Кабинетінде отырған директор тетікті басып еді, лып етіп хатшы қыз кірді.
— Бас инженерді шақырыңызшы, — деді директор.
— Қазір, Игорь Александрович, — деп хатшы қыз келген ізімен шығып кетті де, көп ұзамай жылдам басып бас инженер кірді.
— Сәлеметсіз бе, Игорь Александрович, — деді инженер кіргеннен елп етіп.
— Сәлемет пе, Виктор Иванович, — деген директор инженерге тесіле қарады. – Айтшы, осы біз не өндіріп жатырмыз?
Күтпеген сұрақтан сасқалақтап қалған инженер қапелімде не дерін білмей күмілжіді де қалды.
— Түсінем, директор мырза… Дегенмен, сөзіңіздің жаны бар. Тауардың сан алуандығы жағынан онша емеспіз. Сападан гөрі жоспарды орындауға көп мән беріп келдік… Бірақ…
— Тоқтай тұр, сен сөзді басқа жаққа бұрма. Мен сенен «біз қандай өнім өндіреміз?» деп сұрап тұрмын.
— Әрине, өнімдеріміздің сапасы әлемдік стандартқа сай емес. Бірақ тауар жеткізушілер…
— Сен тағы да сұрақтан ауытқып кеттің. Мен сенен: «біз не өндіреміз?» деп сұрап тұрмын, миың бар ма өзіңнің?
Директордың ашудан көзі шақшиып кетті.
— Иә… — деді инженер кібіртіктеп, — сіз… жарнамалау жұмыстарының кемшілігін теріп айтқыңыз келген болар… Білесіз бе, серіктес кәсіпорындар үнемі бізді ұятқа қалдыра береді…
Ашуға мінген директор шыдай алмай орнынан атып тұрды.
— Сен не оттап тұрсың?! Мен сенен: «БІЗ ҚАНДАЙ ӨНІМ ӨНДІРЕМІЗ?» деп сұрап тұрмын ғой. Кеше осында асығыс-үсігіс ауыстырғандықтан, қандай өндіріс орнына директор болып тағайындалғанымды әлі білмеймін, түсіндің бе?! — деген директор сабасына түсіп, орнына қайта жайғасты: – Сонымен, нақтылай кетсең, біз не өндіреміз?
Юрий Рихтер, Ресей сатиригі.
Аударған Үміт ЗҰЛХАРОВА
Фото: papik.pro
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!