Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Автобустағы апай

05.09.2025, 9:50 282

HALYQLINE.KZ

Бүгінгі  сатира

Әнші болу оңай! Тіпті министрлер мен депутаттарға дейін ән айтып, той бизнесті бастап кеткен сияқты. Үкімет таңғы жұмысын әнмен бастайтын сияқты. Не мәтіні, не әні оңбаған шуылдақтардан құлағы тұнған Қазақстан! Инстаграм дейсіз бе, Тик-ток дейсіз бе, той бизнес пен ән бизнестің дәурені жүріп тұр. Ұялмаған әншілер дауыстарын техника арқылы жөндеп алып, бір күннің ішінде жұлдыз болып шыға келеді! Тіпті бар ғой, автобуста келе жатсаңыз, бір келіншек:

– Мен сені сүйе-ем, мен сені сүйдім. Газың жанып, отыңа күйді-ім! — деп өзінің бетін сипалап, отырып, тұрғанда жанындағылар жалп ете қалмаса да, селк ете қалады. Сөйтіп, ол бір еркекке тесіле қарап: – Маған қарамадың, мүлде жарамадың, мен сені жаным, бомж деп шамаладым… — деп көздерін жұма құшақтай алыпты! Жанына әйелі тұр екен, әншісымақтың бетін тістеп алған… Ал, әншінің бар мақсаты – Тик Ток жұлдызына айналып, әлеуметтік желіден ақша табу ғана болатын.

Осындай «өрелі» өнер шықты. Кенеттен ұшақта да: «Ұшып барады ұшақ, Қайда маған құшақ! Неғып отырсыз? Ескерткіш құсап!» дегенде ұшақтың өзі дір ете қалған ғой. Сөйтіп өзін ұялы телефонымен түсіріп тұрады. Пойызда да осы «өнер». Бір қария әнші қыздың ауызын алақанымен жапқан. Тағы бірі басына ақ жайма ораған. Жайманы жұлып алса: «Пойыз, пойыз, пойыз, Пойыз пойыз, пойыз!» деп әндетіп тұр дейді. Басына бос сөмкені төңкере салса да: «қорс-қорс, қорс-қорс!» деп пойыздың жүрісін салып тұр дейді. Полиция шақырған екен, екеуі қосылып ән шырқап тұр дейді. Тіпті бар ғой, парламентте де бір министр өтірік есеп беріп жатқанда, ызаланып кетсе керек, бір депутат апай: «қалайша қиямыз, парламент ұямыз, өтірік есепті, біз қашан тиямыз…» деп шыңғыра әндеткенде, қасында отырғаны ТикТок үшін түсіре бастаған. Депутаттар бірден бұрылып қарай бергенде, мойындары қисайып қалыпты. Бүгінде депутаттың көбі қисық мойындар. Бәрі қисайып қалған. Қисық заңдар содан кейін шығып жатыр деседі…

(Ұры театрлардың әртістеріне айтарым: авторлық құқым қорғалған).

Мұхтар  ШЕРІМ

Фото: papik.pro

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: