Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аһ, жылай жаздадым!

16.02.2026, 8:25 37

HALYQLINE.KZ

БҮГІНГІ  САТИРА

Кедейліктің галошын сүйретіп жүргеніме қанша жылдар өтті десеңізші? Әйелім менен рұқсат сұрамастан, о дүниеге кетіп қалған. Аһ, жалғыздықтан жапа шегіп, «Туыстар, қарақшы және миллионерлерді жалға беру» бюросына келдім.

– Маған туыс керек еді, — дедім. Әйел адам бетіме қарап:

– Біз тек қана уақытша туыс болатын адамдарды жалға береміз. Қарақшылар да бар, — деді.

– Өз туыстарым араласпай кетті. Аһ, туыс болатын адам керек еді, — дедім мен.

– Жынысы?

– Әйел.

– Мұрны?

– Біреу.

– Екі мұрын болмайды. Аузы?

– Көп сөйлемейтін.

– Байлығы?

– Орташа.

Әйел ноутбугіне үңіліп, бір келіншектің телефонын берді. Оһ, ақысы қымбат емес екен, төледім. Содан не керек, әлгі әйелге телефон шалып, кездестік. Туысымдай қарсы алды. Туысымдай жылы-жылы сөйлеп, жанашырлық білдіргенде, аһ, еңкілдеп жылап жібердім. Содан екеуіміз апта сайын кездесіп тұрдық. Құдай-ау, «соңғы сәнмен көйлек кигім келеді», «мына арзан сөмкемен жүргім келмейді, аға!», «аға, қарындасыңызға елу мың теңге қарыз бер тұрыңызшы!» деп айта берген соң, онымен келісімшартты бұзып, әлгі бюроға қайта келдім.

– Аһ, жалғызсырадым, — дедім мен.

– Миллионер бай кісі бар, — деді ол.

Аһ, содан не керек, миллионер кісі өзіммен қатарлас болып шықты. Оһ, не деген мәдениетті еді! Туған күніммен құттықтап, «аға, қалыңыз қалай?» деп хабарласып тұрғанда көзімнен сорам ақты. Өз інілерім дәл бұлай хабарласпайтын еді. Қатындарының тілін алып, мені қуаныштарына да шақырмайтын. Жалға алған туысымның аты Мырзабай, ол да қаншама бай болса да, өмірде жалғыз қалыпты. Бір күні:

– Кедей адам мен бай адам туыс бола алмайды екен. Бір танысым солай деді. Саған берейін деп қалған ақшамды қайтар, — деп тұр.

– Қанша берейін деп қалып едің?

– Он мың доллар.

– Берген жоқсың ғой?

– Берейін деп қалғанмын.

Құдайым-ай, миллионерден әрең құтылып, әлгі жалға туыс беретін бюроға қайта келдім. Өкпе-назымды айта келдім.

– Жалғыздықтан жалықтым. Маған прокатқа туыс беріңіз, — дедім.

– Қарақшыдан туысыңыз болсын, көріңіз, — деді әйел.

«Көре салайыншы» деп қарақшының туысы болып шықтым. Қарақшы болса да сөздері майда, күлімсіреп қарсы алды. Күрсініп, жылап жібере жаздадым. Мені ешкім бұлай күлімсіреп қарсы алған емес еді. Содан арада ай өткенде қарақшы туысым үйімді тонап кетті. Ескі киімдерім: туфли, шұлығымды… «Е, мейлі» деп одан кейін жемқор бір министрмен туыс болдым. Ол маған бір ай ғана туыс болып, сырттай қамқорсып жүргенімен, ақырында сотталып кетті. Менің атымнан мемлекеттен екі пәтер алған екен. Өзім де сотталып кете жаздадым. Ақырында бір жалғызбасты ананы жалға алдым. Жаным кіріп қалды. Марқұм анамнан бетер күтіп алады.

– Балам, қарның ашқан жоқ па?

– Балам, қайда жүрсің?

– Балам, сені күтіп отырмын…

Аһ, жылап жібере жаздадым! Анамдай болған ол бір күні қайтыс болып кетті. Қазір жалғызбын, тәңір жарылқасын, менің туысым болыңызшы?

Мұхтар  ШЕРІМ.

Фото: anekdot.ru

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: