Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Кешіріңіз, мен ол емеспін

05.12.2023, 15:20 259

HALYQLINE.KZ

(әзіл әңгіме)

Табақтай бетіммен алысқаныма төрт айдың жүзі болды. Айнаға қарап отырып өзімді жек көріп кеттім. Тұмсықтан бір қойғым келеді. Жұрттың беттерін қарашы, кесіп алсаң да қан тамбайды. Құрылыс компаниясында істейтін Аманай деген құрдасым бар. Мамандығы – аспазшы. Бірақ, үй салады. Ол тұрғызған пәтерлердің қабырғалары жарылып, төбесінен су тамшылап кетсе де түк қысылмайды. Беті бес елі.

Шіркін, адамның бет-пошымы базарда сатыла калса, таңдап жүріп қалаған жүзі-жылы «мордаға» ауыстыра салар едім. Тіпті, «қатын бет» болса да көнемін. Енді мынау, өкініп отырмын. Бәрін бекер жасадым. Құрсақтан шыққан табиғи түрім былай тым жақсы болды. Жігіт кезімде қыздар үйге өздері іздеп келетін еді. Рас айтамын. Жазда күнге күйіп, қара торының әдемісі боламын. Қыста піскен тарыдай сарғайып, екі бетім алмадай болып қызарып шыға келеді. Маусым сайын құлпырамын. Мақтануға тұрарлық кескін-келбетім бар. Танауым таңқиған пұшық емес. Кәдімгі пістік мұрын. Тек көзім көкшіл. Нағашы әжем татар екен. Аздап соған тартып кетіппін. Бірақ, онда тұрған не бар? Ал, қазір келбетіме қарағым келмейді. Тіпті, үйден аттап басуға бетім жоқ. Тек, қас қарайғанда жарқанат құсап есік алдына шығамын. Бұл жағдайды жауыма тілемеймін.

«Бетіңе не болды?» дейсіздер ғой. Әйтеуір, сіз ойлағандай «қарабет» емеспін. Бәрі былай басталды.

Белгісіз бір ауылдың байырғы тұрғыны ретінде өмір сүріп жүрген қарапайым отбасы едік. Әйелім «современный» тірлік жасайық деген соң, қалаға көштік. Онымыз біз ойлағандай болмады. Қалада тұрудың өз заңдары бар болып шықты. Бір күні базарға шұлық алуға барсам, сатушы тілін шайнап орысша жауап берді. Үндемедім. Ертеңіне дүкенге соқсам, тағы орысша тіл қатты. Сөзге келіп қалдым. Әбден зықымды шығарды. Сонда ,менің түрім сары орысқа ұқсай ма? Шынымды айтсам, ауылда тұрғанда өлген орыс көрмей өстім.

Бұл бірінші рет емес, тісім ауырып дәрігерге қаралдым. Ешкім қазақша сөйлемейді. Шетелде жүргендей күй кештім. Көшеге шықсам болды жұрт «привет» деп амандасады. Кеше біреу «түрің онша емес» дейді. Тағы біреу «қазақтың беті қалың, қасы қара, ерні салбырап тұрады» деп жыныма тиді. Кімнің аузына қақпақ боласың. Әбден шаршап кеттім. Қайта менің әлі ашуым келмей тұр. Қаным басыма шапса, ешкімді аямаймын. Аяқ астынан отыз жыл ұйқыда жатқан намысым оянып, пластикалық ота жасайтын хирургке бардым. Түрімді түбегейлі өзгертемін деп шештім. Шүкір, бұл дәрігер қазақша сөйлей білетін болып шықты. Бастапқыда айтуға қысылып едім, сүйтсем қазір әйелдерден гөрі еркектер жасару үшін мұнда көп келеді екен. Жақында сексеннің жетеуіне келген бір шал беті мен денесінің салбыраған терілерін сылып тастап, қутыңдаған қу жігітке айналып шыға келіпті. Мұны естіген кемпірі қыз күніндегі әдетіне басып қызғанып, төсек-орнын жиып төркініне тайып тұрғысы келген ғой. Сексеннен асқан кемпірде төркін бола ма? Кешке дейін көрші үйге барып, ашуы тарқаған соң қайтып келіпті.

Төс қалтамнан дөңгелек айнаны алып, бетіме бір қарадым да дәрігерге тіл қаттым:

– Менің бет-пішінімді өзгертіп беріңізші, өтінем, – дедім жалынып.

– Сонда кімге ұқсағың келеді? – деді дәрігер таңырқап.

– Түрімді кез келген танымал адамға келтіріп берсеңіз.

Ол маған көзінің қиығымен ойланып ұзақ қарады. Былай деді:

– Ресей әншісі Николай Басков ұнай ма?

– Әлгі сары шашты еркек пе? Неге олай дейсіз, мен қазақ емеспін бе?

– Айып етпеңіз, кескінің Николайға келіңкірейді.

Сол баяғы нағашы әжемнің қаны жібермей тұр.

– Жоқ, маған қазақ жұлдыздары жарайды. Мысалы, Димаш Құдайбергеновке ұқсағым келеді. Дүниежүзі еліктеп жүр.

– Димаш – ол әлем жұлдызы, операцияға ақшаң жетпейді.

– Онда отандық ортақол танымал адамдар бола береді.

– Суретін әкеліңіз, – деді дәрігер.

Содан үйге барып терең ойға кеттім. Әуелі қазақ эстрада жұлдыздарынан бастадым. Әйелімнен кеңес сұрадым.

– Қайрат Нұртас қалай болар екен?

– Ол жас қой, Қайрат не теңің? – деп, қатын шар ете қалды. Білем, қызғанып тұр. Жас болғанымды қалмайды. Көрген сайын «көз алдымда қартайып барасың» дей береді. Әдейі айтады.

– Енді кім? – деймін қылғынып.

– Әнші Құдайберген Бекішев.

– Қой, рақмет.

– Ақжол Мейірбеков ше?

– Сен қатын, жасы келгендерге жабысып қалдың ғой. Сәкен Қалымов қалай болады?

– Сәкен жас па еді?

– Олай болса Сәкен Майғазиев, – дедім.

– Оның әндері қазір хит емес, – деп шыға келді. Әйтеуір, жақсы адамға ұқсағанымды қаламай тұр.

– Ендеше, ақын Ринат Зайтов боламын. Халыққа ұнайды. Өлеңдері де ойға қонымды.

– Ринат қазір ақын емес.

– Енді кім?

– Депутат

– Тіпті жақсы ғой.

– Әртіс пен депутаттың түк айырмасы жоқ, – деп қатын қойып қалды.

Бұны тірі жан жеңе алмайды. Өлген адамды сөйлетеді.

Кешке дейін есімі елге әйгілі адамдарды түгендедік. Әйеліме ешкім ұнамады. Қоғамға еңбегі сіңген бір танымал тұлғаның аты-жөнін айтып едім. «Оған ұқсасаң жұртқа күлкі боласың, көмусіз қаласың» деп тағы шошытты.

– Қазір дені дұрыс танымал адам қалмады, – дейді ол. Біреулерді сатқын, алаяқ, намыссыз деп сөкті. Масқара, ауызға ілігер ешкімді таппадық. Ұзақ ойландым. Ақыр аяғында көзім ілініп кетіпті. Түсімде түрімді өзгерту үшін аурухана төсегінде таңылып жатырмын .Қолымда әнші Мейрамбек Беспбаевтың фотосы бар. Ақ халаттылар келді де операция бөлмесіне алып кетті. Содан не керек, айнаға қарасам, алдымда қабағы қиылып Мейрамбектің бейнесі тұр. Қуанышымда шек болмады. Көшеге шықсам, жұрттың бәрі суретке түседі. Қолтаңба сұрайды. Тойға шақырады. Тұсау кестіреді. Біреулер бала емес ,байларының аузына түкіртеді. Әйелім мәз. Түстен кейін бестің шайын тартып отыр екенбіз, үйге белсенділерді іздеген полициялар құсап сау етіп бір топ адам кіріп келді. Тал түсте шошып кеттік.

– Сендер кімсіңдер?

Даусым қатты шығып кетті.

– Мейрамбек мырза, біз сіздің тыңдармандарыңыз боламыз.

– Кешіріңіз, мен ол емеспін, – дедім.

Әйелім ұрыса жөнелді:

– Кім болсаңдар да есікті қағып кірмейсіңдер ме?

– Не үшін қағамыз? – деп қояды әлгілер.

– Енді сендер Қытай емессіңдер ғой, емін-еркін визасыз кіре беретін, – деп, біздің әйел әңгіменің басын жіберді. Ұрыс-керіс басталып кетті. Қатты дауыстан ұйқыдан оянып кеттім. Бас жағымда көзі аларып қатын отыр.

– Сенікі не жатыс?

– Енді қайда барамын?

– Базарға барып кел.

– Бармаймын, бәрі маған орысша сөйлейді.

– Онда, жылдамдатып түріңді өзгертпейсің бе?

– Кім боларымды әлі білмей жатқан жоқпын ба? – деймін.

– Шәпи бол.

– Ол кім тағы?

– Мысырдан қашып келген атақты молда ғой. Уағыз айтып ақша тауып жүр.

– Маған енді жетпегені сол еді.

Қысқасы, әрі ойланып, бері ойланып мынандай шешімге келдім.

Ең дұрысы осы деп, қазақтың ер жүрек қолбасшысы Қабанбай батырды таңдадым. Бастапқыда отбасым бір ауыздан қолдады. Операция сәтті өтті. Қызық енді басталды. Алдымен дос-жарандарым амандаспай қалды. Одан кейін, «Саған батыр болу не теңің?» деп тума-туыстар күндеді Қатарларым жүндеді. «Мұндай бет біздің қоғамға жат» деген желеумен әкімшілік қызметкерлері айыппұл арқалатты. Қоғамдық жерлерге баруға тыйым салды. Өз жерімде батырдың бетімен емін-еркін жүре алмай сорлы болдым. Қазаққа ер жүрек батыр керек емес пе?…

Тағы да ота жасау керек.

Түрлі образдағы адамдар санамда тұрып алды. Басымды қасыған сайын сол біреуі ауызыма түсе қалар деген ниет бар. Қатындардың еркектен екі минут бұрын ойланатын әдетін бұрыннан мойындаймын,

– Анау ауданда жаңадан келген полицияның бастығы бар. Соған ұқсасаң өлмейсің, – деп әйелім погон таққан лауазымды басшынының есімін қайталап мың сан рет айтты. Марқұм әкем полиция болуымды армандаған еді. Мамандығым келмесе де түрімді өзгерттім.

Операциядан шыққан бірінші күнім. Көшеде 1999 жылғы көлікпен салдырап кетіп бара жатыр едім, МАИ қызметкері тоқтатты. Мені көріп шошып кетті. Фуражкасымен бетін басты. Қатты састы. Білемін бастығына ұқсатып тұр.

– Әй, не болды сендерге? – дедім.

– Кешіріңіз жолдас майор, сізді мұндай ескі көлікпен жүреді деп ойламаған едім. Байқамай қалдым, – деп өлердегі сөзін айтып жалынды. Көлігімен алдыма түсіп үйге дейін жеткізіп салды. Кетіп бара жатып, қақпасының бояуын күн жеп қойған ескі үйді көріп аузы ашылып қалды. Бүгіннен бастап мен үшін жабық тұратын көшелер қазір ашық. Есіктен аттай бергенімде әйелім терезеден көрген болу керек «Айттым ғой өлмейсің» деп, кәдімгі полицияның қатыны құсап мәз. Екінші күні полиция бастығының бетімен көшеде жүр едім, бір мекеменің тұтқасын ұстап тұрған жиенім мені танымай қалып:

– Ойбай, сізді кезіктіргенім қандай жақсы болды, алдыңғы күні қатты жылдамдықпен сергек бейнекамерасына түсіп қалдым, соның мәселесін шешіп беріңізші, – деді. Мұндай мүмкіндікті құр жіберуге болмайды.

– Шаруаңды мұз қыламын, бірақ, сен былай қыл деп, екі қолына бір күрек таба алмай жүрген көршімнің баласына жұмыс тауып бер, – дедім.

– Болды, болды, бір ауыз сөзің, – деп,уәдесін берді.

Біреудің баласын қызметке тұрғызғаныма Президенттен орден алғандай қуандым. Есесіне қатыннан естімеген сөзім қалмады. Бұл беттің құдіреті керім екен. Ойламаған жерден үйге табыстар кіре бастады. Кештетіп есікті қақтым. Қатыным әдемі халатпен есікті ашты. Дастарқанды жайнатып қойыпты. Ас бөлмеде көптен бері жалын тимеген қара қазанда бұрқылдап ет қайнап жатыр. Бөлменің іші жиhазға толыпты. Аулада «иномарка» көлігі пайда болды. Кәдімгідей берекетіміз кіріп қалды.

Жексенбі күні таңертең ұйқымнан тұрсам, әйелім жылап отыр. «Полицияның бастығы пара алып ұсталып кетті» дейді. Қап деп бетімді шапалақпен тартып жібердім. Енді не істеймін? Тамаша өмірім ұзаққа бармады. Сырттан гүбір-гүбір дыбыстар естілді. Есік алдына шықсам, жүздері таныс емес адамдар келіп тұр.

– Машинаның кілтін әкел, үйдің құжатын бер, дүние-мүлікті қайтар, – деп шап берді. Шамасы, полиция бастығына пара бергендер-ау деймін.

– Кешіріңіздер, мен ол емеспін, – деп қақпаның есігін жауып алдым.

Бетімді бүркеп, жұрттан қашып ауруханаға тағы келдім.

– Ойбай дәрігер, тез арада түрімді өзгертіп беріңіз, әйтпесе жұрттан таяқ жейтін болдым. Ол да мені басында «парақор полиция» деп ойлап, әзер таныды.

– Ал, айта ғой қандай түрлер керек?

– Срочно ,прокурордың бастығы қылшы, – дедім.

– Ол істі болып жатыр.

– Соттың төрағасы

– Басқа жаққа ауысып барады.

– Енді кім болсам екен, а?

– Мектеп директоры қалай болар екен? – деп, дәрігер ұсыныс айтты.

– Қойыңыз, қазір мұғалімде бедел қалды ма? Ата-анадан сөз естіп, сотқар баласынан таяқ жейтін жайым жоқ, – дедім. Ойыма бір есім сап ете қалды.

– Ауданға беделді Қопарбек Қасқабасов қалай болар екен?

– Кәсіпкер ме?

– Тап өзі

– Оның соңына антикор түсіпті, – деп, дәрігер қысқа қайырды.

«Не болып кетті өзі? Мына заманда жұрттың көзіне тура қарайтын жөні түзу бет қалмады ма? Қайда барып күн көрем? Енді кім боламын?» деп,бетімді басып емхананың сыртына шықтым. Таныс дауыс естілді. Төбемнен сол баяғы еңгерзедей қатыным төніп тұр.

– Әй, ұқсайтын адам таптым. Осы ауданға іскер әкім келіпті. Жүзі жылы әдемі-ақ. Тап қазіргі түріңдей «урод» емес. Соған ұқсасаң жаман болмайсың, – деді. Әйелім бастық көрсе, есі кететініне көзім жетті. Амал жоқ, суретін тауып алып дәрігерге қайта бардым. Операция ойдағыдай өтті. Мына мені әкімнің «двойнигі» десе болады. Аумай қалдым. Көшеде бәрі «ел ағасы» деп танып амандасады. Қай есікті қақсам да шаруам тез шешіледі. Қатын қуанышты. Ұзағынан болсын! Бақытты өмірім екінші рет кескінім келіскеннен кейін қайта басталды. Аудан басшысының туған ағасы сияқтымын. Көшеде жұрт фотоға түседі. Көмек сұрайды. Әкімдер де жұлдыз екен ғой.

Бір күні үйге келсем, әйелім еңіреп етегі толып жылап отыр.

– Аманшылық па?

– Аудан әкімі үлкен көлемде мемлекеттің қаржысын жымқырып ұсталып кетті, – деп төбеден түскендей қойып қалды.

– Аузыңа қара жылан жұмыртқаласын, – деп, айта жаздадым. Денем дір ете қалды. Туған інім шатылып жатқандай күй кештім. Біздің қатынның мақтап, сенім артып жүргені осындай болып шықты. Таңертең көшеде кетіп бара жатыр едім, бір әйел айғайға басты:

– Халайық, мына әкім ауданның барлық қаражатын жеп кетті, – деп маған қарай сұқ саусағын шошайтты. Жұрт елең етіп жалт қарады.

– Кешіріңіз, мен ол емеспін, – дедім.

– Енді кімсің?

– Әкімге ұқсайтын адаммын.

– Өтірік, мынау мойындамай тұр. Кеше теледидардан көрсетті ғой.

– Сіз, шатасып тұрсыз, әкімге үш қайнаса да сорпам қосылмайды, – деп, бетімді қолыммен көлегейлеп едім ,әлгі әйел жағама жабысты. Қасындағы кісілер жұлмалай бастады. Тұра қаштым. Көшедегі барлық жүргінші соңымнан қуып келеді. Бір жас жігіт жүгіріп жетіп алды. Теуіп-теуіп тезегімді шығарды. Содан еңгерзедей үш жігіт күректің сабымен тура «Қыз Жібек» киносындағы Бекежанды үш найзамен жерге қадағандай көшеде тізерлетіп байлап қойды. Масқара, халық бетіме түкіруге кезекке тұрды.

– Жегенің желкеңнен шықсын, тіфу, – деп, бір әже бетіме былш еткізді.

– Халықтың ақшасына қақалып өл, – деді манағы әйел түкіріп тұрып.

– Ұятсыз, тіфу…

– Тамағыңа шөп кірсін, тіфу.

– Дүзқара, тіфу…

– Тіфу, тіфу…

Көшеде бетіме түкірмеген жан қалмады. Бір оңбаған кісі қақырып кетті. Үйге бет-аузым түкірік-түкірік болып еңбектеп әрең жеттім. Бірақ, менің не кінәм бар? Түрімнің ұқсағанына бола тал түсте таяқ жедім.

Бес күн болды, дүкенге нан алуға шыға алмай отырмын.

Ел «жексұрын, жемқор» деп бетіме басады. Енді не істеймін? Бетімді өзгерткенім тіпті басыма пәле болып жабысты. Ақыр аяғында бетсіз қалдым.

Қап, мұны білгенде есекке ұқсағаным жақсы еді…

Өткенде біреу үйге бір қойды сойып, бұтарлап беріп жіберген еді. Қойдың үйітілген басын алып талдың түбіне бардым. Жағы айырылып, тісі қағылған басты ұстап тұрып мұңымды шақтым.

– Әй, қу бас-ай, отқа күйіп қақталсаң да менің бүгінгі бетімнен мың есе артықсың ғой. Менде елге қарайтын бет жоқ. Бірақ, бұл шынайы пошымым емес. Қоғамның бет-жүзі. Тым жақсы түрімді өзгертіп, енді кімге ұқсарымды білмей ақымақ болып отырмын. Сонда, қазақ жерінде үлгі тұтар ешкім қалмады ма? Қалған өмірімді бетпердемен өткізетін шығар.

Кенеттен оқыс дауыс шықты:

– Бетсіздер… Өңшең сорлы бейшаралар…

Таныс дауыс емес. Жуан дыбыс. Аспанға қарадым. Мүмкін, Құдай айтып тұрған шығар…

Арқамнан біреу түртті. Денем тоқ ұрғандай селк ете қалды. Көшеде қол жайып жүрген қайыршы екен.

– Әкім мырза, көмектесіңізші…

– Кешіріңіз, мен ол емеспін, – дедім міңгірлеп.

Аяп кеттім. Қойдың басын қолына ұстаттым.

Қайран, бетім-ай…

Нұрлыбек  ЖҰБАТҚАН,

Ақтөбе  қаласы

Фото: caricatura.ru

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: