Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ақылды ақымақтар

21.10.2025, 10:55 147

HALYQLINE.KZ

Бүгінгі  сатира

(Сатиралық романымның прологы)

Біздің елде бәрі ақылды көрінеді. Кейбір министрлер – кандидат, депутаттар – доктор, бастықтар – профессордан кем емес. Тек титықтамай тұрып айтайын дегенім: сол ақылдың бәрі халыққа жұмыс істемейді. Мысалы, жол салуға келгенде – ақылды, бірақ жолдың өзі үш айда жойылып кетеді. Бюджет бөлуге келгенде – ақылды, бірақ соңында ақшаның ізін иісшіл ит те, мияулаған мысық та таба алмайды.

Шенеуніктер кабинетінде философша сөйлейді, ал көшеде бағдаршамға қарап тұрып адасады. Сырт көзге кейбірі сабырлы, парасатты, байыпты – бірақ ойлары бір-бірінен қашқан тауешкілердей. Олар елді дамытамыз дейді. Бірақ дамып жатқаны – тек олардың жеке шоты мен жағымпаздық сезімі. Тіпті кейбірінің керемет ақылды болатыны соншалық, өз өтірігіне өзі сеніп қалады.

Ауыл шаруашылығы министрі – нағыз ақылды адам. Қарбыз сияқты басын жарып жіберсек, данышпандық дәндері төгіле кететіндей… Ол ауыл неге жаңармай келе жатқанын түн ұйқысын төрт бөліп, саунада отырып зерттеді. Ғалымдар жердің тозғанын айтты, экономистер бюджеттің желкесі үзіліп, ауылға жете қоймайтынын мысалға келтірді. Ал министр ойлана келе қолын көкірегіне қойды:

– Мәселе – махаббатта! — деді жымиып, – ауылда сезім қалмады.

Сөйтіп, үкімет қаулысымен жаңа бағдарлама дүниеге келді: «бар жақсылық – ауылдағы махаббатқа!». Бағдарламаға жүз миллион бөлінді. Құжатта былай жазылған: «Сүйісіп тұрған жастардың суреті бар билбордтар орнатылсын. Қыз бен жігіттің құшақтасу күні – мемлекеттік мереке деп жариялансын. Көпірлер мен үйлер жүрек пішінінде қайта салынсын. Бұлттардың формасы да романтикалық стандартқа сай болсын». Министрдің өзі бұлттарға қарап тұрып көзін сығырайтты:

– Анау бұлт жүрекке ұқсамай тұр. Кім жауапты аспанға? Облыс, аудан әкімдері қайда қарап отыр?

Аудан әкімдері жиналып, «махаббат бюджеті» қалай игеріледі деген мәселені талқылады.

– Махаббат деген нәзік дүние ғой, — деді аудан әкімі, – оны сезіну үшін… аздап ішіп алу керек.

– Иә, — деді ауыл әкімі, – ақшаны да нәзік жұмсау керек.

Сөйтіп, олар ақшаны «ерекше махаббатпен» бөлісті: бір бөлігі – өздеріне, бір бөлігі – «сүйіктілеріне», ал қалғаны – «жұмбақ сезімдер қорына». Арада апта өтпей, аудан әкімі кенет өзгеріп кетті. Күн сайын көшеде жүріп, әр қызға қарап:

– Қарындас, сізбен танысуға бола ма? — дейді ұялмастан.

Ауыл әкімі тіпті ұйықтай алмай жүр. Түн ортасында айға қарап күбірлейді: «Мен біреуге ғашықпын… бірақ кімге? Айға ма, әлде бюджеттің өзіне ме?..»

Ал министр болса, теледидардан халыққа күлімдеп үндеу жасады:

– Құрметті отандастар! Еліміздің көптеген ауылында махаббат 80 пайызға артты!

Ауыл көктем сайын гүлденіп, күзге қарай қурап қалуда! Тіпті, әр аудан, облыс бойынша Махаббат инспекциясы құрылды.

Міне, ақылды ақымақтар осылай өмір сүріп жатты. Ары қарай не болады екен? Мәселе махаббатта ғана деймісіз? Мәселе – ақылдылар мен ақымақтарды ажырата алмайтынымызда…

Мұхтар  ШЕРІМ.

Шымкент  қаласы

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: