Бүгінгі сатира
Мен де кеңес дәуірінде туғанмын. Еліміз жетпіс жылдан аса, Ресейдің боданында жүргенде туылыппын. Тәуелсіздіктен кейін туылсам, болады ғой?
Көшеде келе жатсам, пісте шағып, бір кемпір жынды ғой деймін, кеңес заманындағы қызыл галстукты тағып алыпты. «Алыстан қарасаң, пионер, жақыннан қарасаң, пенсионер!». Зейнеткердің мойнындағы қызыл галстукты жұлып алдым. Сол үшін, полиция қолымды қайырып… «Енді, тыныш жүрейінші» деп ант бердім. Базарда ысқырып жүрген едім. Бір қария кеңес заманындағы тиындарды сатып отыр екен. Тиындарын шашып жібердім. Сол үшін, полиция қолымды қайырып… Енді тыныш жүрмесем! Қандай, түлен түртеді, осы? Аулада отырғанмын. Көршім кеңес дәуіріндегі «Мәскеудің айрықша арағы» деген арағын мақтана көрсетті. Туу, 50 жыл сақтаған екен… Қолынан жұлып алып, лақтырып жібердім. Сол үшін, полиция қолымды қайырып… Бір күні, саябақта қыдырып жүргенмін. Бір қарасам, Лениннің ескерткіші тұр! «Ой, біз тәуелсіздік алған едік қой?» деп қоямын ішімнен. Басын жұлып алайын десем, қолым жетпейді. Сосын, таспен ұрып, басын быт-шыт еттім. Сол үшін, полиция қолымды қайырып… Көршім көшеде келе жатып, кеңес дәуірінде үйленген әйелімен ұрысып қалса керек, белінен ұстап алып, лақтырып жіберген ғой. Полиция «саяси көзқарасы» үшін он күнге қамап қойды. Менде ешқандай саяси көзқарас жоқ, тек, кеңес дәуірін сағынып жүргендерге таң қаламын да… Содан, үйімнің алдына «КПСС жасасын!» деп жазып қойдым. Әдейі. Полиция қолымды қайырып әкеткен жоқ. Әлде, «КПСС жасамасын!» деп жазуым керек пе еді? Әкімшілікке барып, мәжілісте отырғандарға: «КПСС ХХV съезінің делегаттарына жалынды сәлем!» деп айғайлағым келіп кетті. Кеңес одағының қызыл туын жыртып, қоқысқа тастағанмын ғой. Полиция қолымды қайырып… Сіздерден өтінерім, кеңес заманынан қалған заттарды пайдаланбаңыздар, әсіресе, әйелдеріңізді…
Мұхтар ШЕРІМ,
Шымкент қаласы
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!