Ауылда мәдениет үйі директорының орны босады. Бос орынға таласушылар көп болды. Ауыл әкімі Талтаңбай Салпаңбаев сахнада жиналыс жасады.
— Менің балам директор болуға лайық, — деп сөзін бастады көп жылдан бері кітапхана директоры болған Биғаш апай.
— Ойыбай, сенің балаң домбыра да тарта алмайды. О, несі-ай, — деп бұрқ ете қалды Майжан.
Ол – мектеп директорының әйелі. Бұл қызметті көздеп жүргелі көп болды.
— Доғарыңдар, бұл орынға менің ұлым келгені дұрыс. Ол өзі өнерлі, сахнада ән айтады, би билейді, — деді бас маман Қыртық.
— Сіздер неменеге дау шығарып отырсыңдар? Бұл қызметке біз конкурс жариялаймыз, — деді әкім.
— Ауылға конкурспен ешкім жұмысқа келмейді. Өзіміз сайлаймыз, — деп зейнеткер Мыртық заңды белшесінен басты.
— Екі дипломы бар менің балам үйде отыр. Қолынан бәрі келеді, — деп жылады мәдениет үйінің еден сыпырушысы Мәлика.
Мәликаға Әзима, Қалима қосылып, үш дауыста дауыс етті.
Бұл таластың аяғы төбелеске айналатынын сезген әккі әкім айлаға көшті.
— Құрметті ауылдастар, мен сіздерге бір жұмбақ жасырамын, егер кім тапса, соның баласы мәдениет үйіне директор болады, — деді.
— Өте дұрыс шешім, — деді бас маман Қыртық мұрты жыбырлап.
— Қазақтың ұртын рақаттандыратын тағам?
Мәдениет үйіне тыныштық орнады. Жұмбақты дәл тапқан адам бос орынды иеленеді. Әкім шытырман жұмбағымен талай қызметті таныс-тамырларына әперіп жүр. Аңқау халық білмейді.
— Мен таптым, ол сағыз, -деді біреу
— Сағыз тағам емес, қазақтың ұртын рақаттандыратын тағам суға піскен вермишель, — деп қойып қалды Қоңқыш.
— Мүмкін пияз шығар, — деді арақтан аузы құрғамайтын Майлыбек.
— Дұрыс емес, — деді әкім.
Әкімде шешілмейтін жұмбақ көп.
— Сарымсақ болар, — деді тағы бір кісі.
Сонымен жұмбақ шешілмеді. Әкім қуанып отыр. Әйелінің інісіне қызмет дайын тұр.
— Құрт, — деп дауыстады бір кемпір.
— Кімді құртайық? — деді бас маман Қыртық.
— Қазақтың ұртын рақаттандыратын тағам – ол құрт, — деймін.
Жұмбақ шешілді. Әкімнің бет-аузы жыбырлап кетті. Бірақ, шешуін тапқан әжейдің баласы жоқ. Талас қайта басталды. Әзірге орын бос тұр…
Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН,
Ақтөбе қаласы
Карикатура: anekdot.ru
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!