Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Кереңдер

11.07.2024, 8:35 157

HALYQLINE.KZ

Бүгінгі  әзіл

Таныс қариялар аялдамада жолығысып қалды.

– Автобус күтіп отырсың ба? – деп сұрады бірі.

– Жоқ. Автобус күтіп отырмын, – деді екіншісі.

– Е, мен сені автобус күтіп отыр екен десем…

Аяғын ақсаңдай басқан атамыз оның қасына отырды.

– Зейнетақың қанша?

– Зейнеш көрші қайтыс болып кетті ғой. Баласы оңбаған екен. Қарттар үйіне апарып тастаған еді.

– Айтыс болды дейсің бе? Кімммен, кім айтысып жүр?

– Албасты деймісің? Айтпақшы, келінің қалай? «Бұзық, бетбақ, көк долы» деп естіп жатырмыз?

– Ия, сиырымыз кеше бұзаулады ғой. Оны неге сұрадың?

– Е, қазіргі келіндер қартаймайтын сияқты деймісің? Дұрыс айтасың.

– Құлақтан айырылыпсың ғой?

– Ия, кемпірім құрақ көрпе тігіп жүр.

– Мектеп оқушылары қағынды ғой. Кеше көршіміздің баласын сыныптасы пышақтап кетіпті.

– Кім кімді құшақтамай жатыр дейсің? Құдамыз келсе, құшақтаймыз, депутат келсе, құшақтаймыз, халыққа пайдасы тимейтіндерді де, халық болып, құшақтап жүрміз ғой…

– Айтпақшы, газ қымбаттады дейді, есіттің бе?

– Ия, жаздың аты жаз ғой…

– Мазь деймісің? Қандай мазь? Аяғым қақсап жүр еді.

– Ия, құдаларым ақсақ емес. Шетінен ірі.

– Құрбақаларым деймісің?

– Бір күні, үйге келсеңші, шай ішеміз.

– «Күбі пісемізі» несі?

– Айтпақшы, Ахмет құрдас тірі ме?

– Рақмет деймісің? Не үшін? Ойбуй, автобус келіп қалған екен ғой, – деген ол орнынан тұрды. Екеуі автобусқа қарай жүгірді. Шопыр:

– «Нәлічке» төлеңіздер, немесе, ұялы телефоныма аударыңыздар, – деді.

– Не дейді? – деп сұрады атамыз.

– Бір ноқаты кем шопыр-ау деймін, мен отырған сайын аузын жыбырлатып, жақтырмайды, -деді екіншісі.

Аман болыңыздар, аталар!

Мұхтар  ШЕРІМ,

Шымкент  қаласы

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: