Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Махаббатқа рұқсат жоқ!

15.04.2025, 15:10 54

HALYQLINE.KZ

Бүгінгі  сатира

Қалаға жаңа келген, соңынан жағымпаздары ерген, халқы өзіне сенген әкім Мыжбан Мәндірбаев жиналыста қала тазалығына шүйлікті.

– Бюджеттен пәленбай миллион қаржы бөлінген, оны ту-талақай етіпті кім көрінген! Қаланың шет аймақтарынан қоқыс көреміз, көшелер шаң, шашылған баклашкалар…

– Бүгін махаббат күні екен! – деп қалды бөлім меңгерушісі Банангүл Майысқаққызы.

– Махаббатта шаруаларың болмасын! Көшелерге жаңбыр жауған күні су шашылады екен. Бұл не сұмдық!

– Былтыр бюджеттен бөлінген қаржыға бес тонна қайшы алдық, – деп міңігірледі денсаулық бөлімінің басшысы.

– Оны қайтесіңдер? – деп сұрады әкім.

– Қала тұрғындарына тараттық. Тырнақтарын алды…

– Мен сіздерге айтамын, қала тазалығы нашар!

– Жүз қорап тіс щеткасына тендер жарияладық.

– Оны қайтесіңдер?

– Қала тұрғындары тістерін тазалайды.

– Бүгін махаббат күні! – деді Банангүл Майысқаққызы.

– Майысқаққызы, сізге не болған?

– Сізді махаббат күнімен құттықтаймыз! Осы отырған бәріміз сізге ғашықпыз…

Әкім ыңғайсызданып қалды.

– Махаббатқа рұқсат жоқ! Жұмыс істеңіздер!

– Менің де сізге деген махаббатым маздап тұр, – деді Жылтың Қылтыңбайұлы.

– Не айтып кеттіңдер? Менің бала-шағам бар, шаңырағымды шайқалтпаңдар!

– Жоқ, біз сіздің өзіңізге емес, түріңіз онша емес қой, біз сіздің аппаратты қуырып алатыныңызға, шыншылдығыңызға, іскерлігіңізге ғашықпыз…

– Сіз бізге керек адамсыз! Сіздің туфлиіңізді сүйіп, құшақта-ап жатқанның өзі неге тұрады? – деді Жағымпазұлы жымиып.

Не керек, жағымпаздарға жығыла кеткен әкім жылы сөздерге елітіп, бюджеттен махаббат күніне қаржы бөлінетін болды, кешке қарай банкет! Біздің әкімге бәрі ғашық! Махаббат күні құтты болсын!

Мұхтар  ШЕРІМ,

Шымкент  қаласы

Фото: avatars.dzeninfra.ru

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: