Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Чаттағы «шайқас»

29.07.2025, 8:45 192

HALYQLINE.KZ

Бүгінгі  сатира

Біреуге тиіспесе, түймесі үзіліп қалатындай жүретіндер, жығылып жатып, сүрінгенге күлетіндер, «үрмейтін» жерде «үретіндер» болады. Интернет ватцапындағы «Қалт-құлт еткендер» атты зейнеткерлер тобына (группасына) қосыла қойып едім, қызықтың көкесін, ата-бабасын көрдім. Чаттағы «шайқасты» тізбелеп берейін:

– Әй, группаның жиналысына неге келмедің?

– Ойбай, айлық беріп отырсың ба, баяғы кеңес заманындағы «зав фермаға» ұқсамай, жайыңа отыршы!

– Біліп қой, мен «Қалт-құлт еткендер» группасының бастығымын! Неге ақша төлемейсің?

– Не үшін?

– Менің құдам қайтыс болды, соған 20 мыңнан жинап жатырмыз ғой.

– Ол сенің құдаң ғой, неге жинаймыз?

– Не, сенің құдай шайтан ба? Сен «Ыңқылдағандар» тобында барсың ба?

– Ия.

– Бөтен группада неғып жүрсің?

– Қыдырып.

– Сені топтан тоңқалаң астырып, шығарып тастаймын!

Келесі күнгі «шайқас»:

– Өлең сала бермеші Байтимес! Өлеңіңе құсқым келеді.

– Алқаш екенсің ғой! Құссаң, басқа группаға барып құс!

– Адамдар өледі, өледі, Оны күрекпен көмеді. Сөйтіп қабірде, Светі сөнеді — депсің. Осы да өлең бе?

– Үйбай, жұмысың болмасын! Сен де жетпіске келіп алып, тыржалаңаш қыздардың суретін жіберіпсің ғой!

– Өтірік айтпа! Менің жекеме келген. Чатқа салғанша көйлектері сыпырылып түсіп қалыпты.

– Қақпас!

– Құрып кетші, саған ешкім жақпас!

Келесі «шайқас» былай өрбиді:

– Тырибек, чатқа «баяғыда осындай сигарет болушы еді, осындай арақ болушы еді, осындай рубль болушы еді, осындай лимонад болушы еді, ностальгия!» деп сала бермеші!

– Сен ше? Таң атпай «қайырлы таң» деп жазасың, түсте «қайырлы түс!» дейсің, кешке «қайырлы кеш», түн жарымында қайрлы түн, түнгі үште «қайырлы ұйқы!», сағат бесте «таңертең оянбай қалмаңдар!», таңғы алтыда «тұрдыңдар ма? Беттеріңді жууды ұмытпаңдар» деп ақыл айтып жаза бересің! Ұйықтайсың ба өзің? Сенің жазғандарыңды оқимын деп төрт күн болды ұйқы көргенім жоқ!

Міне, чаттағы «шайқас» осындай, бірлік, тірлік жайлы жазбайды ойпырмай…

(«Біз ұялмаймыз» кітабымнан. Авторлық құқы қорғалған театрлар үшін. Ватцапқа тарата беріңіздер!)

Мұхтар  ШЕРІМ

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: