Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бейшара балықшы

04.06.2024, 15:25 207

HALYQLINE.KZ

Бүгінгі  сатира

(Кезінде Жүсіп Ақшора «Тамашада» орындаған)

– Е, жаратқан ием, – деп алақанымды жайдым, – мен сияқты жарымаған бейшараға алтын балық қимасаң да, «обедке» жететін бір ит балық болса да, бірдеңе бере гөр! (Қошқарата өзеніне қармағымды салдым!) Бісміллә… Е, құдай, тілегімді бере гөр! (Қалытқым бүлк-бүлк етіп, батып кеткенде, тартып қалдым!) О, атауыңды жегір! Шылаушанымды жеп қойыпты! Рақмет айтса болады ғой?! (Қармағымды қайта салдым, ішім ұлып барады…) Шіркін-ай, бір алтын балық қапса ғой… Сөйтіп бір сөйлеп кетсе, «ей, нищий, өз елінде, өз жерінде сорлы болған қазақ! Мұнай компанияларындағы қазақ жұмысшылары сорлы, ал, келімсектер бақытты жұмысшылар! Айлықтарың жер мен көктей! Ал сен ит балық ұстап отырсың!» деп ұрысса… Ұрысса, ұрыса берсін! Айналайын, алтын балық! Мен аш-жалаңашпын! Әкімдер «халық ауқатты!» деп өтірік ақпар береді… Бәрі қымбат, нан да, шұжық та… Қымбатшылық кесірінен әйелімнің төстартқышын ортасынан қиып, екі балама тақия етіп кигізіп қойдым! Үш тілегіңді айт деймісің? Ойбай-ау, мынау тілегіңді айт деп тұр ғой… Апырай ә, не десем екен а? Осындайда ойыма ештеңе келмей қалады… Әйтпесе, жетпейтін нәрсе көп қой… Миллионер болайын ба? Екінші тілек деймісің? Өй, айналайын, жылтыраған құйрығыңнан! Не сұрасам екен а? Сұлу-у қыз… Ойбай, қай-қайдағыны айтып… Үшінші тілек? Не десем екен, а? Кредит? «Джип?» Ойбай, не деп кеттім? «Джиптен» ар қымбат, намыс қымбат. Болды деймісің? Туу, қолымнан жылп етіп, өзенге түсіп кеткенін қарашы? Ұятсыз алтын балық!

Тағы бір көрейінші… (Қармағымды тартып қалдым…) Ойе-бай, мынау қандай қағаз? Балықтар хат жазып жіберіпті-ей? Оқиыншы… «Құрметті бейшара! Немене пәле, қармағыңдағы шылаушаныңыз ап-арық, жеуге жарамайды. Бізге колбаса, ет, нан салып жіберсеңіз қайтеді? Өйтпейді екенсіз, аштық жариялаймыз! Қол қойғандар: ит балық, сазан балық, акула, кит…». Өй, арамдар десе! Колбаса, ет болса, сендерге беріп нем бар, өзім же-е-еп жатпаймын ба, үйде?

Жыным келіп, қармағымды тағы лақтырдым. Бір кезде бүлк-бүлк… Тағы тартып қалдым. Тағы да хат жазып жіберіпті. Оқиыншы… «Қазақ елі! Қазақ елінің азаматтары! Жағымпаздар елі, парақорлар елі, мақтаншақтар елі, Отанын сатқандар елі болып кеткендеріңді білесіңдер ме?». Дереу қалтамнан қағаз-қалам алып, балықтарға үшбу хат жаза бастадым! «Айналып кетейін, ақылды балықтар! Аман-есен жүзіп, бала-шағаларыңыздың, ой, кешіріңіздер, майда шабақтарыңыздың, уылдырық шашқандарыңыздың қызығын көріңіздер! Балықбайларыңыз үйленіп, Балықбикелеріңіз тұрмысқа шығып, немере балық сүйіңіздер! Қошқарата өзені өмірі лайқа болмасын, жағасындағы жындыбастар қоқыс тастамасын! Біз «Жаңа Қазақстан» атанайын деп жатырмыз! Сәлеммен, адамдар атынан МЕН ҒОЙ…» деп хатымды умаждап-умаждап, өзенге лақтыра берген едім, полиция инспекторлары қолымды қайырып, «сақалың өсіп кетіпті, уахабист екенің рас па? Шпион емессің бе?» деп алып кетті…

Жаса, Қазақ елінің полицайлары! Қуанғанымнан жылап жібердім… Түрменің тегін тамағы елестеп кетсе қайтемін енді…

Мұхтар  ШЕРІМ

 Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: