Орал қаласының тұрғыны Анаргүл Әмірова көпшілікті елең еткізіп, Алтын Орда дәуірінен бері сақталып келе жатқан туды мемлекет қорғауына алсын дейді.
– Туды ары-бері алып жүре алмаймын. Қазір рамкаға салып сақтап қойдық. Себебі құрып бара жатыр. Бұл тудың мың жылдық тарихы бар. Ата-бабаларым оны сақтап келді. Үкіметтегі бүкіл бастықтардың алдына кірдім. Әлі жазып жатырмын. Ештеңе айта алмайды, – дейді оралдық тұрғын. Толығырақ «Массагет» сайтының мына сілтемесінен оқуға болады.
Алайда журналист Асылхан Мамашұлы Анаргүл Әмірованың сөзіне күмәнмен қарайды.
– Бұл әйелмен 2019 жылы кездескем. 2018 жылы Түрікменстанды да біраз шулатқан. Сосын назарымыз ауып, сөйлестік. Бірақ алақанымызға түкіріп сұқбат ала салмадық, жөн білетіндерден сұрастырып көрдік.
Жалғыз бармадым, Алтын Орданың Жошы ұлысы бойынша тарихшы маман, досым Қанат Өскенбаймен бірге бардым.
Анаргүлмен сөйлескен соң бүкіл түйгенімді бір парақ қағазға жазып қойған екем. Соны мұртын бұзбай жариялай салайын.
Түйін: Анаргүлдің қолындағы артефакт тарихи дүние болуы мүмкін. Екі басты самұрық құстың бейнесі бар мата тозған. Көлемі өте шағын, шамамен 20х30. Бірақ бейне анық көрінеді. Одан өзге ескі киімнің жыртындылары мен тот басып, сынып қалған қылыш бар.
Анаргүл бұл жөнінде Қазақстандағы көптеген тарихшылармен, археологтармен сөйлескен. Кейбірі штандарт, кейбірі ту болуы мүмкін деген, бірақ нақты сараптама жасау қажеттігін айтқан.
Академик Карл Байпақов та осындай анықтама жазып берген.
Анаргүл Қазақстанның мәдениет және спорт министрі кеңесшісінің қабылдауында болған.
Астанада түркі халықтары академиясының президенті Дархан Қыдырәлімен, оның жанындағы бір топ тарихшылармен кездескен.
Одан соң Астанадағы музейлердің бірімен келісіп, ол музей артефактіні алып қалған және реставратор Қырым Алтынбековке тапсырған. «Қырым Алтынбековтің лабораториясында 6 ай жатты, ол тегін реставрация жасамаймын» деген соң алып кеттім дейді.
Анаргүл президент Назарбаевтың қабылдауына да бармақ болған, бірақ оған кіргізбеген.
Анаргүл Ресей реставраторларымен байланыс орнатқан. Олар толық жауап бермеген, реставрация жасауға шамамен 12 мың доллар қажеттігін айтқан.
Менімен бірге ере барған ғалым Қанат Өскенбайдың сөзінше, «тарихи мата материалға реставрация жасайтын маман Павлодар қаласында бар». Ал, Анаргүл оны да білетін болып шықты.
Павлодар қаласындағы маман тіпті, тегін реставрациялауға келісіпті, бірақ оған не себептен екені белгісіз, Анаргүл қолындағы материалды бергісі келмейді(!). Анаргүл осы артефактіні реставрациядан өткізіп алған соң қомақты қаржы сұрағысы келеді.
«Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған» коттедж проектісін архитекторларға сыздырып алған.
– Оның құрылысына шамамен 1,5 миллион АҚШ доллары керек. Осы коттеджді Алматыдан, Астанадан немесе Оралдан салып берсе қолымдағы материалды берер едім,- дейді.
Анаргүл «мүмкіндігі шектеулі балалар менен түрлі көмек сұрайды» дейді. Не себептен сізден көмек сұрайды деген сауалға толық жауап бере алмады.
Өзі мектепте екі жыл жұмыс істеген. Екі жылдан бері сетевой маркетингмен айналысады. Жалпы, өзінің бұрынғы, қазіргі негізгі кәсібі туралы айтқысы келмейтіні байқалады.
Ақшам жоқ, әрең күн көріп жүрмін дейді. Астанадағы бейбітшілік және қоғамдық келісім музейіне өткізген артефактілерінің арасында басқа да археологиялық заттар жүр. Соның ішінде бір құмыра бар. Оны қайдан алдыңыз деген сұрағыма, біреуден 800 долларға (!) сатып алғам (!), музейге тегін (!) бердім дегенді айтады.
Анаргүл «артефактілер әкемнен қалған, әкем совет кезінде музейге өткізбек болғанда музей қабылдамаған» дейді. Әкесі Анаргүлге бұл артефактілердің қайдан келгені туралы айтпаған көрінеді. Анаргүл бұл жөнінде де таратып айтқысы келмейді.
Анаргүл қолындағы материалдың түрікмен тарихына қатысы бар, енді Түрікменстан президентіне хабарлассам деп армандайды.
Қорыта айтқанда, оның шын мәнінде артефактілерді ата-бабасынан бері қарай сақтап келе жатқан отбасыдан шыққанына сене алмадым.
Бұл жөнінде тарихшы Қанат Өскенбай арқылы өзге де тарихшылардың пікірін сұрастырдым. Олардың бәрі де Анаргүлдің мәселесімен таныс болып шықты. Бірақ олар да Анаргүлдің сөздеріне сенбей отыр.
Атыраудағы ортағасырлық Сарайшық қаласынан «қара археологтар» тауып алған артефактілер болуы мүмкін деп жорамалдайды. Анаргүлдің Қазақстан мен Ресейдегі тарихи артефактілермен шұғылданатын мамандарды өте жақсы білетіні де күмән тудырады.
Осылай. Анаргүлдің туын Алтын Орданың туы деп іліп қойсаңдар да қарсылық жоқ. Бірақ әртүрлі сұрақ қойып, жеке өзімен сөйлескен соң күмәндануға хақым бар, – деп жазды журналист.
Ел тарихындағы жәдігерлерді түгендеген жақсы-ақ. Бірақ, оны саудаға салып, елді дүрліктірмей ғылыми жолмен дәлелдесе нұр үстіне нұр болар еді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!