БҮГІНГІ САТИРА
(«Ақылды ақымақтар» сатиралық романымнан үзінді)
«Жоқ» деген сөз жаман екен. Мысалы, сізде ештеңе жоқ.
– Көлігіңіз бар ма?
– Жоқ.
– Пәтеріңіз бар ма?
– Жоқ.
– Денсаулығыңыз бар ма?
– Жоқ.
2050 жылы Қазақ елі бұрынғыдан да өркендеді, енді «жоқ» деген сөз «үтіктеліп қалды». Мәселен, елде бюрократия бар ма? Бар болғанда қандай! Жай қызметке тұру үшін: тірі екеніңді дәлелдейтін анықтама, жынысыңды анықтайтын КТ көшірмесі, сотталмағаныңды дәлелдейтін түрме бастығының ұсыныс хаты, жындыханада тіркелмегеніңді растайтын жеті жындының кепілдемесі… Тіпті жуық арада балаңыз үйленетін болса: махаббат министрлігінің алғыс хаты, кардиолог дәрігердің жүрек соғысын анықтайтын электрокардиограммасын (ЭКГ), құшақтауға, сүйісуге ебі барын анықтайтын әкімшіліктен рұқсат қағаз, ажырасып кетпейтінін дәлелдейтін ант квотасын, тағысын-тағыларды талап ететін шығар?
2050 жылы биліктегілердің бәрін «ақылды ақымақтар» деп айды аспанға шығарып, жұлдыздарды жерге шашатын ойымыз жоқ, ақылды ақылдылар да жетерлік. Бірақ оларды тыңдайтын құлақ жоқ. Көбі құлақтарына көбік құйып алғандай. Президент Мәзбай Сазарғанұлы қалай президент болды, өзі тағайындаған Қисықбай Қисайғанұлына аймақтар арасындағы теңсіздікке реформа жасауды тапсырды. Дарын мен Жансерік ҚазақЕлионнан елге жеткенде осындай «ох-ох, ох!» дегізетін, дегізіп қана қоймай, опық жегізетін реформалардың үстінен түсті. Президенттің «бірде-бір өңір артта қалмасын, артта қалған өңірлер алға жылжысын!» деген тапсырмасын үкімет тікесінен-тіке түсініп, аз ғана ақ жағалы ақылдылар ақымақ жобаларды жүзеге асыра бастады.
– Кейбір өңірлердің инфрақұрылымы ескі, — деді үкімет басшысы, – емханалар мен мектеп жетіспейді, тек Алматы мен Астана ғана қарыштап дамыған, өңірлерде жұмыс жоқ…
Сол екен, инфрақұрылымды теңестіру басталды. Алматыдағы көлік кептелістерін Шымкентке, Шымкенттің ескі троллейбустарын – Астанаға, Астананың боранын – Таразға «жіберді». Мына қызықты қараңыз, Таразда қаңтарда басталған қарлы боран шілдеге дейін созылып, халықты қатты әбіржітті. Бір келіншек боранда адасып кетіп, Шудан бір-ақ шыққан ғой. Шошып қалған байғұс көшедегілерден:
– Менің күйеуімді көрдіңіздер ме? — деп сұрайды екен.
Дарын Жансерікке:
– Табиғатқа биліктің бюрократиясы жүрмейді ғой! — деп қынжылды.
Тіпті депутат Шындықбай Айтаров боранды басуға бөлінген үкіметтің қыруар қаржысының желге ұшқанын сынады. Үкіметтің «өңірлерді жылжыту» реформасы тіпті ақымақтық болды. Қисайғанұлының ұсынысымен, президенттің пәрменімен Қазақстан картасы «қайта құрылды». Арнайы комиссия Атырауды – Алматының қасына, Маңғыстауды – Астанаға, Түркістанды – Петропавлға, Шығысты – Ақтауға жақындатып орналастыруды ұсынды. Не үшін дейсіз бе? «Солтүстікке жақындаса – тез дамиды» дейді. «Алматының маңында тұрса – автоматты түрде байиды» екен. Өңірлерді жерімен емес – тұрғындарымен көшіру тіпті қызық болды. Бір ақылды ақымақ министр:
– Қала-қаланы жылжыту қиын, халықты көшірейік, — деп еді, «аймақтық ротация» бағдарламасы жарияланды: Шымкенттің 200 мың тұрғыны – Ақтөбеге, өскемендіктер – Қызылордаға, ақтаулықтар – Таразға, Талдықорған – Павлодарға көшірілді. Не үшін? «Бәрі бірдей өмір сүру үшін» екен. Бір әйел жылап отыр:
– Неге еңіреп отырсыз? — деп сұрады қала әкімі.
– Қалай жыламайын? Күйеуімді Астанаға, өзімді Атырауға, шешемді Қызылордаға, әкемді Ақтауға көшіріп жібердіңіздер ғой!
– Онлайн хабарласып тұрыңыздар, — деп басу айтты қала әкімі.
Бірақ Мәзбай Сазарғанұлының жасы 73-те, ал құжат бойынша 59-да, жүзі 78-дей, сөзі 15-тегі баладай. Желкесі – құйқа, шашы ұйпа-тұйпа. «Халқым!» деп жүріп, тарауға уақыты жоқ! Ал Қисайғанұлының қолынан түспейтін ескі портфелі бар. Портфельдің ішінде бітпейтін қағаздар, қағаздардың ішінде бітпейтін жоспарлар, ал жоспарлардың бәрі – елді теңестіремін деп теңселтіп жіберуі мүмкін иір-иір идеялар. Ол тіпті «Өскемен өнеркәсібі дамып кетіпті – тоқтату керек, өзгелермен теңессін! Шымкентте халық саны артып жатыр – азайту керек, абортқа көңіл бөлінсін! Астана әдемі қала болып барады – бұзылсын! Атырауда мұнай көп – теңестіру үшін бір күн мұнай, бір күн құдыққа құм толтыру керек! Бәрі тең болуы керек! Егер бір облыста ауызсу жоқ болса, онда барлық облыста ауызсу болмайды! Бұл – әділет!» деуден де тайынбайтын шығар…
Мұхтар ШЕРІМ
Фото: anekdot.ru
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!