Бүгінгі сатира
Президенттер де адам. Бір күні Түркия, Украина, Ресей президенттері карта ойнауға келісті. Кәдімгі «Дурак» ойыны. Қазақша «Ақымақ». Немесе, алтылық. Ресей президенті карта таратып отырған Владимир Зеленскийге көзінің қиығымен жақтырмай қарап қояды. «Күшік! – деді ол ішінен, – соғыста біз жеңеміз! Ресей – ұлы держава!» Зеленский де картаны әр таратқан сайын: – «Слава Украина, слава Украина!» – деп күбірлеп қояды. Ердоған мырза да ішінен: «Е, Путинеке, Қазақстанға кім тиіссе, біз солармен біргеміз! Мұсылмандар жасасын! Ататүрік жасасын!» – деп тынып отыр.
– Күзір – Тұз! -деді Зеленский.
– Сенің алдың құз! – деді Путин.
– Аттасым, братан, «Арнайы операция» деген сылтаумен елімізге соғыс аштыңыз. Әлі соғысып келеміз. Біз жеңеміз! – деді Украина президенті.
– Шоумен! – деген Путин орнынан ұшып тұрып, кабинеттен шығып кетті.
Зеленский оны жетектеп, орнына қайта отырғызды.
– Жаман ашуланшақ екенсіз, карта ойнайық та?
– Картадан да жеңілесің!
– Мырзалар, ойынды бастайық, – деді Ердоған мырза.
Путин ойланып отырды да, Зеленскийге қарап:
– Жүр, боқмұрын, – деді.
– Жеті қиық.
– Қатынмен басам! – деді Путин.
– Ол қандай қатын? – деп сұрады Түркия президенті Ердоған мырза салмақты сөйлеп.
– «Дама» қарға дегенім ғой.
– «Дама шыбын», – деп жүрді Зеленский.
– Шыбын ұшып кетеді. Алты шыбынмен басамын, – деді Путин сызданып.
– Алты шыбын дама шыбынды баспайды ғой? Жаман зорлықшылсыз ғой? – деп қалды Зеленский.
Путин оған жақтырмай қарады. Орнынан ұшып тұрып, шығып кетіп еді, шошқаның салысын нан үстіне салып, қайта келді. Асықпай жеді де:
– Қырым, – деді.
– Немене, Қырым? Ондай карта жоқ, – деп таң қалды Зеленский.
– Корол шыбын! Король – Қырым!
Түркия президенті біраздан соң ойынды таза аяқтады. Енді екі Владимир қалды.
– Валет! – деді Путин.
– Атасына нәлет! – деген Зеленский картаны басты.
Ойынның соңында Зеленский:
– Дурак! – деп алтылық көзірді көрсетті, – Жеңілдіңіз, Путин ағай, слава Украина!
Бұл ойынды интернет арқылы онлайын тамашалап отырған Америка президенті Байден мырза тілін шығарып, мазақтап отырды. Шіркін-ай, жер бетінде соғыс атаулы болмаса екен!
Мұхтар ШЕРІМ
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!