Мені кабинетінен шықпайды деп кім айтты? Бүгін көшеге шықтым. Қасымда оққағарым немесе көмекшім жоқ. Жалғыз жүргеннен осы жұрт неге қорқады? Әсіресе анау айта беретіндер ғой. Өздеріңіз біліп отырсыздар, иә соларды айтамын. Бір жерге баратын болса айналасына полиция, жедел жәрдем, өрт сөндірушілерін шулатып, шұбыртып жүреді. Қазір аспаз бен шаштараз да еретін болыпты. Маған десе неге қастарына құда-жекжатын, тума-туыстарын қосып алмайды…
Айтпақшы, мен көшеге шыққан екенмін ғой. Содан күннің көзіне бойымды қыздырайын деп орталық саябақтағы орындыққа жайғастым. Мұнда күнге жылынып отырғандар көп екен. Сымға қонған торғайдай тізіліп қалыпты.
– Амансыз ба? Бүгін күн шуақты екен, – дедім бір кісіге қарап.
– Ерігіп отырғаным жоқ, басымдағы бес кредиттен қалай құтыларымды білмей ойланып отырмын.
– Кешіріңіз…
Қабағы қатулы екен. Қарсы сұрақ қоймадым. Екінші отырған адамды сөзге тарттым.
– Биыл көктем кеш шығатын сияқты. Күн жылымай тұр. Көше су.
– Көше су емес лас. Жолдың бәрі шұрық-тесік. Оны жамап жатыр. Менің шұлығым да тесік. Жамауға келмейді. Жыртыла береді.
– Ымм…
Бұл адам да ашулы отыр. Орнымнан тұрып, басқа орындыққа барып отырдым.
– Апа, сәлем бердік.
– Бақытты бол.
– Ауа райы тамаша екен.
– Ее, шырағым, қайдан білейін өзімнің көңіл күйім онша емес. Жалғыз ұлымнан айырылып қасқиып қалдым. Қазір қылмыс ашылмайды. Кісі өлтірушілер көп.
– Қиын болған екен.
Басқа ештеңе айта аламадым. Апамыздың көзінен жас парлап кетті. Анадай жерде өзім қатарлы жігіт отыр екен, соның қасына келдім.
– Отырыс оңды болсын!
– Рақмет. Бұл жерде күнде отырамын.
– Неге?
– Жұмыстан қуып жіберді. Жұмыс беруші соңыма шам алып түсті. Қазір әділдік жоқ қой. Басшылар құтырған заман болды.
– Заң орындарына шағым айтпадың ба?
– Одан пайда болмай тұр. Бастығымның таныстары әкімшілікте отыр, – деді
– Аа…
Бүгін саябақтан көңілді адам кездестіре алмадым. Бәрінің қабақтары қатулы екен. Әлде, менің сорыма осындай адамдар кезікті ме?
Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН,
Ақтөбе қаласы
Фото: cameralabs.org
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!