыққа барып, ақырында сотталып жатады!

Келесі күні он депутат арнайы келіп, үйімде ет жеп, жетпіс күн жатып алды, «халықтың жағдайы ғажап!» деп жазып алды. Сол депутаттың бірі: «әлем робот сарбаздармен мақтанса, қазақ ертегі қазанымен мақтана алады!» деп парламент мәжілісінде езіп тұрып алды.

Менде кісілік пайда бола бастады. Баяғы кедейшілік күндерімді ұмытып, кісіге «кісінеп» қарайтын дәрежеге жеттім. Бірақ бір күні қазаным бұзылып қалды.

– Піс, қазаным, піс! — деймін.

Былқ етпейді. Тек түтін бұрқ ете қалып, артынша тікенек қайнап жатты. Есекті құшақтап тұрып:

– Бір қапшық ақша құсшы! — дедім.

Есек аузын ашты. Бірақ ештеңе құспады. Құйрығына бір теуіп, қуып шықтым. Қара қазанды төңкеріп қарап едім, түбі тесіліп қалыпты… Ойпырмай, «семіздікті қой ғана көтереді» деген сөз рас екен, баяғы таз қалпыма қайта келдім. Есек кетті, ал қазанымды үкімет «жөндеп береміз» деп алып кеткен. Әлі комиссия құрып жатыр. Әйелім, бала-шағамызбен макарон қуырып жеп отырмыз… Айтпақшы, сол бір ертегіде ұр тоқпақ бар еді, «ұр, тоқпағым, ұр!» дегенде тоқпақтай жөнелетін. Өзімді ұратын сол ұр тоқпақ керек болып тұр өзіме…

Мұхтар  ШЕРІМ,

Шымкент  қаласы

Фото: papik.pro

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: