БҮГІНГІ САТИРА
(«Ақылды ақымақтар» сатиралық романымнан үзінді)
Осы сатиралық романның авторы Мұхтар Шерім ақкөңіл адам ғой, кейде кейіпкерлері кенеттен қайтыс болып кетсе қайғырып, тіпті оңашада жылап алатыны, көзін жаспен шылап алатыны бар. Бір күні сықақшы кейіпкерінің ойда-жоқта сотталып кеткеніне жаны ашып, Байназарды түрмеге іздеп келді. Ал Байназардың түрмедегі өмірі бірқалыпты еді: таңертең сұр шай, түсте сұр ботқа, кешке сұр ойлар. Камерадағы төсек те, тұтқындардың түрі де бір түстес. Тек оның ішінде бір түрлі кек қайнап жатты. Күзетші есік ашып:
– Саған келген біреу бар, — деді.
– Кім? Прокурор ма? Әйелім бе?
– Жоқ, — деді күзетші тісінің арасынан күліп, – автормын дейді өзін. Мұхтар Шерім деген біреу…
Байназардың қолындағы темір кружкасы жерге түсіп, тарс ете қалды.
– Анау ма? Менің тағдырымды қаламмен шытынатқан сол неме ме?!
Күзетші иығын көтеріп:
– Қалам ұстағандардың бәрі сондай, –- деді де, есікті ашты.
Байназар арнайы сөйлесетін бөлмеге келді. Ішке Мұхтар кірді. Үстінде әдеттегідей күртеше, қолында дәптер. Көзінен «әдеби аяушылық» байқалғанымен, Байназар оны «жалған мейірім» деп қабылдады.
– Ассалаумағалейкум, кейіпкерім, — деді Мұхтар абайлап жақындап.
– Не бүлдірдің?! — деп Байназар орнынан атып тұрды, – сен менің тағдырымды шұжықтай турадың! Енді міне, түрмеде түкірігім кеуіп отырмын!
– Е, ол көркемдік шешім ғой, — деді Мұхтар саспай, – оқырман күлсін деп…
– Оқырман күлді, мен жыладым! — деді Байназар ызаланып.
– Кешіріңіз…
– Кешірмеймін! «Бояушы, бояушы дегенге сақалын да бояпты» дегендей, аямадың ғой! Қолыңнан келіп тұрғанда облыс әкімі ете салмадың ба? Жан-жағымды жайпап қалатын…
Автор ыңғайсызданып қалды.
– Келесі романымда жағымды кейіпкер етемін.
– Керек емес! Жүрейін сол, анау романнан мынау романыңа салпақтап… Одан да…
Ол автордың құлағына сыбырлады:
– Мықты адвокат тап. Мені түрмеден шығарып ал. Болмаса, басқа оқиға ойлап тапсаңшы! Қанша керек өзіңе? Бір миллион берсем бола ма?
– Пара алу – қылмыс. Оқырмандарым «парақор жазушы» деп күліп жүрсе…
– Жынды екенсің ғой. Не үшін келдің?
– Жаным ашып…
– Міне, нағыз ақымақсың. Қысқасы, мен ары қарай кейіпкер болудан бас тартамын!
– Ол жағы сіздің қолыңызда емес…
Кенет Байназар дәптерді жұлып алып, автордың басына сарт еткізді. Мұхтар Шерім атып тұрып еді, тағы да басына қойып қалды. Енді ол авторды қуалап жүріп, дәптермен ұра бастады. Мұндай да болады екен-ау! Жүгіріп келіп, күзетшінің артына тығылып еді, екеуін қоса ұрып тастады. Қолындағы дәптері жыртылып кетті. Түрме бастығы өтіп бара жатыр еді, оның да басына сарт еткізді. Ол тұра қашты. Түрме мейірбикесі қорыққанынан өзі басын тосты. Дәптер басына сарт етті. Бөлме ішін ұшқан қағаздар мен күзетшілердің күлкісі толтырды. Сәлден соң екеуі шаршап, бір бұрышқа отырды. Байназар атып тұрып, автордың жағасынан алды. Тіпті бетіне түкіріп жібергенімен қоймай, бір ұрып, шалқасынан түсірді. Кезекші жүгіріп келіп, Байназарды орнына отырғызды.
– Уақыт аз қалды, тездетіңіздер, — деді.
– Әй, осы автор ғой, мені де, сені де жазып отырған. Кел, құйрығына теуіп-теуіп, шығарып жіберейік!
Сол екен, кезекші мен Байназар жабыла кетіп, авторды көшеге дейін тепкілеп, қолына қураған бір уыс шөп ұстатып, басына жұмыртқа жарып, біраз жерге дейін шығарып салды. Автор президентке ода жазып жүрген ақындарға барып, жанрын өзгертіп жібермесе жарар еді. Кешікпей түрме қабырғаларында: «авторды кейіпкерінен сақтасын!» деген жазу пайда болды…
Түрменің аты да өзгеріпті. Былайғы жұрт «Көркем колония» деп атайды екен. Арада айлар өткенде Байназар «жұмбақ жағдайда» асылып қалды…
Мұхтар ШЕРІМ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!