(мысқыл)
Бір бизнесмен қаланың қақ төрінен зәулім мейрамхана салады. Бірақ, жұмысы қарқынды жүрмейді. Халық келесі көшедегі асханадан шықпайды. Кезекке тұрып тамақ ішеді. Әлгі саудагер мұның себебін іздейді. Айналасында етегін ұстап қаумалап жүргендерден ақыл сұрайды. Ақыры мынандай шешімге келеді. Мейрамханадағы сыртқы есікті қымбат металмен қаптап тастайды. Ешқандай өзгеріс жоқ. Назар аударған адам баласы болмайды. Терезелерін ауыстырады. Ешкімнің көзі түспейді. Содан төбесін әдемі жылтырақ таспен әшекейлеп безендіреді. Бәрібір жұмысы жүрмейді. Әбден ызасы қайнайды. Көмекшісін шақырып алып, мейрамханадағы ас қасықтар мен шанышқыларды алтыннан жасауды бұйырады. Түк те әсер етпейді. Ас мәзірдегі тағам бағаларын көрші асханадан арзанырақ етіп қояды. Эстрада жұлдыздарын шақырып, жарнаманың түр-түрін жасайды. Келушілер саны он шақты адамнан аспайды. Миллондаған шығын далаға шашылады. Ақыры көшеде отырған бір қариядан ақыл сұрайды.
– Айтыңызшы, менің мейрамханамнан халық неге түстенбейді? Анау азып тұрған асханадан қай жері кем? – дейді.
Қария ойланып отырып былай дейді:
– Шырағым, сол мейрамхананы түгелдей алтынмен аптап, күміспен қаптасаң да адамның келмей тұрған басты себебі мынау?
– Ол қандай? – деп басын қасыды бизнесмен.
– Ең бастысы, сен бас аспазыңды тезірек ауыстыр, – дейді.
Бұл сөз оған өте ауыр тиеді. Өйткені, оның қасында сырттан адам жоқ. Амалы құрыған мейрамхана иесі қарияның айтқанын орындайды. Сол-ақ екен асы дәмді мейрамханаға халық ағыла бастайды.
Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН,
Ақтөбе қаласы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!