Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әкімдер ауысып кете береді…

04.08.2025, 9:00 222

HALYQLINE.KZ

Бүгінгі  сатира

(«Далбаса дөкейлер» сатиралық романымнан үзінді. Авторлық құқы қорғалған)

Ауылда жұмыс жоқ. Өнерге жақындаумын, ән айтатыным бар, сатира да орындаймын. Қайбір жылы аудан әкімі ауылға келбеті келіскен мәдениет үйін салып беруге уәде берген. Іргетасы қаланып жатқанда, шәпкімді көкке лақтырдым. Бекер лақтырыппын. Шәпкім шалқасынан туған айдың шетіне ілініп қалды. «Осы мәдениет үйіне жұмысқа тұратын шығармын» деп жүргенде аудан әкімі басқа жаққа ауысып кетті де, жаңа келген әкім: «Мәдениет үйі неге керек? Ауылға шағын аквапарк салып берейік» деді. Бюджеттен қыруар ақша бөлініп, жұмыс енді қызып келе жатқанда, аудан әкімі ауысып кетті. «Осы жерге жұмысқа тұрамын-ау» деп жүргенде, жүрегім шайлығып қалды. Кеткен әкімнің бастаған ісін жаңа келген әкімнің жалғастырмайтынын, жалғастырса абыройы ат қорада қалатындай болатынын қайдан білейін.

Тағы бір әкім келді. Ол «ауылға мұз айдынын саламыз, құлпыра берсін даламыз!» деп лепірді. Бюджеттен қыруар қаржы бөлінді, бастаған істің шеті көрінді. «Ең болмаса мұз айдынында кәнекей теуіп (конький дегенім) алайыншы» деп жүргенімде аудан әкімі парамен ұсталып, сотталып кетті! Бастаған ісін аяқтаған соң сотталса болады ғой! Кетерінде ауылға келіп кетті, бірақ мұз айдыны еріп кетті. Содан жаңа әкім ауылға 2000 мың орындық «Сарғалдақ Plaza» концерт залын салмақ болды. Сөйтіп атын тарихта қалдырмақ еді. Ал, ауылда бар-жоғы 800 түтін бар. «Е, осы плазаға күзетші болсам да жұмысқа кіремін» деп жүргенде, ғимараттың қабырғалары қаланып жатқанда, аудан әкімі кенеттен қайтыс болып кеткендей, Астанаға ауысып кетті. Ол кетісімен қабырғалар құлап қалды. Кірпіштері ұрланып, тоз-тозы шықты.

Енді мына жаңа келген әкім «ауылға газ кіргіземін, таза су болады» деп отыр, Құдайым-ай, ауылға газ кіріп болған соң барып көшіп кетсе, қызметі өсіп кетсе екен! Құдайым-ай…

Мұхтар  ШЕРІМ

Фото: anekdot.ru

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: