КӨК ЕСЕКТІҢ АЖАЛЫ
Баяғыда бір байдың ат пен есегі болыпты. Бай екеуін арбаға байлап күнде жұмысқа жегеді. Қырманнан сабан тасиды. Орманнан отын әкеледі. Ат жуас әрі еңбекқор болыпты. Шаруасын үнсіз тындыра береді екен.
Ал, есек еңбек еткен сайын иесінен марапат сұрап мазасын алады. Басқан ізін бағалауды өтінеді. Есектің шамасын байқаған бай ұстаға темірден медальдар мен ордендер жасатып, есегі сұраған сайын мойнына таға береді. Есек мәз.
Бір күні қатты нөсер жауып, өзен арнасынан тасиды. Байдың ауылы суға кетеді. Ат жылдам жүзіп қырға шығады. Есек байғұс темір-терсектен басын көтере алмай суға тұншығып өледі.
Сөйтіп, сұрап алған атақ-абыройы ақыры есектің түбіне жетіпті.
МАҚТАНШАҚ ЕСЕК
Есек орысша айтқанда «каким то образом» аяқ астынан бастық болды. Құйрығы кресло иіскеген бойда «бар билік менің қолымда екен ғой» деп, айнаға қарап мақтанды. Айналасына ақырып, кеудесін керіп бақырып маза бермеді. Ащы дауысын әдемі деді. Тіпті, «менен асқан іскер жоқ» деп, түрлі маман иелеріне тиісті.
Етікшіні еріккеннің ісі, тігіншіні түкке тұрмайтын мамандық деп кекетті. Шаштараздың штатын қысқартты. Тазалықшының сыпырғышын тартып алды. Мүмкіндікті пайдаланып есек туыстарын қызметке орналастырды.
Айлар өтті. Жылдар жетті.
Әлгі Есектің етігі тозып, жалаң аяқ қалды. Үстінде тұлдыр киім жоқ. Жалаң бұт. Төбе шашы жалбырап кетті. Отырған ортасы шаң-тозаңға айналды. Әбден азып-тозып, мазасы кеткен Есек Жылқыдан ақыл сұрады.
Жылқы:
– Есеке, әр мамандық иесінің қоғамда атқаратын өзіндік үлкен мақсаты бар. Оларды бөліп-жарып, алалауға болмайды, – деді.
Есек бірдеңе ұққандай басын қасып, қатты ойланып қалды.
ӘНШІ ЕСЕК
Ауылдың шетінде ақырып жүрген есекке көлшікте шыбын аулап отырған Құрбақа былай деді:
– Есеке, сенің дауысың керемет зор, неге әнші болмайсың?
– Қойыңыз қайдағы? Менен әнші шықпайды, – деді Есек.
Ертеңіне бұл ұсынысты өрістен келе жатқан Бұқа айтты. Есек ойланып қалды. Қарға, Әтеш, Ат қосылып:
– Есеке, шынымен де таланттысың, – деп айтқанда байғұстың көзі адырайып шыға келді.
– Иааа, мен расында әнші екенмін ғой. Бұрыннан бері қалай байқамай жүргенмін? Ана, әнші Бұлбұлдың тап менен қай жері артық? – деді.
Сөйтті де ән жаздырып жоғарыда отырған ағасына барды. Тоқпағы күшті бауыры Есекті телеэкраннан түсірмеді. Қай каналды бұрасаң, ән айтып Есек отырады. Радионы қосып қалсаң – Есек. Газет бетін ашып қалсаң – Есек. Содан жарнамасы жер жарған Есекті барлық хайуандар мен жан-жануарлар «Ее, Есек әнші екен ғой» – деп мойындап, табынушылары мен тыңдаушылары көбейді.
Сөйтіп, Есек жарқыраған «жұлдыз» болып шыға келді.
Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН.
Ақтөбе қаласы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!