Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Күректер

01.08.2025, 12:00 231

HALYQLINE.KZ

Бүгінгі  сатира

Біздің қазақ жұмыс табылмай бара жатса да: «екі қолға – бір күрек!» деп көңілі жайланып жүре береді. Содан болар Қазақстан көшелерінде екі қолдарына бір-бір күректен, керек десеңіз, екі қолдарына екі күректен ұстап жүргендер көп. Автобус аялдамаларында да, қоғамдық орындарда да қолдарына күрек ұстаған халық… Тіпті олар театрға барса да қолдарынан күректерін тастамайтын болып алды. Күректерімен құшақтасып жататындар да бар…

Бір күні бастығым шақырып алды, әуелі «нашар мамансың!» деп ақырып алды. Содан дағдарыстан даусының өзгеріп кеткеніне кешірім сұрап, жұмыстан қысқаратынымды мәлімдеді. Қуанып кеттім! Несі бар, екі қолға бір күрек табылады! Аштан өлмеспін! Айтпақшы, бастығым қолыма күрек ұстатып жіберді. Жаны ашығаны ғой! Халықтың жоқтаушысы өзі… Үйге келсем, әйелімнің қолында да күрек.

– Күрегің құтты болсын! Жұмыстан шығарып жіберді ме? — деп сұрадым мен.

– Жұмысқа қабылдағаны үшін «шляпа» беруім керек екен, менен қайыр болмаған соң, қолыма күрек ұстата салды… — деген әйелім жылап қалды, – отағасы-ау, енді қалай күн көреміз?

– Қорықпа, екі қолға бір күрек бар емес пе?

Көзіме жас толып, күрегіммен көшеге атып шықтым. Қарасам, көршілерім де күректерін иықтарына қойып, «Біз бақытты өмір сүріп жатырмыз! Күректер елі жасасын!» деп әндетіп барады екен. Күреп ақша табатындай соңдарынан тұра жүгірдім! Әне, біз аштан өлмейміз, өйткені екі қолымызда – бір-бірден күрек!

Мұхтар  ШЕРІМ,

Шымкент  қаласы

Фото: anekdot.ru

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: