Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әйел деген…

04.08.2023, 9:25 342

HALYQLINE.KZ

Бүгінгі  сатира

Әйел деген қызық халық қой. Қызық кино десек те болады. Өле-өлгенше бітпейтін сериал деп те айтуға болады. Тамағының тұзы ащы болса, «Не деген дәмді еді!» деп өтірік мақтап қоясың. Бетіне айтсаң, бітті, «Тұз арзан, сосын көп саламын!» деп шығады. Тойға баратын болсақ, құдай-ау, мен ерте киініп, жанында күтіп тұрамын. «Гуля, кешігетін болдық қой?» – десем бітті, «Пірімқұл, немене, түк көрмегендей, елден бұрын барсақ, ұят емес пе?» – деген сутегі бомбасындай сөзі дайын тұрады. «Қазір» дегені, бір сағатқа созылады. Әуелі, тоникпен бетін тазалап сүртеді. Бетіне мәңгілік орналасқан қызыл-сары дақтарды арнайы корректорды пайдаланып, бетінің түсін бір келкі етіп алады. Негізінде, әйелім боянбаса да сұлу, спонждың көмегімен макияждың негізгі кремін жаға бастайды. Осымен бітсе мейлі ғой, айна алдына отырып алып, көзінің астындағы күңгірт дақтарға консилер жағады. Менің көзімнің асты албастыдай болса да, боянбаймыз, еркекпіз ғой! Құдая, әйел болып туылмағаныма шүкір. Сосын, ол спонж арқылы бетіне арналған опа жаға бастайды. Құдай-ау, тойға кешігетін болдық! Көз қабығына арналған бояуы бар! Қайықтай қасына жақын болған сайын ақшылдау болу керек екенін де ұмытпайды. Ал, менің туған күнімді ұмытып кете береді. Қарандашпен көзінің үстін сызып жатады бір кезде. Осымен біткен шығар? Той аяқталатын болды! Жоқ, тушьпен кірпіктерін бояйды! Ерінге арналған қарандашпен ернінің шекарасын сызып алады. Сосын, далап жағады. Біткен шығар? Жооқ, бетінің жақ сүйегін көрсету үшін контурды қолданып жатады. Әжімдерін «ұйықтатып» тастау үшін «хайлайтер» қолданады. Ал, сосын тырнақтарын бояуды бастайды. Аяғының да тырнағын бояп қояды. Біреу туфлиін шешіп көретіндей. Осымен біткен шығар? Жооқ, көйлектерін таңдайды, Мойынға, қолтығына әтір себеді. Өйткені, қолтығында улы уран бар. Жатарда противогаз киіп ұйықтап жүрмін… Тойдан, кеш қайтқан соң, төсек салынса да, көзім бақырайып, әйелімді күтіп жатамын. Ол тез жата қоймайды, әңгімелесейін десем. Душқа түсіп болған соң, балтырына арнайы крем жағады, аяғының сояудай тырнақтарын алады. Шашын фенмен кептіреді. Арасында, вацаптағы тобына жауап жазып қояды. Сөйтіп жүргенде, мен пақырың қорылдап, ұйықтап қаламын..

Әйел біткеннің бәрін менің әйелімдей деп ойламаймын, әйеліммен «шутит» етіп, ойнамаймын. Менің кәрі шешемнің үйіне, қара шаңыраққа бара қалсақ, «құры қол бармайық, ұят болады!» деп науат сатып алады. Ал, енемнің үйіне қыдырып барсақ, «Сенің атыңа кір келеді!» деп шешесіне көйлек, мәсі-кебіс, алтын сырға, орамал, торт, мейіз-жаңғақтан үйіп алады. Қаржыландырушы инвестор – мен. Мен әйелімді жамандамаймын. Сол әйелімнің арқасында көгеріп отырмын. Кеше бір ұрып, көзімді көгертіп берген. Менің туыстарым қыдырып келсе, қаңылтыр шайнағандай, қырсығып қалады. Шаймен қайтарады. Өзінің туыстары келгенде, тығып қойғандарын шығарғанда, «мынаны неге көрмегенмін?» деп өзім таң қаламын. Көңілі – көл! Еее, несін айтайын, жасым отыздан асты, менің көңілім – нөл! Отырғаным – опақ, тұрғаным – сопақ, басым – қалтақ, мінезім – жалтақ, жүрегім – қотыр, көңілім – соқыр, сонда да, әйелімді жақсыыы көремін!

Мұхтар  ШЕРІМ

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: