БҮГІНГІ САТИРА
Әйелім, бала-шағаммен келе жатқан едім. Қаланың шыға берсінде көлік инспекторлары тоқтата қойды. Тоқтай қалып едім, инспектордың бірі қолын шекесін қойып:
– Инспектор Інішбек Қарынбаев, — деді, – құжаттарыңыз.
– Міне. Бәрі дұрыс жазылған. Әріп қателері жоқ.
– Кабинадан шығыңыз.
Шықтым.
– Бері жүріңіз.
Екеуі мені өртеніп, қаңқасы қалған автобустың артына алып келді. «Бұлар мені тонамақ болды ма?» деп тұрмын ішімнен. Бір кезде ілмигені қолғап киіп, ортасынан кесілген баклашканы ұсынды:
– Мынаған дәрет ал.
– Ойбай!
– Ойбайлама.
– Не үшін?
– Айтқанды тыңда. Жаңа ереже бойынша дәретіңді арнайы құрылғымен тексереміз. Ішіп алғансың ба, жоқ па? Нашақорсың ба, жоқ па?
– Беті аулақ, мен өмірімде арақ ішіп көрген емеспін.
– Енді не ішесің?
– Тек коньяк.
– Уақыт жоқ, дәрет ал.
– Жолға жүрерде дәрет алып қойған едім.
– Қалған жоқ па?
– Құдайақы жоқ.
– Ышқынып көрсеңші.
– Айттым ғой, жаңа үйде…
– Көлігіңде су бар ма?
– «Маски шай».
– Ішіп ал.
«Мыналар пара алудың жаңа жолын тапқан ба? Бұл қандай реформа өзі?» деп басым қатып, көлігіме келдім. Әйелім:
– Не дейді? — деп сұрады.
– Полиция емес, медсестралар екен, — деп ашуланып, «Маски шайдың» бірін қойын қалтама салып, бірін сылқылдатып ішіп алдым.
– Бері жүр, — деді жіңішкесі.
– Күте тұрайық та, бойыма тарасын, — дедім мен.
– Жүр, күтіп тұратын уақыт жоқ.
Үшеуміз автобус қаңқасы артына бардық. Жіңішкенің қасындағы «толыстыйы» маған кесілген баклашка ұсынды.
– Мен немене түбі тесік шелекпін бе? Бойыма тарасын да.
– Уақыт жоқ, бол тез!
Ол екеуі сөйлесіп тұрғанда қойнымдағы «Маски шайдан» құйып ала қойдым. Сөйттім де:
– Міне, зорға қуып шығардым, — деп қолдарына ұстата салдым.
Олар ары тексерді, бері тексерді, ақырында «қант диабеті» деген диагнозын айтып, шығарып салды. «Маски шай» тәттілеу ғой. Ой, Алла-ай, осындай да болады екен! Айтпақшы, жолға шығарда дәрет алдыңыз ба? Болмайды ойбай, рұқсат жоқ!
Мұхтар ШЕРІМ
Фото: meme-arsenal.com
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!