Бүгінгі сатира
Президент айтты, бітті, үкіметке «автобустарды қытайдан сатып ала бергенше, өз өнімдерімізді жасаңдар!» деген тапсырма берілді. Сол екен, қытай автобусынан да асып түсетін отандық автобустар көшелерде кезіп жүрді. Кереметі сол, есіктер жолаушылар күлсе ашылады, жөтелсе, жабылады. Үкімет тапсырмасы сол, адамдар күліп жүрулері керек екен, бүгінгі жемқорлық, халықтың қаналуы, әділетсіздік, Ресейге жалтақтаушылық, тағы тағылар назардан тыс қалсын деген мақсатта жасалған автобуста отыру өте қауіпті болып шықты. Бір кісінің тырқылдап күлгені! Жүйткіп келе жатқан автобустың есіктері ашыла қалды.
– Күлмеңіз! Жолаушылар құлап кетеді! – деген шопырдың сөзіне пысқырмаған кісінің ішек-сілесі қатты. Жанындағы әйел сұрады:
– Неге күле бересіз?
– Есіме түсіп кетті?
– Немене есіңізге түсіп кетті?
– Моншада мәйкімді ұмытып кетіппін…
Есік алдында тұрған бойжеткен жөтеле қойып еді, есіктер жабыла кетті.
Анау кісі күледі, ашылады, бойжеткен артынша жөтеледі, жабылады. Қысқасы, бойжеткен тұмау болып кетті. Содан не керек, аялдамаға келгенде, түсейін деп, күле бастадым. Жынды адам сияқты. Бірақ, есік ашылмайды. Одан бетер күлдім. Ашылмайды. Жата қалып күлдім. Бір қыздың ерніне жасатқан ботексіне қарап күлдім. Басынан ерні үлкен екен. Есік ашылмайды. Сөйтсем, күлгенде, кюар дей ме, соған қарап күлуім керек екен. Біздің елде осындай жаңалық бар. Халықтың назарын басқа жаққа аудару шеберіміз! Құдай үшін, автобус жүріп бара жатқанда күлмеңіздерші? Ал мен, көшеде езуім жыртылғанша, тырқ-тырқ, жырқ-жырқ күліп келемін!
Мұхтар ШЕРІМ
Фото: anepedia.mobi
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!