Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Талант десе талант еді

15.12.2022, 10:00 385

Тау халқының «тау алыстаған сайын  биіктей түседі» деген қанатты пікірі бар. Ал, адамдар ше? Алланың пешенесіне жазған ғұмырында өзінің ортасында, қоғамда, таныс-жақындарының санасында есімі ұзақ сақталатын жандар аз емес. Осындайда «Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, өлмейтұғын артында сөз қалдыр­ған» деген ұлағатты сөз есіңе түседі. Біздің бүгінгі әңгімеміздің арқауына айналған марқұм Талант Жалпақбайұлы Нұрмағанбет дәл осындай асыл  азамат  еді.

Бірде кеңшардың  жұмысымен Тәкеңнің алдына барғаным бар. Тала­нт Жалпақбайұлы ол кезде ауыл шаруашылығы өнiмдерiн жабдық­тау және тарату мекемесiнiң дирек­торы қызметін атқаратын еді. Кабинет иесін алғаш рет көруім. Сабыр­лы мінез­ді, сымбатты, әр сөзін нық айтатын адам екен. Менің Қазақ­станның 40 жылдығы атындағы совхоздан екенімді білгенде жылы шыраймен жымиды. Келген шаруам­ды да тиісті адамдарға тапсырып, жылдам бітіріп берді. Кейін Таланттың әкесі Жалпақбай көкеміздің отбасымен біздің ауылда тұрып, қызмет жасағанын, өзінің ауыл мектебінде оқығанын естігенде мені жақын тартудың сырын  түсінгендей  болдым. Сол оқиғадан соң Тәкеңмен қызмет барысында жиі жүздесіп тұрдық. Кабине­тіне кірген сайын ағамыз мені жылы қабылдап, үй ішінің, әке-ананың, ауылдың амандығын сұрап ілтипат  жасайтын.

Бір сәт Талант Жалпақбайұлының өмірдерегін қысқаша шолып шықсақ. Аранды ауылында дүние есігін ашқан Талант орта мектептен соң Қазақ ауылшаруашылық институтын, кейін Мәскеу халық­аралық бизнес және ақпараттық технологиялар университетiн бiтiрген. Алғашқы еңбек жолын Қазалы ауданындағы №86 жылжымалы- механикаландырылған колоннада механик болып бастаған ол осынау іргелі ұжымда өмір мектебінен өтті деуге толық негіз бар. Қазалы ауданындағы көпшілікке есімі жақсы мәлім Самұрат Имандосов басқаратын осынау іргелі ұжымда біздің кейіпкеріміз білікті маман ретінде қалыптасумен қатар кәсіби шеберлігін шыңдап, қоғамдық өмірге де белсене араласуды игерді. Мекеме басшысы Самұрат Жұманұлының темірдей тәртіпті сүйетін дағдысын, талапшыл мінезін бойына сіңіруге тырысты. Атаның қаны, ананың сүтімен дарыған адами қасиетін күнделікті жұмыс барысында тәжірибе жинақтаумен ұштастырды. Уақыт өте Таланттың білікті басшыға ай­налуына ПМК-86 мекемесінде еңбек еткен жылдар да септігін тигізгені басы  ашық  жайт.

Пісенттілігімен көзге ілінген жас жігіт көп ұзамай аталмыш мехколон­нада жөндеу-механикалық шеберханасының меңгерушісі, Қазалы аудандық агроөнеркәсiптiк бiрлес­тiгiнiң жөндеу жұмыстары жөнiндегi жетекші маманы, Қазалы техника­лық жөндеу кәсiпорнының директоры, өндiрiстiк-техникалық «Агросервис» кооперативi төрағасының орынбасары, аудандық «Агроөнер­кәсіптехника» бiрлестiгiнiң бас инженері,  мемлекеттiк  «Арман»  шағын  кәсiпорнының, «Қазалы»  өндiрiс­тiк-коммерциялық орталығының, ауыл шаруашылығы өнiмдерiн жабдықтау және тарату мекемесiнiң және «Қазалы» ЖШС директоры, Қазалы ауданы әкiмi аппаратының шағын кәсiпкерлiктi қолдау жөнiндегi бөлім меңгерушісі, «Қазалы жары­ғы» консорциумының президенті, «Қазалы жарығы» ассоциациясының президенті, «Даймонд-Групп» компаниясының Кызылорда облысы бойынша даму және инвестиция жөнiндегi аймақтық директоры қызметтерін абыроймен  атқарды.

Қоғамның даму үрдісіне сай адамның кәсібі, ортасы да өзгеруі табиғи заңдылық. Совет үкіметі тарап, еліміз егемендікке қол жеткізген алғашқы жылдардағы экономикалық өзгеріс­тер баршаның жадында. Сол тұста Тәкең Қазалыдағы «Ер-Нұр» сауда базарының құрылтайшысы ретінде халықты нарықтық кезеңнің тығырығынан шығару жолында тынымсыз тер төкті. «Кәсіпкер» деген атау қоғам өміріне дендеп ене қоймаған кездің өзінде көпшілікті осынау жаңа саланың қыр-сырын жан-жақты насихаттауға күш салды. Абзал азаматтың төккен тері текке кеткен жоқ. Таланттың нұсқауымен кәсіпкерлік саласына қадам басқан кейбір іскер жандар қазіргі таңда жеке бизнесін жоғары деңгейде дамытып, ел аузында жүр. «Естеліктер ескірмейді» дегенге сүйеніп Талант Нұрмағанбет бауырымыз туралы кезінде дәмдес, қатар жүріп қызметтес болғандардың  пікірін  ортаға  салсақ.

– Талант екеуміз көп жыл дос болдық. Тәкең ол кезде аудандық кәсіпкерлік бөлімін басқарушы еді. Күріш өнімін өңдеу жұмысын жүргізуге көмек жасады. Ол кезде ешбір кәсіпкерде Қытайдың диірмені жоқ болатын. Таланттың қолдауымен мен Қытайдың диірменін орнатып, қауын базадағы қоймасын алып, сол жерден жұмыс істедім. Оған қоса Талант досым мені балық аулау кәсібіне баулыды. 1997 жылы мені, тағы басқа да достарды Қамбаш көліне апарып, жылым тартқызып, бәрімізді балықшы қылып шығарды. 2006 жылы Арал теңізінде өткен тендерге қатыстым. Сонан бері осы кәсіптің нанын жеп келемін. Талант Қазалыда жүргенде екеуміз жиі хабарла­сып тұрдық. Тойымыздан да қалған емес. Талант Алматыға көшкенде жалғызсырап жүрдім. Десе де арамыз суыған емес. Бір-бірімізбен тығыз байланысып тұрдық. Талант десе талант еді, – деп еске алады танымал кәсіпкер Аманбай Ерхатов.

Ал,  облыстық  мәслихат депутаты Ібайдулла  Тілеп  болса  досы туралы:

– Өткенге көз салсам, көп нәрсе еске түседі. Мен айтқалы отыр­ған азамат сонау 1982-90 жылдарда болған. Талант екеуміздің заманымыз бір, жасымыз қарайлас, тез тіл табысып кеттік. Біршама уақыттан соң отбасымызбен араласып тұрдық. Қазіргі таңда сол кезде жақсы сыйласқан азаматтардың біршамасы өмірден өтіп кетті. Алла алдарынан жарылқасын! Келе-келе араласар орта көбейді. Ол тұста небары 25-30 жастамыз. Көбіміз жоғары білімдіміз. Қызмет барысында да өсу бар. Сол достардың арасынан аудан әкімі, аудан прокуроры да шықты. Біз Талант екеуміз болсақ, алдымен ауыл  шаруашылығы  саласында, кейін заманның ағымына сай кәсіпкерлік бағытта еңбек еттік. Қай ата-ана перзенттерін жақсы көрмейді дейсіз? Десе де, Талант марқұмның балаларына деген ықыласы өте ерекше еді. Бәлкім алға қойған мақсаты, ойы болған шығар. Алматыға көше­мін деп шешті. Алланың жазуына не шара. Досымның ғұмыры қысқа болды. Жары Бақытқа, бауыр еті бала­ларына, бауырларына Алла жүрім берсін, – деп тебіренді.

Мақаламызды Малкайдар Дүйсеннің:

– Талант қызметке ерте араласты. Қай салада жүрсе де өзінің білімін, адамгершілігін, адамдармен тез тіл табыса  алатындығын  көрсетіп,  қызметте тез өсті. Еліміз егемендік алған соң коммерциялық жұмыстармен, бизнеспен айналысатын азаматтар көптеп шыға бастады. Ауданымызда алғашқылардың бірі болып, жаңалыққа жаны құмар, білімді, тәжірибесі бар Талант осы жұмыстардың басы-қасында жүрді. Аудан экономикасын көтеруге үлкен үлес қосты. Нарық заманының қиыншылық­тарынан шығу үшін жаңа жұмыс орындарын ашып, адамдарды жұмысқа орналастырып, белсенділік танытты, – деген сөзімен түйіндеуді жөн  көрдік.

Жұмабек  ТАБЫНБАЕВ,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: