Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Өнегелі өмір өткелдері

17.05.2021, 9:20 537

HALYQLINE.KZ

«Тау алыстаған сайын биіктейді». Біз туған өлке мидай жазықта орналасқан. Десе де, айбат-айбары тау шыңындай еңселі ағаларымыз аз емес. Сондай ағаларымыздың бірі марқұм Әбубәкір Теміров ағамыз болатын.

Әбубәкір Теміров көкеміздің өзі ғұмыр бойы тер төккен туған жерінің топырағын жамылып мәңгі тыныстап жатқанына да біршама жыл өтті. Әйтсе де, елі-халқы арда ұлын ұмытқан жоқ. «Дана Ұлықпан мың жасапты» деседі. Әрине, ұрпағымен. Әбекең мен Маржан анамыздың бауырынан өрбіген перзенттерінің баршасы бұл күнде ат жалын тартып мініп, сан салада қызмет жасап, әулет абыройына, әке есіміне дақ түсірмеуге тырысып бағуда. Әрі жеміссіз де емес.

«Танымал болған жақсы. Алайда көпшіліктің назарында жүретініңді сезіну үлкен жауапкершілік жүктейді» деген бар. Ата-анадан дарыған тағылымды тәрбиені өмір жолында іске асыру …оңайға соқпасы тағы рас.

Өз басым Әбекең ағамызды біршама білуші едім. «Тонның ішкі бауындай» етене араласпасам да сәлеміміз түзу болды. Газет тілшісі ретінде талай жүздесіп, шүйіркелесіп те жүрдім. Бәлкім, менің ауыл баласы екендігімнен шығар, Әбубәкір көкемізбен ауылшаруашылығы бағытында әңгімеміз қатты үйлесім табатын. Жасы әкеммен тұрғылас Әбекең мені ешуақытта қомсынған емес. Әңгіме желісі мал өнімдерін өңдеу жайына ойысқанда ағамыз қатты қынжылатын. Әсіресе, кезінде құны алтынмен тең түйе жүні, қой жүні, мал терісінің ит рәсуа болып, іріп-шіріп жатқанына алаңдайды. Мұндайда Әбекеңнің жан дүниесіндегі ренішін түсінуге тырысасың. Тіпті, көпті көрген білікті маманның күйзелісін іштей қолдайсың. Қыстың қытымыр аязында, жаздың ми қайнатар аптабында тыным көрмейтін малшы ағайынның есіл еңбегі еш кетіп жатса, шаруа жайына қанық дала перзенті қалайша күйінбейді?!.

Өзгеге ұсақ-түйек, ауыл адамына аса маңызды жем-шөп дайындау, мал төлдету, төрт түлік арасында кездесетін түрлі кеселден сақтану, басқа да тақырыптарды қаузаса, ағамыз хас дүлдүлдей дүр сілкінетін. Ғылыми негізге сүйене отырып қызықты деректер келтіргенде еріксіз сүйсінесің. Іштей «осындай көкірегі көмбеге толы аға буынның өмірлік бай тәжірибесін күнделікті тіршілікте пайдаланса ғой, шіркін…» деп ауыр күрсінесің. Бірақ…

Әбубәкір Теміров 1930 жылы Қазалы ауданына қарасты №2 ауылда, бұрынғы Жамбыл атындағы колхозда дүниеге келген. Балалық шағы әлемді шарпыған Ұлы Отан соғысының ауыр жылдарына тұспа-тұс келген біздің кейіпкеріміз де өзге құрдастарындай қол жұмыстың қазанында ерте шыңдалды. «Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін!» деген ұранды құлағына сіңіріп өсті. Сол қасіретті кезеңде елдегі өмірді өрге сүйреген ауылда қалған қарттар мен әйелдер, бала-шаға болғаны тарихтың сарғайған парақтарынан мәлім. Десе де, ауыр бейнетке ешкім қабақ шытпады. Жеңіс туы желбірейтіндігіне бәрі сенді. Сол сенім қарапайым жұрттың намысын жаныды, жігер-күшін селдей тасытты.

Қазалы қаласындағы мал дәрігер-зоотехникалық техникумын бітіргенде Әбекеңнің жасы небары 17-де болатын. Диплом алысымен қызу еңбекке кіріс кетті. Арада тағы жылдар өтті. Ізденуге құштар жас алған білімімен шектелуді жөн санамады. Алматы зоотехникалық-мал дәрігерлік институтына құжат тапсырып, аталмыш білім ордасын ғалым-зоотехник мамандығы бойынша үздік бағаға тамамдады. Бойында жігері жалындаған жас маман институттан кейінгі еңбек жолын Қазалы мал дәрігер-зоотехникалық техникумында мұғалім болып жалғастырды. Кезінде өзі білім нәрімен сусындаған оқу ордасында енді ұстаз ретінде шәкірттер тәрбиеледі.

Білікті де тындырымдылығымен танылған орда бұзар жастағы ұстаз арада уақыт өте Қазалы аудандық ауыл шаруашылығы инспекциясының бас зоотехнигі лауазымына шақырылды. Қанға сіңген пісенттілік, ізденімпаздық, темірдей тәртіпті ұлықтаған дағдысы Теміровтің жұлдызын жандырды. Қызылорда облыстық партия комитетінің ауыл шаруашылығы бөлімінің нұсқаушысы, Жаңақорған ауданы партия комитетінің екінші хатшысы қызметін атқаруы басшылықтың оған деген сенімі тұғын. Бір сәт дерекке көз жүгіртсек.

«Шиелі-Жаңақорған аудандарының қосылуына байланысты Әбубәкір Теміров Шиелі аудандық өндірістік басқармасы бастығының бірінші орынбасары және аудандық партия комитетінің бюро мүшесі болды. 1965-1970 жылдары Қазалы аудандық өндірістік басқармасының бастығы, 1970 жылдан Шиелі ауданы ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 1971-1991 жылдар аралығында Шиелі ауданы Сырдария совхозының директоры, аудандық дайындау кеңсесінің директоры, аудандық жоспарлау комитетінде жұмыс істеп, содан соң жұмыспен қамту орталығының меңгерушісі болып еңбек етті. 1990 жылдан бастап республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер. Осы жылдар аралығында Жаңақорған, Қазалы, Шиелі аудандарында аудандық партия комитеттерінің бюро мүшесі, аудандық партия комитетінің мүшесі, аудандық Кеңесінің депутаты, облыстық партия комитетінің XIII, XIV, XV, XVI, XVII, XVIII, XIX, XX партия конференцияларына делегат болып сайланды. Осы конференцияларда облыстық партия комитетінің мүшесі, мүшелігіне кандидат және тексеру комиссиясының мүшесі болды. Облыстық Кеңеске (2 шақырылым) депутат болып сайланды. Жоғары өндірістік көрсеткіштерге қол жеткізгені үшін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің 5 сессиясына (VІ шақырылым) арнайы шақырылып қатысты. «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордені, көптеген медальдарымен наградталған. КСРО Халық шаруашылығы көрмесіне (ВДНХ) қатысып, қызметтегі қол жеткізген жетістіктері үшін көрменің жоғарғы дәрежелі медалімен, облыстың Құрмет грамотасымен марапатталды. Әбубәкір Теміров 85 жасында өмірден озды» дейді біздегі анықтама.

«Жақсының аты өшпейді» деген осы.

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: