Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ЕРТЕҢ…

31.03.2022, 12:00 578

Құй  сен,  құй  сенбе!

…СЫР  ЕЛІНЕ  ПРЕЗИДЕНТ  КЕЛЕДІ

Кешегі «қаңтар қасіреті» кімнің кім екенін көрсетті. Тәуелсіздік бәрінен де қымбат екенін анық сезіндік. Содан бері еліміз басқа бағытқа бұрылып, президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың таңдауымен Жаңа Қазақстан жасауға кірістік. Бұған дейін Елбасыны ерен санап келгендер күрт өзгеріп, бүгінгі мемлекет басшысын «барысқа» теліп жатыр. Өмір ғой…

Бәрін қойшы, жарқын болашаққа бастайтын көшбасшының болғаны бәрімізге керек. Ал Кемелұлына Қазақстаннан басқа «жұмақ» жоқ, әр сөзінде «мен қандай қиын сәттер болса да елмен бірге боламын» деп ашық айтты. Оны кешегі қаңтар оқиғасы кезінде бәрінен де қатты «бүлінген» Алматы қаласы халқының көңілін көтеріп, қолдау көрсету үшін Наурыз мейрамына арналған іс-шараға арнайы барғанынан бағамдауға болады. Енді Жаңа Қазақстанға қадам басқаннан кейінгі облыстарға іссапарын ең алдымен «Сыр елі – Алаштың анасы» деп айдар тағылған Қызылордадан бастағалы отыр. Дәл солай, алыстағы ағайынның хал-ахуалын өз көзімен көріп қайтуды жөн санаған президент дәл ертең атбасын біздің аймаққа бұрғалы отыр…

…ОБЛЫС  ӘКІМІ  АУЫСАДЫ

Елімізде  тұңғыш  облыс  басқарған әйел  ретінде тарихта аты қалатын Гүл­шара  Әбдіқалықованың Қызылорда облысы­на әкім болып келгеніне 2 жыл толып отыр. Ол кісі келгелі «әйел бастаған көш оңбайды» деп, көңілі толмаған жұрттың табалап, әлеуметтік желіде де, басылым беттерінде де айтарын айтып, жазарын жазып жүргенін білеміз. Өзі де кең дүние­ні  бір тарының қауызына сиғызып  жіберген пандемия кезінде келіп, құлашын кең жаза алмады. Командасы да еркін көсіле алмай, облысты өрге сүйрей қоймады. Қызылорда десе, күріші мен балығы бірінші еске түсетін өңірдің өзені – Сырдарияның суы да сирақтан келіп, сары­уайымға салып қойды. Әрине, нәзік жандыға облысты басқару оңай емес, бірақ ерлерге тән мінез көрсете алмағанымен, қал-қадерінше  көштен  қалдыра  қоймады.

Енді Наушақызы үшін бар қиындық  артта қалатын болды. Ертең Сыр еліне келе­тін мемлекет басшысы тегін жүрмеген сияқты. Біздің әкімді  өзімен  бірге  әкетуге  келе  жатыр  екен…

…АЗЫҚ-ТҮЛІК  БАҒАСЫ  ҚОЛЖЕТІМДІ  БОЛАДЫ

Бағаны тұрақтандыру мәселесі қай әкімнің де мазасын май ішкендей қылып жүр. Талай басшы осыдан таяқ та жеді. Жыл басындағы елді ала тайдай  бүлдірген  бүлік те осы бағадан басталған еді  ғой. Енді бағамен де, бұқара­мен де ойнау­ға болмайды. Содан  болар кетерінде «тұяғын соңғы рет  серпіп» қалғысы келді ме, облыс  әкімінің  аймақ  тұрғындарына  жаны ашып, базарларда  азық-түлік бағасын күрт төмендету  туралы  шешімі жарқ етіп шықты. Енді  тек бір күн, жұмада ғана барлық  төрт  түліктің  етін 1000  теңгеге,  балықты – 200, күрішті – 100,   картопты – 50,   сәбізді – 60,   қантты – 150, бір қап ұнды 5000 теңгеге алатын боласыз. Бұл шешімге жұрт бөріктерін аспанға  атып  қуанып, саудагерлердің кейбірі тегін беруге де даяр  екендіктерін  білдірді. Бірақ сенбіден бастап баға  баз  баяғы  қалпына  түседі  екен…

… ЖОЛАҚЫ  АРЗАНДАЙДЫ

«Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды» демекші, айта-айта жауыр тақырыпқа  айналған қаладағы қоғамдық көлік мәселесі әлі көңілден шықпай отыр. Қайбір жылы бір әкімнің «әптеритетімен» әлемге  әйгілі банктің қаржысына қымбат бағамен  жүздеген  автобус  алынып,  тәуел­сіз  ел болғалы болмаған  автобус  паркі құрылған еді ғой. Бүгінде жүргенінен тұрғаны көп, жолаушының қитығына тиіп болған сол автобустардың қалған-құтқанымен қала халқын «жарыл­қауды» құп көрген әкімдер мен аталған парк басшылығының «ұяты ояныпты». «Қоянды қамыс, жігітті намыс өлтіреді» деген, ертең­нен бастап  барлық бағыттағы қоғамдық көлік  жолақысы  да  екі  есеге,  яғни  қазіргі  90 теңгеден 45 теңгеге арзандайды дейді. Бірақ, енді біздің  басшылардың  беделі  арзан­дамаса  екен…

… ГАЗ  ТЕГІН  БОЛАДЫ

Біздің  аймақтан  «қара алтын» – мұнайдың  атқылап, елдің  игілігіне айнал­ғанына да 30 жылдан асып барады. Бірақ, әлгі мол байлықтың қызығын қа­рапайым  халық, әсіресе, жиырма жылдың үстінде ауада босқа жанып келген алау – ілеспе газдың пайдасын Қызыл­орданың ауылдары толық көре алмай келе­ді. Соншама жыл  ауылдағы  ағайынның «қолын қағып» келгені үшін «ұялған тек тұр­мастың» кейпі­мен жоғарғы жақтағылар пәрмен беріп, ертеңнен бастап облыс халқына, тіпті Қызылқұмның қойнауы мен теңіздің қолтығына дейінгі шет ауылдарға дейін «көгілдір отынды» тегін жеткізіп беретін болыпты. Оны айтасыз, алауды қанша жақсаңыз да, оның өтеміне бір тиын да төлемейсіз, яғни газ тегін  болады  екен.

Айтпақшы, кешегі «қаңтар қасіретіне» де осы газ бағасы түрткі болып еді ғой. Жаңаөзен халқының  табанды талабы орындалып, бағаның төмендегені  белгілі. Содан  сабақ  алған  болар, біздің өңір бәрінен  озып, газды су  тегін  қылғалы  жатыр…

Оқырманға құлаққағыс! Ертең сәуірдің 1-і екенін есіңізден шығармаңыз!

Шимайлаған  Н.АҚПАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: