Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Барлық елдердің құмырсқалары, бірігіңдер!

22.09.2025, 9:20 191

HALYQLINE.KZ

Бүгінгі  сатира

(«Ақылды ақымақтар» сатиралық романымнан үзінді)

Мәссаған! Құйын Жасанды интеллектінің кереметімен соғыс өрті шарпыған Маринка қаласы іргесіндегі орман маңына… Құмырсқа болып түсті. Неге екені белгісіз, мұнда құмырсқа күйінде біраз жүріп қалды. Бір бұлаққа жақындады. Кенет өзін-өзі көріп шошып кетті.

– Мә, таза құмырсқа болып кеткенмін бе? Мәссаған, алты аяғым бар екен ғой!

Ол одан әрі қыбырлап келе жатқанда, алдынан сары құмырсқа сарбаздар шығып:

– Тоқта! Пароль! — деп қалды. Бұл құпия сөзді қайдан білсін, алдыңғы екі аяғын жоғары көтергеннен басқа. Тұтқынға алынып, илеудегі блиндажға әкелінді. Сары құмырсқалардың генералы болса керек, жылы жымиып:

– Қайдансың, қызыл құмырсқа? — деп сұрады.

– Қазақстан құмырсқасымын.

– Формика руфадан екенсің ғой!

– Қазақстан деген елденмін. Біз бейбіт құмырсқалармыз. Соғысты қолдамаймыз.

– Естуім бар, біз міне төртінші жыл қара құмырсқалармен соғысып жүрміз. Елімізді, жерімізді қорғап жүрміз. Қаншама құмырсқа босқын болып кетті…

Құйын-құмырсқа ақылды көрінгісі келді.

– Біздің қызыл құмырсқалар өте қонақжай, тістеп келе жатқан дәнімізді біреу сұрай қалса, бере саламыз ғой. Бейбітшілік бәрінен қымбат, бауырым.

Кенет қара құмырсқалар төтеннен шабуыл бастады. Оларды Лэйсиус Найжерлер деп атайтын, (Ресейдің басқыншы құмырсқалары ғой деймін) сары құмырсқалар–Лэйсиус флавустардың (қорғанушы Украина құмырсқалары болса керек) илеуіне қарай сырықтар, жантақ тікендерін ұстап, арықтардан жапырақтарды қайық етіп алып өтіп, қаптап келеді. Қырғын шайқас басталып кетті. «Ресей мен Украина соғысын естіп-біліп жатырмыз, мынау да тура соның кебі ғой!» деп қиналды. Тіпті жүрегі ауырып, құмырсқалық инфаркт ала жаздады. Бір кезде өзі де шайқас ортасында жүргенін байқады. Қолында жантақ тікені жоқ, әйтеуір қара құмырсқалардың басшысын іздеп келеді. Бір кезде алдынан бір қара құмырсқа шыға келіп:

– Не ғой, темекің бар ма? — деп сұрады.

– Насыбай атып жүрмін.

– Ол не?

– Кәйіп…

Қара құмырсқа өзіне бас салды. Әрең дегенде қашып шығып, сары құмырсқаларға қосылды. Кенет жаңбыр жауып кетіп, қара құмырсқалардың көбі ағып кетті. Сөйтіп, бүгінгі шайқас аяқталған болды. Сары құмырсқалар гарнизонының генералы:

–Біз БҚҰ-на кіреміз деп едік, пәлеге қалдық… — деді.

– Ол не, БҚҰ? -деп сұрады Құйын-құмырысқа.

– Біріккен ұлттар ұйымы сияқты ше…

– Біріккен құмырсқалар ұйымы, — деді үш аяғын мина жұлып кеткен жаралы құмырсқа.

– Жоқ, екі жақ келісімге келіңдер! Америка құмырсқаларының лидері келісімге шақырып жатыр ғой. Жерге, илеуге таласпаңдар. Құмырсқалар қасірет шекпесін! — деп жалынды сөз сөйлеген Құйын өзіне таң қалды. Содан кейін Қазақ елі туралы мақтай жөнелді.

– Біз бейбітшілікті қалайтын елміз. Кезінде атом бомбасынан да бас тарттық. Қонақжай құмырсқалармыз. Жемқорлықпен де әлемді таң қалдырып келеміз…

Ол кетерінде:

– Соғысты тоқтатыңдар, өтініш. Майда-майда шмаль балаларың жетім қалмасын, — деген ол сөзінің аяғын: «Барлық елдердің құмырсқалары, бірігіңдер!» деген ұранмен аяқтады…

Мұхтар  ШЕРІМ

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: