Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Адамшарбақ

02.06.2025, 8:40 131

HALYQLINE.KZ

Бүгінгі сатира

(«Далбаса дөкейлер» сатиралық романымнан үзінді)

Не мені танымайсыңдар ма? Мен ақшаның астында да, үстінде де қалған адаммын. Бір күні кеңесшілерімді шақырып алып:

– Тағы бір жерге үш қабатты вилла салдым. Он бес сотық жерді немен қоршасақ екен? — деп сұрақпен сабаладым.

– Әдемі оюлары бар темір шарбақпен қоршайық… — деді оққағарым.

– Сен өлгенде сонымен қоршаймыз. Болмайды!

Кеңесшілеріме қарадым.

– Шлакоблок…

– Болмайды!

– Күйген кірпіш…

– Кірпішпен басыңа ұрайын ба?

– Мрамормен…

– Мрамормен жалпита салайын ба?

– Енді немен қоршағыңыз келеді? — деп өзімнен сұрады кеңесшімнің бірі.

– Адамшарбақ жасаймыз!

– Қ-қалай?

– Солай! Елде жоқ, елең етерлік жоба! Вилламның он бес сотық жеріне адамдар қаз-қатар тұрып, «шарбақ» болады.

Кеңесшілерім кеңкелес пе деймін, күңкілдесіп, күлге ойнаған балалардай пәтуасыз күлісіп алды.

– Олар күндіз-түні тұра алмайды ғой? — деп сұрады оққағарым.

– Елімізде жұмыссыздар көп. Екі-үш ауысыммен қаз-қатар тұрып, шарбақ болады! Көз алдарыңа елестетіңдер. Мынау менің виллам., Айнала төрт бұрышты болып, жүздеген адам қаз-қатар тұр. Бәрі жігіттер. Араларынан албасты да өте алмайды.

– Есігі темір қақпа бола ма? — деп қалды маналы бері үнсіз тыңдап тұрған досым Ұйқыбас таңдайын тақылдатып.

– Жоқ, «есік» тұсына мини юбка киінген әдемі қыздар тұрады. Менің «Джипім» көрінгеннен, екіге жарылып, «қақпа болып» ашылады да, жабыла қалады. Бәріне мың доллардан айлық төлеймін! Міне, ұлтқа қызмет ету деген!

– Мынауыңыз Гиннестер кітабына жазылатындай екен!

– Керемет идея!

– «Башкатый» адамсыз ғой! — деген қолпаштаулардан кейін оларға жедел тапсырма бердім.

Бір айдан кейін достарымды ертіп, виллама келе жаттым. Әне «пультті» басып қалып едім, қаз-қатар тұрған сұлу қыздар иіліп, екіге жарылды да, «қақпа» ашылды. Қайта жабылды. «Жабылғандары» қандай тамаша, бәрі теріс қарап тұрғандықтан, арт жақтарынан қарап тұрып, әуесің келіп кетеді екен. Достарымның бірі олардың белінен сипалап:

– Жақсы «забор» екен… — деп қояды.

– Нөмірі бірінші миллиардерсіз, Сұлтан мырза! — деп қолымды қысқандар да болды.

– «Қорғаныңыз» класс! Адам шарбағыңыз керемет! Жігіттердің бәрін біркелкі киіндіріпсіз! — деп таңдайлары кеуіп қалғандар да болды.

– Аяқтары талып, іштері пыспайды ма? — деп сұрағандар да болды.

Ақша аяқты талдырмайды! Менікі «жиналмалы» қорған. Әр екі сағат сайын орындықтарға отырыса кетеді! Кеше артқы жақтағы «қорғаным» құлап қалыпты! Шеттерінен мас… Айлық берген едім… Бәрін «бұзып» тастайын десем, қазақпыз ғой, аяймын, жұмыссыздар азайсыншы, ұлтыма қызмет етейінші деймін де… «Қақпа» болып тұрған қыздарға рақмет, «әуенді» қақпа ғой! Әндетіп тұрады. Жарайды, сізге жұмыс керек емес пе? Келіңіз, қақпаның «қоңырауы» болып тұрасыз… Келесіз бе?

Мұхтар  ШЕРІМ,

Шымкент  қаласы

Фото: anekdot.ru

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: