Бүгінгі сатира
«Тик-токтың» түбіне түсіп отырғанмын, әйелім ай-шай жоқ, желпініп, жетіп келді де:
– Мыжбан, мені ұр! – деді.
– Кеше ұрдым ғой? – дедім мен.
– Тағы ұр!
Жынды ма? «Бір себеп керек шығар?» деп ойладым ішімнен. Себепсіз де, жыныма жақпаса, көздерін көгертіп, шашын жалбыратып, өзін қалтыратып, ернін жырып, салбыратып, төпей беретінмін.
– Не үшін? – деп сұрадым мен.
– «Қазақ әдебиеті» газетіне жазылдым.
– Сені жын ұрған шығар? Одан да, казиноға ақша бермедің бе, маған? Ой, әкең… – деп, жыным кеп, қуалап жүріп сабадым. Ұрған сайын рақаттанады. Ұрған сайын, аузына көк ит кіріп, қара-ала ит шығады. Тілі – төрт метр! Еш тартпайды ғой?
Ертеңіне тағы жаныма жетіп келді.
– Ұр! – дейді.
– Не үшін?
– Кеше денемнің қышуы қанбай қалды, мұрнымнан қан тамбай қалды. «Қазақ әдебиеті» газетін, кітаптар оқы!
– Ой сен… О, әкең… – деп құлаштап тұрып, ұрып жібердім. Газет оқығышын! Әй-шай жоқ, ұра бердім. Әйелім талып қалды, енем араласып, жанын алып қалды. Қатирам «тағы ұршы?» деп, жағымнан салып қалды.. «О, әкең…».
– Әй, неге сонша қызығып қалдың, сабауыма? – деп сұрадым мен.
– Сен де қызықсың, газет оқымайсың! – деді ол көңілденіп, – 15 шілдеде отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы заң күшіне енеді. Сол кезден бастап, әйеліне қол көтергендер 295 мың айыппұл арқалайды, енді әйелдер сол заңды қалқалайды! Ауыр зардап келтіргендер 3-8 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылады, қысқасы, арыз бермесе де, есірген еркектердің қолдары қайырылады! Сондықтан, ұрып ал, кейін кеш болады!
О-о, бұл қандай заң? Әйелім болса, өзінше паң, ал менің көңілім шаң…
Мұхтар ШЕРІМ
Карикатура: Евгений Кран.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!